Бала күнімде ауылда көп жыл әкім болған Ақберді Исаев деген рулас атамыз, тіпті біздің облыстың атынан депутатта болған беделді кісі өмір сүрді. 1996 жылы зейнеткерлікке шыққан Ақберді ата екі ай бойы төсек тартып ауырып қалған соң, менің әкем інісі ретінде көңілін сұрауға барыпты. Үйінде туған-туыстары мен ағайындары ортасында төсекте жатыр екен.
Әкем амандасып болған соң, денсаулығыңыз жақсы ма аға деп сұрағанда: «Несін айтасың Кеңес, Құдайдың өзінің маған күші жетпей жатыр» – деп күледі. Қасындағылар да жағымпазданып тарқылдап күлген екен, сонда әкем «Ақа, олай демеңіз, әлі Алла жазса жазылып кетесіз?» -деп жарты сағаттай әңгімелесіп отырып, үйінен шығып кеткен. Содан Ақберді атамыз сол түні таңға дейін жетпей, бұл дүниемен қоштасыпты.
1912 жылы әлемге әйгілі өз заманның алып кемесі Титаникты жасаған «Харленд энд Вулф» компаниясының инженері мен сол кеменің капитаны Эдвард Смиттен тілшілер: «Мына кемеңіз қаншалықты қауіпсіз?» деп сұрапты. Сонда: «Адамзаттың тарихында мұндай кеме бұрын-соңды болмаған, сондықтан бұл кемені батыруға, тіпті Құдайдың да күші жетпейді»- деген екен. Сол Титаниктың не болғанынан бүкіл әлем хабардар.
2008 жылы Алматыда Кеңес Одағының екі дүркін батыры Талғат Бигелдиновтен сұхбат алғанымда ол кісі маған: «Мен cоғыста немістердің ұшақтарымен қабаттасып 305 рет ұшақпен көкке көтерілдім, әрбір көтерілгенімде әкемнің маған үйреткен Құран сүрелерін дауыстап айтатынмын». Бір мезет Құдайды естен шығарған емеспін, “Ля Иллаһу Иллаллаһ Мухаммаду Расул Аллаһ” деп жүремін ішімнен деген еді жарықтық!
1962 жылы 3 тамызда әлемге танымал актриса, әнші 36 жасқа келген Мэрилин Монро: «Менің танымалдылығым соншалықты, тіпті Иссус Христос түгілі, Құдайдың өзі маған керек емес» депті. Екі күннен кейін қонақүйдің бірінен Мэрилиннің мәйіті табылған.
Төрткүл дүние танитын бокс королы Мұхаммед Әли 61 рет шаршы алаңға шыққан, соның 56сында жеңген. Сол жеңістердің бәрінде намаз үстінде қарсыласын жеңуін бір Алладан жалбарынып сұрағанын қайтыс болар алдында 2016-жылы мойындаған.
Осындай мысалдар мыңдап саналады. Сондықтан мұсылман қауымы үшін, әсіресе қазақ халқы үшін киелі де қасиетті болып саналатын Ислам дініндегі Шариғатты ұстап, ата-бабаларымыз ұстанған жолымен жүрсек, еш қателеспейміз. Арзымаған атақ пен байлыққа немесе лауазым мен мансапқа бола, құдіреті күшті Алланы естен шығарып қойып жатқан жайымыз бар.
Жуырда Семейлік ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлының «Бесінші маусым жұпары» атты кітабы жарық көрді. Сол кітап туралы Маралтай Райымбекұлы Ыбыраев «Аспаннан бесінші кітап түсті» деп Айды аспаннан бір-ақ шығарыпты! Ұят емес пе?! Осылай пікір айтуға бола ма екен.
Қазақта«Бір жері ауырмаған адамның Құдаймен ісі жоқ» немесе «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген бар. Жүрегінде иманы жоқ пенде, кез келген жерде білгенін істейтінін Құдайдың құтты күні телеарнадан немесе әлеуметтік желілерден көріп және естіп жатырмыз. Өйткені, Құдайдан қорықпаған адам сан-алуан түрлі жауыздыққа баратынын бабалар білген. Сондықтан ондай адамнан сақ болуға шақырған.
Алланың сыйы деп білем, сөздің құдірет жүйесі,
Он сегіз мың ғаламның бір Алла болар иесі.
Тәуекелге бел бусаң, Алланың болар киесі,
Кеудеміздегі жанымыз Жаратқанға тиесі—деп Балқы Базар айтқанынан сабақ алмаймыз.
Бұқар жырау болса «Бірінші тілек тілеңіз, бір Аллаға жазбасқа» десе, Хакім Абай: «Алланың сөзі де рас, өзі де рас, рас сөз ешқашан жалған болмас» деген. Керемет шайыр Әбубәкір Кердері Шоқанұлы болса, «Бисмилласыз басталған істің ақыры қайыр болмайды» деген. Кез келген ата-бабамыздың сөз тіркестерін оқып отырсаң, Аллаға бас иіп, оразасын ұстап, бес уақыт намазын тастамағанына көз жеткіземіз. Ал біз болсақ, жаһандану дейміз немесе заман дейміз, әйтеуір бір сылтау тауып қашқалақтаймыз.
Жұмамұрат Шәмші, тарих ғылымдарының кандидаты
ПІКІРЛЕР