Бірінші раунд Энтонидің сәл басымдығымен өтті. Ал, нокдаун алу 5-раундтан басталды. Э. Джошуа 5-раундтың басынан ерекше белсенділік көрсетті. Соққыларын жаудырды. Жәй кетпеді. В. Кличко нокдаун алды. Дегенмен, ол тез тұрып қана қоймай, сол раундтың келесі бір бөлігінде Энтониге джебпен де, апперкотпен де жақсылап жауап берді. 6-раундта тағы нокдаун. Бұл жолы Владимир белгілі джебімен Э. Джошуаны нокдаунға жіберді. Артынша, Владимирдің төпелеуге ұмтылған әрекеті: хукпен, джебпен. Сәтсіз шықты. 11-раунд – екі боксшы үшін де шешуші болды. Энтонидің апперкоты ауыр тигені соншалық, Владимир қатты тәлтіректеп қана қойған жоқ, қатарынан екі нокдаун алып…соңынан техникалық нокаутпен жеңілді.
Ендігі Энтони Джошуа IBF, WBA, IBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы. 28-ге аяқ басқан ол кәсіпқой бокстағы 19 кездесуінің барлығында қарсыластарын ұпай санымен емес, нокаутпен жеңген боксшы. Әзірге. Алдыда WBC чемпионы Деонтей Уайлдер тұр. Ол да мүлде жеңіліп көрмеген. Әрі жеңісі екі есе көп. Әрі бір кездесуінен басқасының барлығын нокаутпен жеңген!
41 жасар Владимир Кличко 69 рет бокстасып, соның 64-інде жеңіске жетіп, 5-еуінде жеңіліске ұшырады. Қарымта кездесуге шыға ма, шықпай ма – әзірге белгісіз. Кәсіпқой бокстағы ағайынды Кличко кезеңі осымен аяқталды деп те жатыр. Бәлкім, солай, мүмкін, қайта кездесіп, жеңіспен аяқтар…
Бірақ, аса ауыр салмақта жаңа кезеңнің басталғаны, ауысу жүріп жатқаны байқалады.
Құрманғали Нұрғалиев
ПІКІРЛЕР