Қытай елі үлкен дағдарыстардың алдында тұр

Қытай елі үлкен дағдарыстардың алдында тұр

Шілде айының алдыңғы жартысында әлем назары Қытай басшысы Си Циньпинге ауды. Шетелдерде тұрып жатқан қытай саясаткерлері мен ҚХР мәселесіне жіті назар салатын қытайтанушылардың дені, Қытай БАҚ-тарын кірпік қақпай бақылаумен болды. Жұрттың алаңдауына негіз болған себептердің негізі мында еді. Қытай компартиясының органы болып табылатын елдегі бас басылым «Халық газетінің» 4 шілде күнгі нөмірінде төраға туралы ешқандай жазба жарияланбаған екен. Көзіқарақты адамдар, «газет неге тәсбісінен жаңылды» деп, дал болып отырғанда 15 шілде күнгі нөмердің де бас беті «басшысыз» басылып шығыпты. Онымен қоймай телеарналар да бірер күн бойы төрағаны дәріптеуін доғара тұрған. 2013 жылы Си Циньпин билік басына келгеннен бері, мемлекет басшысын дәріптеуден бір тынбаған БАҚ-тардан байқалған бұл «тосын құбылысты» әркім әртүрлі жори бастады. АҚШ-тағы қытайтілді БАҚ-тарда «экс-төрағалар мен партияның жоғары дәрежелі басшыларына Сидың жүргізіп жатқан саясаты ұнамай қалыпты, алдағы жерде мерзімінен бұрын сайлау өтуі мүмкін» деген болжамдар айтылса, әлеуметтік желілерде «Бейжіңде кландар арасында атыс болыпты, қазір тұтас армия сақтық күйіне өткен көрінеді», «Бейжіңде саяси өзгеріс болды» деген дақпырттар желдей есіп кетті. Мұндай сыбыстардың шығуы да тегін емес еді.

Си Циньпин билік басына келген  5 жылда, Қытай елінде бірнеше түрлі саяси науқандар жүргізілген болатын. Қоғамның барлық саласына жайылып кеткен жемқорлықты ауыздықтау үшін «жолбарысты да шыбынды да қатар соғу» дейтін ұран тастаған Си төраға, 2013-2017 жылдар аралығында астанадан ауылдарға дейінгі әр дәрежелі әкімшілік құрылымдардағы парақорлықпен айналысқан мемлекет қызметкерлерінен 1500000 адамды жазаға тартыпты. Бұлардың алды атылып, жеңіл дегендері жылға кесілген. Кейбір сарапшылар «Си Циньпин бұл науқанды жүргізу арқылы өзінің саяси қарсыластарының барлығының көзін құртып тынғанын» айтады. Бір қызығы, парақорларға аяусыз соққы беріп халықтың қолдауына ие болған көсемге соңғы кезде жұрт сеніңкіремей қалды. Себебі, өз жақындары мен «қызылдардың екінші ұрпағы» аталатын, бұрын партия басында лауазымды қызметте болғандардың ұл-қыздарының шіріген байлықтарына ешқандай тексерулер болмаған екен. Халықтың көңіліне тиген екінші бір жағдай, қытайлардың өз жерінде «келісмек» атануы еді. 2017 жылдың желтоқсан айында Бейжің қалалық ішкі істер мекемесі, шаһарды «келімсектерден» тазарту үшін полиция мен қарулы жасақ күштерін жұмылдырып, қала маңында лашықтарын қалқайтып, ұсақ-түйек сауда жасап, жалданбалы жұмыстармен жандарын бағып отырған неше жүз мың қытайды бір түнде көшеге қуып шығып, баспаналарын сүріп тастаған болатын. Дақпырты біраз жерге кеткен бұл оқиға туралы Си төраға әлі күнге ауыз ашпаған екен.

Сидың елдегі жүргізген парақорлармен күресіне, талай көкжал азуын басып отырғаны аздай, «Бейжіңді тазарту барысында», бұқараның мүддесін белден басуы, оның «мемлекеттегі зор беделіне» селкеу түсіре бастаған сыңайлы. Шыңжаңда жүргізіп жатқан қатаң режимдегі шаралардың дауылы неше миллион адамды шарпыса, ендігіде исламмен болған күрестің бағыты иудей, католик, праовславие сеніміндегі адамдарды қудалауға ұласты. Бұған қоса, діни сенімдеріне берік тибеттерді де қатаң бақылауға алуды жалғастырып жатыр.

