Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні!

 Наурыз – бес мың жылдан астам уақыт тойланып келе жатқан көктемгі жаңару мерекесі. Жер бетінің көңілді кейіпке еніп, табиғаттың жасаратын шағы адамзатқа ерекше қуаныш сыйлайтыны сөзсіз.  1988 жылдан бері елімізде ресми түрде тойланатын бұл күн  –  ырыс пен ынтымақтың, бірліктің, ақ пейіл мен татулықтың мерекесі.

Астанада қаласындағы №51 мектеп-гимназиясының ұжымы Ұлыстың Ұлы күнін кең көлемде тойлады. ҚР Президентінің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасында көзделген негізгі мақсаттарға қол жеткізу және Наурыз мейрамының сан ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық құндылықтарын, қазақ халқының салт-дәстүрін кеңінен насихаттау және еліміздегі этностардың мәдени келбетін танытатын халықтық мұраларға мән беру мақсатында өткізілген шараға мектеп әкімшілігі, білім ошағындағы  ұстаздар қауымы, ата-аналар, 2700 оқушы және ұлттық мейрамға арнайы шақырылған қонақтар қатысты.

Мерекелік шараны салтанатты түрде түрде ашып, сөз сөйлеген №51 мектеп-гимназиясының директоры Күнімхан Дүйсенова жиналған барша жұртты көктемнің шуақты мерекесімен құттықтап, Наурыз мейрамының мәні мен маңызына тоқталып өтті. Сондай-ақ, Күнімхан ханым жиналғандарға алғысын білдіріп, ақ тілегін айтты. Айтулы күнге құрметті мейман ретінде шақырылған «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы, Діни басқарма және Білім басқармасы өкілдері де арнайы сөз алып, жұртшылыққа жылы лебізін арнады.

Көктем шуағы молынан төгілген бұл күнді асыға күткен мектеп ұжымы мейрамға айрықша дайындалған. Киіз үйлер тігілген алаңға кіргеннен қазақылықтың исі аңқиды. Шараға оқушылар ғана емес, ұстаздар мен ата-аналар да белсене қатысты. «М.Шоқай» ауылы мен «Билер» ауылының ұлттық салт-дәстүрімізге негізделген сахналық қойылымдары көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Ал, өнерлі оқушылар мың бұрала билеп, әсем әндер шырқаса, спортқа бейім жасөспірімдер асық атып, арқан тартты. Ұлттық әдет-ғұрып пен салт-дәстүрімізді жас жеткіншектердің санасына сіңіру мақсатында бесікке салу, тұсау кесу, балаға ат қою рәсімдері көрсетілді. Мерекеге сән беріп, шырайын келтірген кимешек киген әжелердің жүзіндегі жылулық пен көзіндегі мейірімді айтпай кетуге болмас. Әуелеген ән кернеп, күмбірлеген күй шертілген алаңда ақ жаулықты аналарымыз жас буынға ата дәстүрімізге сый құрметпен қарау керектігін түсіндірді. Мерекелік шарада он саусағынан өнер тамған оқушылардың еңбегін де тамашаладық. Ұлттық қолөнер бұйымдары қойылған көрмеде  ұршық, кілем, алаша секілді ұлттық болмысымызды айшықтай түсетін дүниелер бар.

Бес сағатқа созылған кеш соңында ұлттық және спорттық ойындарда жеңіске жеткен оқушылар, салт-дәстүрімізді жоғары деңгейде көрсете білген сыныптар мен оқушылар, ұстаздар және  ата-аналар марапатталды. Бір-біріне ақ тілегін айтып,  мәз-мейрам болған жұрт мектеп оқушылары дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалап, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.

Эльмира ОРАЛБАЕВА, ҚР Журналистер Одағының мүшесі

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0