Халықаралық саясатта соңғы жылдарда қым-қиғаштық, күштінің әлсіз, әлсіздеу мемлекетке қысымы қайта артқанда қай елді болмасын өз Тәуелсіздігін сақтауы тіпті ойлантуы тиіс. Отарлықтың оңғаны болмайтынын біздің ел де біледі. Геосаяси орналасуымыз да жауапкершілікті одан сайын арттырады: арқа тұста Ресей, шығыста Қытай, басқа да бізге қатысты саясаты бұлыңғырлау мемлекеттер тұр. Сондықтан еліміздің әскери қуатын қазіргі кезеңдегі талапқа сай етіп ұстау қай кезде де назардан тыс қалмауы тиіс екені артық дәлелді керек етпейді.
Ресей әскери техниканың 99%-ын өзіміз өндіреміз деп кеуде соқса, Қытай қажет кезде 700 миллионнан астам әскер шығара алатынын жариялауда. Одан қалды, Ирак, Сирия секілді елдерді шайқалтқан «Ислам мемлекеті» сияқты террорлық ұйымдар да бүтіндей бір мемлекетті бұза алатынын көрсетті. Бар болғаны 10-12 мыңдай әскерімен. Демек, Отан қорғау күні немесе басқа да мейрамдарда ғана қорғанысқа баса көңіл қою жөн емес деген сөз.
Әрине, бейбіт саясат ұстанған дұрыс. Бірақ, қорғанысыңды қамтамасыз ете алатындай қуат болғаны да жақсы.
Қазақстанның әскери қуаты және көрші елдер
Еліміздің армия сапында 70 000-дай сарбаз болса, соның ішінде: Құрғақтағы күштер қатарында 47000, Әскери-Әуе күштерінде 19000, Әскери-Теңіз күштерінде 3000 сарбаз және офицерлер тапжылмай күзетте тұр делінеді. Мұнан басқа да өздігінен әрекет ететін Аэромобильдік күштер, Қапшағайдағы шабуылдаушы десанттық бригада, “Қазбат” бітімгершілік батальоны және т.б. жасақталған.
Global Firepower атты америкалық компанияның зерттеуіне қарағанда, Қазақстан 126 мемлекеттің ішінде әртүрлі қару-жарақ және әскери техника бойынша төмендегідей орындарда тұр:
- Шабуылдаушы авиация – 20-орын;
- Жойғыш ұшақтар – 22-орын;
- Өздігінен жүретін артиллериялық қондырғы – 23-орын;
- Соққы жасайтын тікұшақтар – 33-орын;
- Танк – 48-орын
Десек те, беделді сол Global Firepower атты америкалық компанияның жалпы рейтингінде Қазақстан 50 елдің қатарына кіре алмай қалды. 66-орында… Әскери қуаты бойынша Жер жүзі елдері ішінде көрші мемлекеттер – Ресей екінші, Қытай үшінші, Өзбекстан елу төртінші, Қырғызстан 78-орында тұр. Батыстағы көршіміз Түркменстан 90-орында болған. Әзірбайжан деңгейі бізден сәл жоғарылау: 63-орын.
Кеңес одағы тұсында Қазақстанда шамамен 50 қорғаныс кәсіпорны жұмыс жасап тұрған екен. Ядролық, химиялық, биологиялық қару жасауға негізделген арнайы орындар болғаны да белгілі.
Украина әлі төтеп бере алмауда, ал біз ше немесе қайта қарулану қауіпсіздік кепілі ме?..
Халқымыздың саны, әрі әскери күш бойынша Украинадан алда емеспіз. Әскери қуаттан әлем елдері арасында 25-орында болған Украина 2014-жылдан бері өзін-өзі мемлекет деп жариялаған (Донецк Халық Республикасы секілді) өз ішіндегі жекелеген аймақтарын ретке келтіре алмай әлекке түсіп отыр. Иә, сол жаққа ірі елдің геосаяси қысымы мен демеуі бар делінеді. Дегенмен олар Украинаның жалпы әлсіз екендігіне көз жеткеннен кейін де солай шайқалтуға тәуекел етсе керек…
SIPRI (Бейбітшілік мәселелерін зерттеу атты халықаралық Стокгольм институты) мәліметінше, 2014-жылы әлем бойынша әскери шығындар 1 трлн 800 млрд. АҚШ доллары болған. Кей жекелеген елдердің соңғы жылдары қайта қарулана бастағаны, әскери күші басым мемлекеттердің басқа елдерге қысымының артып отырғаны айқын байқалады.