Елде жеке басқа табынушылықтың өршігені соншалық барлық жерге Си Циньпинның суреттері ілінген. Мұндай үрдіс Мао кезіндегіден де асып кетті деседі қытайтанушылар. 2013 жылдан бері қарай Си Циньпинның аузынан шыққан әрбір сөз «Си төрағаның алтындай сөздері» деген атпен кеңінен насихатталып келген болатын. Кейбір асыра сілтеушілер Си мен оның әйелінің махаббатын «махаббаттың нағыз символы» ретінде жырлауға көшкен. 2015 жылы Си Циньпин бір сөзінде, елдегі туристік орындардағы әжетханалардың сапасы сын көтермейтінін айтыпты. Осыдан кейін бүкіл елді шарпыған «әжетхана төңкерісі» басталып кетеді. Екі жылдың көлемінде төрағаның нұсқауын жүзеге асыруды көздеген әкім-қаралар мемлекет қазынасынан 21 млрд юань (мөлшермен 3,5 млрд доллар) жұмсап, бүкіл ел бойынша 68000 әжетхананы жаңадан салдырған екен.

Си реформаларының ішінде «бір белдеу бір жол» бастамасы да өз халқынан қолдау таппаған жоба есептеледі. Демократия белгілі деңгейде сақталып отырған Гонконг, Макао қалаларынан таралатын басылымдар бұл бастаманы, «өз халқы жарымай отырып, мемлекет қаржысын шетелге ысырап ету» деп баға берген. Қазіргі таңда, мемлекет саясатының 2013 жылдан бері қарай Мао заманына ұқсап бара жатқанына наразылық білдіретіндер көбейіп кетті. Аз ұлттар жиі қоныстанған өңірлердегі толқулардың барлығы қарулы күшпен бастырылып отырғанымен ішкі Қытайдағы халықтың қарсылығы, күн санап әр түкпірден көрніс бере бастады. Соның бір мысалы өткен мамыр­маусым айларында бірнеше қалаларда орын алған запастағы әскерлердің ереуілдері еді. Бұлардың барлығын дер кезінде басқанымен, қарсылық тоқтаған жоқ. Соңғы кезде қатты аңыс қозғаған тағы бір оқиға «Си Циньпинның суретіне сия шашып кетудің» жалпыласып бара жатқандығы болып тұр. Ең әуелі 4 шілде күні Шанхай қаласында, әлдебір жас қыздың, көсемнің суретінің алдында тұрып өзінің оған деген қарсылық пікірін айқайлап айтып болғасын, қолындағы құты толы сияны шашып жіберген видосы әлеуметтік желілерде таралып кетті. Неше күн өтпей жүйке аурулары емханасына жөнелтілген қыздың тағдыры қазірше белгісіз күйде. Алайда, бұл оқиға ел ішіне тез жайылып, көрнекі орындарға ілінген Си Циньпинның портретін былғап кету жиілеп кеткен. Бұған қарата полиция жасақтары көшеде күдік туғызатын адамдардың қолындағы сумкаларын ашып тексерумен айналысып жүр. Соның нәтижесінде Си төрағаның суреттерін көрнекі орындарға қою бәсеңдеп, кейбіреулері құпия бұйрықпен қайтадан алынып жатыр. Сонымен қатар әжетханалардың ішіне маркермен өшпестей етіп жазылған «компартияны аударып тастауды» меңзейтін үндеулер көбейіп кеткен.

«Жалпы Си Циньпин билік басына келгелі жолға қойған реформаларының соңы мемлекеттің қаржысын желге ұшырумен аяқталып жатыр» дейді Гонконг саясаткерлері. Бұған қоса 2018 жылдың наурызында өткен Бүкілқытайлық халық өкілдері құрылтайында, Си Циньпинның ықпалымен қабылданған «конституцияға енгізілген өзгерістер» де қытайларды алаңдатып отыр. «Мемлекет басшысы екі кезектен артық билікте отырмайды» деген жері алынып тасталған заңның тармағы, Си Циньпинды «императорға» айналдыруға қызмет ете ме деп күдіктенетіндердің қатары қалың.

