Корей түбегінен соғыс қаупі сейілер емес

Корей түбегінен соғыс қаупі сейілер емес

Солтүстік Кореяның «құрлықаралық баллистикалық зымыранының сынақтан сәтті өткендігі» әлемдік қауымдастықта наразылық тудырып отырған өткір мәселелердің біріне айналып кетті. Бұған әсіресе АҚШ алаңдаушылық танытып жатыр. Себебі, Пхеньянның «сынақтан сәтті өткен зымырандарының АҚШ-тағы кез-келген нысанды жоя алатындығын» жария еткендігі болса керек. Жақында АҚШ-ның Ұлттық Қауіпсіздік Қызметінің кеңесшісі Герберт Макмастер Корей түбегіндегі ушығып бара жатқан мәселелер төңірегінде тілшілерге сұхбат берді. «Кедей болғанымен ядролық қаруы бар Солтүстік Корея жерінде соғыс қаупі күн санап артып келеді» деді ол. Мұнымен қоса Макмастер мырза, Қытайдан КХДР-ға жеткізілетін жанар-жағар май өнімдері экспортына тыйым салу арқылы зымыран ұшыруға кедергі жасауға болатындығын айтты. БҰҰ қазірге дейін Солтүстік Кореяға «аса ауыр» санкциялар салатындығын ескерткен болса да, олар зымыран сынағын тоқтатқан жоқ. БҰҰ-ның тұрақты кеңесі КХДР-ға бағытталған мұнай өнімдері экспортын 30 пайызға дейін азайту шарасын талқыға салған еді. Бұл іс жүзінде Қытайға жасалып отырған ұсыныс болатын. Ал, Қытай билігі Солтүстік Кореядан көмір импортын азайта бастағанымен де, оларға жанар-жағар май экспортын өзгеріссіз қалдырып келеді.

Қазіргі таңда АҚШ-тың Федералдық қауіпсіздік мекемелері батыс теңіз жағалауы аймақтарына зымыраннан қорғаныс жүйесін орналастыру жөнінде ойластырып жатқан көрінеді. Сонымен қатар АҚШ пен Оңтүстік Кореяның әуе армиясы «бұрын-соңды болмаған әскери жаттығу» өткізген еді. Ал КХДР-ға әмірін жүргізіп келе жатқан Еңбек партиясының органы «Нодон синмун» газеті (Еңбек жаңалықтары) бұл әскери жаттығуларға қарата пікірін білдіріп, «кезекті  біріккен жаттығу, КХДР-ды көпе-көрнеу майданға шақыру, сондықтан ядролық соғыс кез-келген уақытта бұрық ете түсуі мүмкін» деп мәлімдеме жасады.

Өткен қараша айының 3-14 аралығында Азия елдеріне сапар шеккен АҚШ президенті Дональд Трамп, Қытай арқылы КХДР-ды ырыққа көндірудің алғышарттарын жасап қайтқандай көрінген еді. «Тұтас Шығыс Азияның бейбітшілігі үшін, Си Циньпин мырзаның шешуші шаралар атқара алатындығына» сеніп қайтқан Трамп мырза, Бейжіңнің сылбырлығынан мезі бола бастағандай. Қарашаның соңын ала Пхеньянға барған Қытай дипломаты Ким Чен Ынға жолыға алмай қайтты. Бұл сапар туралы Бейжіңнің БАҚ-тары,  «дипломаттың 19- құрылтай туралы түсінідіру жұмыстарымен Пхеньянға барып, Еңбек партиясының лауазымды тұлғаларымен кездесіп қайтқандығын» ғана мәлімдеген еді. Ал,  шетелдік сарапшылар, «оның басқада бұйымтайлары болуы мүмкін, алайда сапар сәтті бола қойған жоқ» деп баға берді. Жұмыр жердің екі бетінде отырып, бір-біріне сес көрсетуден жалықпай тұрған екі елдің араздығы үлкен жанжалға ұласып кете ме деген күдік күн санап өршіп бара жатыр. АҚШ өзінің әлемдегі ықпалын пайдалана отырып, Корей түбегін ырқына бағындырғысы келетінін жасырмайды.

