Ділмұхамед Мінуарбекұлы: «DALATEX» деген атау – қазақтың даласында да жұмыс істейді, өнім шығады деген ниетпен қойылды

Ділмұхамед Мінуарбекұлы: «DALATEX» деген атау – қазақтың даласында да жұмыс істейді, өнім шығады деген ниетпен қойылды

Жеңіл өнеркәсіпті тиісінше дамыту – қай ел үшін болсын маңызды әрі қатардан қалмағандығын, дамығандығын көрсететін бір көрсеткіш. Өкінішке қарай, Қазақстан шетелдік жеңіл өнеркәсіп өнімдеріне де әжептәуір тәуелді елдердің қатарынан шыға алмай тұр.

Тіпті рыногымыз шағын, шикізат жеткілікті, климат та қолайлы болғанның өзінде де жағдай жақсы деуге келмейді.

 Осы жағынан алғанда бізге сұхбат берген кәсіпкер, көйлектің түр-­түрін шығарып отырған Ділмұхамед Мінуарбекұлы Абызов мырзаның айналысып отырған кәсібі – стратегиялық маңызды іс… Патриоттықтың бір көрінісі. Ел тұрғындарының көбісі шетелдік арзан да қымбат тауарды назарға алып, көңілі соған ауған тұста айналысуы –  үлкен жүрек пен қажырлы қайратты қажет етеді.

 Ділмұхамед Мінуарбекұлымен әңгіме тауарды өткізу үшін облыстарды аралап, түрлі өткелдерден өткен кездерінен басталып, әрі қарай өрби берді… 

– Сыртқы рынокқа шығып жатыр ма?

– Сыртқа рынокқа шығып жатыр. Бірақ, әлі де ауыз толтырып айтатындай емес.

– Фабрикада неше адам жұмыс істеп жатыр?

– Қазір қырыққа жақын адам жұмыс істейді.

– Тұрақты түрде ғой, иә?

– Иә, тұрақты түрде.

– Орташа жалақы деңгейі туралы не айтасыз?

– Қазір шығарған өніміне қарай жалақыны белгілейтін болдық. Соған сәйкес жәй істейтіндердің жалақысы 60мыңның жобасында шығады. Жалпы орташа жалақы 70-75мыңның маңайында.

– Қызылордада қандай бағадағы көйлектер көбірек не аздау өтеді екен? Саралап көрдіңіздер ме? Соған сәйкес, өтімді бағадағы тауардың санын арттырып деген секілді…

Қытай тауарлары адамның ойын кәдімгідей өзгертіп тастаған. Мысалы, жағаңыз 41 болса, 50ші өлшемге сәйкес келуі керек. Ал, олар дене жағын (қытайлықтар – Қ.Н.) 46ншы өлшемге келетіндей етіп тастаған. Базардағылар соны дұрыс деп қабылдайды: слим фит деп. Олар осылай үнемдейді. Осылайша, бағасын да түсіреді. Біз болсақ, 50-өлшемге соған сай жағаны ыңғайластырып қоямыз.

Өкінішке орай, бағасын түсіре алмаймыз. Сапаны түсіргіміз келмейді. Сонда да, қытайлық тауардан біздікі қымбаттау болғанымен, түркиялық көйлектен арзан. Бірақ, Түркияның сапасымен бірдей. Себебі, матасы да Түркиядан әкелінеді. Тіпті кейбіріне қарасақ, біздің тауарлардың сапасы жақсырақ. Өйткені, біз қолданатын жіп қымбаттау. Мысалы, олар (Түркия – Қ.Н.) синтетикалық матаға қымбат жіп қолданбайды. Мен айтамын: қолдана салыңдар, сапаны дұрыстайық деп. Олар түймеден де үнемдейді. Ал, біз түймесі әдемілеу, қалыңдау болсын дейміз.

Қызылорданы есептеген жоқпыз. Себебі, сатылым аздау. Біз Алматыда, Шымкентте көбірек сатамыз.

– Ал, жалпы Қазақстан рыногында қандай бағалардағы көйлектеріңіз көбірек өтеді? 

– Бізде орташа бағада сатылады. 6-6,5 мыңның көлемі.