Жоғарыда сөз етілген қыруар қаржыны ысырап еткен саяси науқандардың бір мысалын Шыңжаң өлкесінен көруге болады. 2009 жылдан бері қарай аймақтағы этникалық ұйғырларға қарсы бағытталған қатаң режимдегі бақылау жұмыстары үшін қанша қаражаттың жұмсалғанын болжау қиын. Сепаратизм, экстремизм, терроризм сынды «үш түрлі күшпен күрес», 2017 жылы тіпті де қатая түсті. Қала, кент атаулының барлығында әскери түс жарияланып, жылжылмалы полиция бекеттері көптеп салына бастады. Көше бойынан бастап әжетхана ауыздарына дейін бейне бақылау жүйесі тартылып, тексеру аппараттары қойылды. Бір ауданды осындай құрылғылармен жабдықтау үшін миллиардтаған юаньдар жұмсалды. Нәтижесінде Шыңжаңның жергілікті үкіметі қазынадан тарыға бастаған. Кейбір айматқтарда мұғалімдерге қатарынан бірнеше ай бойы жалақы тарата алмау жағдайы жүз беріпті. Бұл ішкі экономикалық өсімге айтарлықтай әсер еткенімен, жалған көрсеткіштермен төменгі жақ жоғарғы жақты алдайтын «қытай дәстүрін ұстанған» статистикалық мекемелер – халықаралық сахнада өздерін әлемдегі екінші ірі экономикалық тұлға етіп көрсетіп келеді.

Қытай елі соңғы жылдары шетелдерге ірге кеңейтуге баса назар аударды. «Бір белдеу, бір жол» стратегиясына қолдау танытқан мемлекеттердің көбі Қытайдан «құр қол қайтқан» жоқ. Си Циньпин де сұрағанның бәріне, Қытай инвестициясын салуға ниетті екендігін білдірді. Басында жұрттың барлығы ықласпен қабылдаған «Бір белдеу, бір жол», бірер жыл өтпей жатып, күдік тудыра бастады да, біраз елдер бастапқы келісімнен айнып шықты. Мемлекет қаржысын «игеріп қалуды» мақсат еткен жылпос кәсіпкерлердің ішкі ниетінен шошыды ма, әлде, орталық кеңестегі ақылдастар алқасының сынына үшырады ма қазіргі кезде «бір белдеу, бір жол» турасында, Си төрағаның арыны бәсеңдеп барады. Осы ауқымды жоба жұртқа таныстырылып, Қытай БАҚ-тары «Си төрағаның арқасында бүкіл жер шары ортақ гүлденуге беталатын болды» деп жатқанда, кейбір сарапшылар, «Қытай ықпалының артуы, АҚШ-тың мүддесіне қатер төндірді» деп жорамал жасады да, соңғысына қарап демдерін іштеріне тартып отыра қалды. Дональд Трамптың сайлауалды бағдарламасында ашықтан-ашық айтылған «Қытаймен АҚШ арасындағы теңсіз сауданы ретке келтіру» дейтін уағдасын Трамп мырза көп өтпей орындауға кірісті.

2017 жылдың басынан бері АҚШ пен екі арада әне-міне басталады деп, дүрлігісіп барып қайтадан сабасына түскен «сауда соғысының» сырнай дауысы, шілде туа бере Ақ үй жақтан қайта естіле бастады. АҚШ президенті Дональд Трамп 4 шілде күні жасаған мәлімдемесінде, «Қытайдан әкелініп жатқан жалпы құны 200 млрд доллар көлеміндегі 6000 түрден астам тұтыну бұйымдарына қарата, кедендік бажының пайыздарын арттыру туралы» жария етті. Сонан бері Трамп мырзаның қырына іліккен Қытай тауарларының көлемі үлғайып келе жатыр. Оған қарата Қытай тарапы да «қарсылық» көрсетуден тайынбайтынын білдіріп, Америкадан әкелініп жатқан біраз тауардың тізімдігін жариялап үлгірді. Алайда, Трамптың айтқандары Парламенттің қарауынан өтіп барып, күшіне енетінін ескерсек, ресми «сауда соғысы» бүгін-ертең туыла қоймауы мүмкін.

АҚШ-тың атқамінерлері мұнымен қоса таяуда ғана юаньның «аздап девальвацияға жол бергенін» Қытайдың қолдан жасаған саясаты деп кінәлап отыр. Экономистер екі алпауыттың ортасындағы мұндай келіспеушіліктердің, АҚШ пен Қытайды қойып тұтас дүниежүзі экономикасына әсер ететіндігін айтып, алаңдап отыр. Қытай жағы болса, ендігі жерде еуроодақпен арадағы сауда қарым-қатынасты нығайтуға кірісті. Дегенмен, Қытай елі қанша жерден «сауда соғысынан» жеңілмейтіндігін айтып, даңғырлап отырса да, Трамптың қолға алып жатқан шаралары, үздіксіз өсіп келе жатқан қытайлық экономикаға, саяси орнықтылығына белгілі деңгейде ықпал ететін түрі бар. Оны алдағы уақыт көрсетер. Ал бір анығы, Қытайда компартияға, мемлекет басшысына деген қарсылықтың тұтанып келе жатқандығы еді.

Ерұлан Жансары

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0