Әлем назарын өзіне аударып отырған бұл мәселе төңірегінде бас қатырып жатқандар: Солтүстік Кореяға, жалпы Ким Чен Ын мен қалай диалогқа келудің, оған халықаралық қысымдар көрсету арқылы ырыққа көндірудің жолдарын қарастыруда. 30 қараша күні Вашингтондағы Кувирсон ғалымдар орталығында «Ресей және КХДР елдеріндегі ядролық қарулар мәселесі» атты халықаралық конференция өткізген. Ресей Қиыр Шығыс университеті, халықаралық қатынастарды зерттеу институтының доценті Артем Лукин мырзаның баяндамасы жиналғандарды ойландырған тәрізді. «Жан-жақтылы экономикалық кедергілер Пхеньянға белгілі деңгейде қысым түсіретіні анық, дегенмен  қиындықтың көбі халыққа тиетінін де ескерген жөн. Керісінше бұл тәсілдер билікке пәлендей әсер ете қоймайды» деген болжамын айтқан. Артем Лукинның айтуынша, Солтүстік Корея энергетика саласында шетелге сүйенуді жыл санап азайтып келе жатқан көрінеді. «Бұған қоса көмірді сұйылту әдісі арқылы да жанармай мәселесін шешіп кету мүмкіндігін жоққа шығармаған жөн», – дейді, Корей түбегі мәселесін зерттеп жүрген сарапшы. Ішкі нарық саласында жеке тұлғалардың белгілі бір деңгейде сауда-саттықпен айналысуына мүмкіндік беріп отырған КХДР билігі, экономика саласында ептеп «қимылдай» бастаған. Корея ұлттық банкінің межелеуі бойынша 2016 жылы Солтүстік Кореяның ішікі жалпы өндірісі 3,9 пайыздық көрсеткішті құраған. Алайда мемлекет билігі «кедейліктің мемлекет тұрақтылығына ықпал етуінен қорықпайтын» көрінеді. КХДР-дың экономика саласында маңызды қызметте болған Ри Жұң Хо, 2014­жылы АҚШ-қа қашып кеткен. Ол биылғы қазан айында тілшілерге берген сұхбатында, Солтүстік Корея экономикасының тым нашар екендігін айтыпты. «КХДР халқы қазіргі күнде ішер асқа да жарымай отыр. БҰҰ-тарапынан салынған санкциялар ол жаққа қаты әсер етіп жатыр. Егер БҰҰ санкцияларды жалғастыра беретін болса, мемлекет қуаты бір жылға жетпей­ақ таусыла ма деп қорқамын, халық қырылып қалуы да ғажап емес. Энергияға мұқтаждығы соншалық, халық жарыққа зәру болып отыр, тек Пхеньянда ғана тәулігіне 3-4 сағат лампа жанады»- депті ол. Қазіргі таңда, Пхеньянды қалай ауыздықтау туралы сан-түрлі пікірлер айтылып жатыр. Біреулері «экономикалық құрсаулар арқылы мақсатқа жетуді айтса, екіншілері оған да күдікпен қарап, өз дәлелдерін ортаға салып жатыр. Оңтүстік Кореяда әскери кеңесші қызметін атқарған подполковник Даниел Давис, АҚШ-тың CNBC телеарнасына берген сұхбатында Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Жапонияны мысалға келтіріпті. «АҚШ-тың жасаған қысымы негізінде Жапонияға тасымалданатын жанармай экспортына мүлде тыйым салынған еді. Жапондар мұны мемлекеттің сақталып қалуы мен жойылып кетуіне саятын аса қатерлі сынақ ретінде қабылдады да, 1941 жылы Перл­Харбор оқиғасы бұрқ ете түсті. Осындай оқиға енді Корей түбегінде туа ма деп қауіптенемін» деген. Осылайша жаһандық қауіпсіздік мәселесі сын-қатерлерге таяп келе жатқан сыңайы бар. Қазірге дейін адамдардың көбі Орта Шығыс елдеріндегі шиеленістен алаңдап келсе, енді әлем назары Азияның шығысына ауа бастады. Барлығының ойы «көзі қарайған там сүзеді» дегендей, «ата жауы АҚШ-қа» долданып алған Ким Чен Ын, оқтаулы тұрған зымырандарының бірінің білтесін тұтандырып жібермесе игі еді деген үрейден арыла алмай отыр.