– Сонда сіздердің тауарлардың ішінде ең көп сұраныстағысы 6-6,5 мыңның көлеміндегі көйлектер ме?

– Иә, ең көп сұраныста сол бағадағылар.

– Өндірушілерге қатысты субсидия туралы не айтасыз? 

– Елімізде «Қазэкспорт» АҚ-­ы бар. Бұл қазақстандық экспорттаушылардың шетелде жалға алған сауда орындарының, кеңселерінің 50% шығынын өтейді. Түркияда – 70%.

Ресей болса, ішкі рыноктағы өз өндірушілеріне де субсидия береді. 30-40% шамасы болуы керек.

Біздің де ішкі нарыққа субсидия керек дейін десем, алаяқтықпен мұны пайдаланып кетушілер көп болады. Нағыз қажет еткен адамға келмейді. Сондықтан да ондай бағдарламаны қолдамаймын.

– Тұтынушылардың отандық тауарға деген көзқарасы қандай екен?

– Кейбір адамдар жақтыра бермейді. Патриоттықпен алатындар да бар. Жақтырмайтындар түсінуі керек:  КСРО құлағаннан бергі ширек ғасырда енді тіктеліп келе жатқан өндірісті…

Жат нәрсе бізге жақындау көрінеді. Бізде сондай кемшілік бар.

– Галстук те шығарасыздар ма?

– Галстукті шығару оңай. Аса қиындығы жоқ. Бірақ, біз шығармаймыз. Бөлек машина алу қажет. Басқа да жұмысы бар: матасын іздеу, сосын көп көлемде шығару, сату.

– Көйлектің өзіне орташа есеппен қазақстандықтар қанша ақшасын жұмсайды екен? Есептеп, осының түген пайызын алсақ деген секілді маркетингтік зерттеу жүргізіп, жоспар қойдыңыздар ма?

– Жоқ, есептелмеді. Ондай жоспар қойған жоқпыз. Өзбектен қалып қойдық деген намыстан, талпыныстан шықты.

– «Dalatex»» атауы қайдан туды?

– Жер комиссиясында бір ағаларымыздың: қазақ жалқау, жұмыс істемейді деп айтқаны бар. Сол сөз қатты тиді. «Dalatex» деген атау – қазақтың даласында да жұмыс істейді, өнім шығады деген ниетпен қойылды. Жұмыс істеп келе жатырмыз…

– Шымкенттік мақта жарай ма?

– Жарамайды. Біздің мақтаның селекциялық жағынан мәселесі бар. Өте нашар сападағы мақта. Трикотаж ғана шығады. Мұның да сапасы төмендеуін ғана шығара алады.

Матаны шығару үшін қылдары ұзын мақта керек. Оңтүстік Америка, Мысыр сұрыптарындай. Бізде селекциялық, агрономиялық жұмыс жасалу қажет. Ал, соған тиісті институттар болса, жабылып қалды. Тұқым да шығарылмайды. Бұл да сырттан әкелінеді. Осындай мәселелер бар.

– Сонда бұл кешенді мәселе болып тұр ғой…

– Иә, кешенді мәселе болып тұр.

– Сіздікіндей 40 адамдық фабрика ашса, неше жылдан кейін шығындарды жабады? Қай уақыттан соң кіріс кіре бастайды?

– Үш жылдан кейін. Жоқ, үш жылға дейін ақша сала береміз. Сосын жәймен пайда түсе бастап, шығын да жабыла береді. Әйтпесе, бәрі ашатын еді ғой.

– Алда қандай жоспарлар бар?

– Өзіміздің дүкендерді ашамыз. Бренд дүкендер. Мұны облыстардан бастаймыз.

– Астанада бір жерде ғана ма?

– Иә, бір жерде ғана бар.

– Қызылордада сіздердің көйлекті той жоралғысына алатындар бар ма?

– Біздікі тойға қымбат қой.

– 6-6,5 мың теңгеліктен…

– Иә, аздап бар.

Сұхбатыңызға рахмет! Абыройлы, табысты болыңыз!

 Әңгімелескен: Құрманғали Нұрғали

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0