Мәселен, АҚШ келесі жылы қорғанысқа $692 миллиард бөлмек. Биыл АҚШ $619 миллиард бөлген болатын. Бұл Қытай мен Ресейдің әскери бюджетін қосқандағыдан үш еседен аса көп! Дегенмен, Ресейдің өткен жылғы әскери бюджеті шамамен 60,82 миллиард АҚШ доллары болған. Бұл Ресейдің бүкіл бюджетінің ширегіндей екен! Мысалы, АҚШ-та бұл көрсеткіш бүкіл бюджетінің 11%-ы… Иә, Ресейдің биылғы әскери бюджеті әжептәуір азайған.
Біздің ел де осалдық танытпауы қажет екенін осыдан-ақ аңғаруға болады…
Сауд Арабиясы да әскери әлеуетін арттыру жолында. Сауд Арабиясы мен АҚШ арасындағы $100 млрд. болатын қару-жарақпен, әскери құрылғылармен қамтамасыз ету туралы биылғы келісімі қазіргі уақытқа ғана арналған көрінеді. Келісімде бір бұл емес, алдағы он жылда бұған қоса 350 млрд. АҚШ доллары болатын қарулармен, әскери құрылғылармен қамтамасыз ету бар делінген eurointegration.com.ua сайтында.
Осыншама орасан көлемдегі қаржыда Сауд Арабиясының қару-жарақпен, әскери құрылғылармен қамтамасыз етуге тырысуын, АҚШ Парсы шығанағы, ондағы Ираннан келер қауіппен, аймақтағы терроризммен байланыстырып отыр. Әрине, бұдан басқа да есеп жоқ деп ешкім айта алмаса керек.
Әскери күші мен әскер саны бойынша ондықтағы елдер…
Әзірге әлем елдері ішінде әскери қуат бойынша алдыңғы ондықта мына елдер тұр: АҚШ, Қытай, Ресей, Үндістан, Ұлыбритания, Франция, Германия, Түркия, Оңтүстік Корея, Жапония. Ал, әлем бойынша әскер санынан ондықтағы елдер төмендегідей:
- Қытай – 2, 183 млн;
- Үндістан – 1, 395 млн;
- АҚШ – 1, 347млн;
- КХДР – 1, 19 млн;
- Ресей – 831 мың;
- Пәкістан – 654 мың;
- Корея Республикасы – 630 мың;
- Иран – 523 мың;
- Вьетнам – 482 мың;
- Египет – 439 мың
Әрине, әскер саны қазіргі кезде елдің әскери қуатының қаншалықты екендігін айқындаушы негізгі өлшем емес. Дегенмен, әлі де өзіндік орны бар.
Осы негізде еліміздің белгілі азаматтарына әскери сала, жалпы қорғанысқа қатысты сауалдар қойған едік.
- Әскери қуат елдің бейбіт өмірінің басты кепілі ме? Мемлекеттің қуатын айқындай ма?
- Еліміз үшін алдағы уақытта әскери қуатты еселеу қаншалықты мүмкін нәрсе? Көрші елдерге бұл қалай әсер етеді деп ойлайсыз?
Жангелді Шымшықов, ҚР Білім және ғылым министрлігі «Экономика институты», Әлеуметтік-экономикалық зерттеулер орталығының директоры:
- «Қандай бір болмасын мемлекет өз әскерін асырай алмаса, өзге елдің әскерін асырауға мәжбүр болады» деген нақыл бар. Ұлттық қауіпсіздіктің қаншалықты екенін аңғару үшін қойылатын түрлі өлшемдер бар. Соның бірі ЖІӨ-нің (Жалпы ішкі өнім) кем дегенде 5%-ы әскери салаға жұмсалуға тиіс деген ұғыммен байланысты. Егер, одан төмен бөлінсе, жағдай қиын болып қала береді. Сондықтан қорғаныс мәселесі кешенді түрде ұлттық қауіпсіздік деген төңіректе қаралуы керек.
- Елбасы мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ететіндей халықаралық келісім-шарттарға қол қойды. Осы тұрғыдан келгенде диванда шалқадан түсіп, ештеңеден қорықпай жата беруге болатын сияқты. Бірақ, 1941-жылы Гитлерлік Германия да, 1994-жылғы Будапешт келісімін былтыр Ресей де өрескел бұзғанын білеміз. Демек, халықаралық келісім-шарттарға сенім шамалы. Сондықтан Қытайға, Ресейге, болмаса қандай да бір мемлекеттің көңіліне қарамай, әскери қуатты еселей беру керек.
Біз табиғи ресурстарға көз қызығатындай бай екеніміз белгілі. Бұл да қорғанысты одан бетер күшейтуге негіз болуы тиіс.
Қорғаныстың тағы бір кілті демографияны жақсартуда жатыр. Халықтың санын көбейтумен тығыз байланысты. Сондықтан «Ұлы көшті» тоқтату – бір үлкен тарихи қате!