АҚШ пен Оңтүстік Кореяның бұрын-соңды болмаған әскери жаттығулары кезінде Пхеньяннан қатқыл сөз тағы да естілді. 7­желтоқсан күні КХДР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Орталық ақпарат агенттігіне берген сұхбатында: «ендігі қалғаны соғыстың қай кезде бұрқ ете түсетіні ғана, біз соғысты қаламаймыз. Алайда Солтүстік Кореяның соғыстан тайсалмайтындығын да ашық айтқым келеді», – деп мәлімдеді. Бұған дейінгі тараған ақпараттарда, Солтүстік Корей елі, бұл біріккен жаттығуларға қарата, «АҚШ-тың бізге жасамақ болып отырған шабуылының бастамасы» деген еді. Таяуда БҰҰ бас хатшысының орынбасары Жепли Фиртман КХДР-ға сапарлай барып, Сыртқы істер қызметінің жауаптылары Ры Иоң Хо мен оның орынбасары Пак Миоң Гуктармен шиеленісті жағдайлар туралы кеңес өткізді. Корейлердің таратқан ақпараттарына қарағанда екі жақ белгілі мерзім бойынша келіссөздер жасауға келіскен көрінеді. АҚШ-тың Корей түбегі мәселелері бойынша сарапшысы Женни Тоуын: «Солтүстік Корея келіссөздер жүргізуге қарсы болып отырған жоқ. Алайда АҚШ­тың ядролық қарулардан біржолата бас тарту шартымен олар келіспей отыр» – дейді. Бұл шындыққа жанасатын сөз.

Осылайша күллі дүние көз тігіп отырған Корей түбегіндегі мазасыздықтың қашан аяқталарына ешкім де тиянқты жауап айта алар емес. Соңғы кезде тарап жатқан ақпараттарға қарасақ, АҚШ-тың ұстанымдары аздап жұмсарғандығын аңғаруға болатындай. Дональд Трамп 15­-желтоқсанда: «Корей түбегіндегі шиеленістердің қалай дамитындығына назар салып отырмыз. Біз оларға көмектескіміз де келеді. Бұған көптеген елдер қолдау білдіреді деп ойлаймын. Алдағы күндерде шешімі болар деген үмітіміз де жоқ емес» деп мәлімдеді. 14 желтоқсанда Путинмен телефон арқылы сөйлескен Трамп, 15 желтоқсанда тілшілерді қабылдағанда, Ресей басшысымен болған әңгімесінің өте мағыналы өрбігенін жеткізіпті. «Біз Солтүстік Корея мәселесін реттеуде Ресейдің көмектескенін қалаймыз. Қытай елі бұл жағында нақты қимылдарға көше бастады. Ал, Ресей әлі араласа қойған жоқ, бұл өте маңызды»- депті Ақ үй басшысы. Ал, Ресей араағайындыққа жүре ме, ол үшін АҚШ тарапынан салынып жатқан санкцияларда өзгерістер бола ма, жоқ па, барлығы алдағы уақытта белгілі болмақ.

Ал, КХДР-дың да мақсаты «өздері жоспарлап отырған, ең дамыған ядролық қаруларды жасап шығару нысанасына жеткеннен кейін ғана кімдермен болса да келіссөз үстеліне отыруға» әзір болмақ. Сондықтан алдағы жерде зымыран сынақтары мүлде тоқтатылады деуге әлі ертерек секілді.

 Ерғазы Сейтқали, саяси сарапшы

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0