Алдан Смайыл, қоғам қайраткері, жазушы:
- Мемлекеттің қуатына, оның ішкі және сыртқы саясатына әсер етеді. Дегенмен, әскери күш сыртқы қауіп-қатерлерден 100% қорғайды дегенге өз басым сенбеймін.
Ең бірінші қорғаныс – тыныштықты, тұрақтылықты бұзбаудың жолын ойлау. Елбасының көпвекторлы саясаты тыныштықты, бейбіт өмірді қорғауға арналған. Сондықтан Батыспен де, Қытаймен де, Ресеймен де тіл табысуымыз – қорғанысымыздың негізгі тірегі.
Салыстырмалы түрде алғанда біздің армиямыз барынша шағын, ықшамбыз ғой. Бұл тұрғыда көптеген елдермен бәсекелесе алмаймыз. Мұны ескерген дұрыс. Әсіресе, Ресей, Қытаймен салыстырғанда…
Халықаралық саяси, әскери келісімшарттар – елдің тыныштығының кепілі.
- Қаруды көбейту арқылы Ресейді, Қытайды басып оза алмаймыз. Әркім өзінің «көрпесіне қарай көсілуі керек» қой.
Қорғанысты күшейту деген, білімді, ғылымды, мәдениетті дамытумен байланысты деп ойлаймын. Осы салаларды дамытсақ, бізбен міндетті түрде санасады. Содан ұтамыз.
Амангелді Айталы, қоғам қайраткері:
- Мемлекеттің басты қауіпсіздігі елдің ішкі бірлігіне байланысты. Егер, елде ұлттық, діни, мәдени бірлік болса, аймақтар бірлікте тұрса ғана әскер қауіпсіздіктің кепілі бола алады. Ал, елдің ішінде жалпы тұтастық болмаса, әскер мемлекеттегі қауіпсіздікті қамтамасыз етеміз дегенде, үлкен жанжал туады. Бір ғана әскери күшпен елдің ішінде қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмаймыз. Ең бастысы, елдің бірлігі ғой.
- Біз Қытай, Ресей сияқты алып мемлекет емеспіз. Сондықтан біз көпвекторлы саясат ұстанамыз. Әрқайсысымен де экономикалық жақсы қарым-қатынаста, басқа да алыс-берісте болу – сыртқы саясатымыздың өте дұрыс бағыты. Жан-жақты қарулануға біздің бюджетіміз де көтермейді. Белгілі бір деңгейде, жағдайда біз басқа бір елге қарсы соғысқа дайындалып жатқан жоқпыз, терроризмге қарсы дайындықтамыз.
Дастан Сәтбай, саясаткер, тарих ғылымының докторы:
- Әскери қуатты болғанды қаламайтын ел жоқ. Әскер қашанда кәсіби болуы қажет. Дегенмен әскердің күштілігі біздің кезеңде елдің күштілігін білдірмейді. Қай елдің халқы білімді, сауатты, мәдениетті болса, сол қоғам тұрақты болып тұр. Мұны ертерек ұғынған елдер де бар.
Әскери күш ел қауіпсіздігінің басты кепілі бола алмайды. Бірақ, бұл әлсіз болу керек деген сөз емес.
- Қазақстанның әскери күшті болуы Қытайға да, Ресейге де онша әсер етпейді. Өйткені, олардың күші бізден еселеп артық.
Әскер көп нәрсені шешпейді. Қазір соғысты бастау – оңай, аяқтау – қиын.
P.S. Әскери қуат елдің бейбіт өмірінің, қауіпсіздігінің басты кепілі емес және мемлекеттің күштілігін айқындайтын негізгі өлшем де бола алмайды. Әрине, өзіндік орны бар. Десек те, халық пен билік бірлікте болса, алдыңғысының ықпалында болып, бақылауында тұрса, азаматтық қоғам нық орнаса, әскери күш деп соны айт… Ал, егер әскери күш диктатордың, тоталитарлық жүйенің күзетшісі болса, қарапайым азаматтарға әлімжеттік танытатын деңгейден аспаса, халыққа келіп-кетер пайдадан зиян көп. Мысалы, әскери күш бойынша Жер жүзі елдері ішінде 36-орында тұрған КХДР-дің (Солтүстік Корея) әскері мен тиісінше техникасы көп жағдайда тоталитарлық жүйесінің күзетшісі қызметін атқарып отыр десек, артық бола қоймас. Ал, зардабын қарапайым халқы тартуда. Өз халқына қоса, әлем елдеріне де зияны тию ықтималдылығы артып отыр. КСРО-да да соған ұқсас болды. Әскери күші тоталитаризмді де күзетті. Сондай әскери қуаты алып болса да мемлекетінің ғұмыры ұзақ болмады. Өзін-өзі қиратты. Соғыссыз-ақ. Себебі, халқын билігі езіп ұстады…
Құрманғали Нұрғали, журналист, экономика магистрі
ПІКІРЛЕР