Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға қоғамның барлық әлеуметтік топтарын жұмылдыру міндеті тұр

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментімен жыл басынан бері сыбайлас жемқорлыққа қарсы сауаттандыру және мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру мақсатында 70.000 адам қамтылған 900-ге жуық іс-шара (семинарлар және лекциялар,  дөңгелек үстелдер, форум және конференциялар, интеллектуалдық конкурстар, флешмобтар, спорттық шаралар, бұқаралық акциялар) өткізілді.

Атап айтар болсақ танымал өнер иелерінің, айтыскер ақындардың, мәдениет қайраткерлерінің қатысуымен  «Өнер мен мәдениет саласында сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ» атты бұқаралық акция ұйымдастырылды. Республика көлемінде тұңғыш рет өткізілген бұл шарада сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тақырыбында ақындар өзара айтысып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Бұдан бөлек, өңірімізде ақпан айында республика бойынша тұңғыш рет «Екі езу» әзіл-сатира театрының «Сатира сыбайлас жемқорлыққа қарсы» атты театрлық қойылымдары өткізілді. Облыс көлемін толық қамтыған шараға Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық-драма театрының қызметкерлері, тұрғындар, үкіметтік емес ұйымдар, жастар, мемлекеттік қызметшілер, т.б. мақсатты топтар қатысты.

Сонымен бірге, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында, аумақтық департаменттің ұйымдастыруымен өткен «Адал жол – Честный путь» атты марафон эстафетасын атап өткеніміз жөн.

Ақтау қаласының теңіз жағасындағы «I love Aktau» стелласының жанынан бастау алған  бұл шараға мемлекеттік органдардың қызметкерлері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильдік және арнайы мониторинг топтарының мүшелері, этномәдени және жастар бірлестіктерінің өкілдері, белгілі спортшылар мен журналистер, блогерлер мен қала тұрғындары қатысты. Сондай-ақ, шараға арнайы шақырылған облысымыздың белсенді азаматтары марафонға қатысушылар алдында барша қоғам өкілдері мен жастарды республикалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысты қолдауға шақырды. Жалпы саны 4000 астам адамды қамтыған эстафета бағдарлама бойынша Түпқараған, Маңғыстау, Бейнеу аудандарында жоғары деңгейде өткізілді. Қазіргі таңда Қарақия ауданына салтанатты түрде табысталып, енді Мұнайлы ауданында жалғасын таппақ.

Айта кету қажет, ҚР Білім және ғылым министрлігінің бағдарламасы бойынша облыс көлемінде 146 мектеп оқушыларының ерікті «Адал ұрпақ» клубтары  (клуб мүшелерінің саны – елу мыңнан асады) және 436 «Парасатты азамат» бұрыштары ашылып, мектеп оқушыларына рухани-патриоттық және сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік бағытындағы  тәрбие жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Және де жаңа оқу жылының басында облыс көлемінде «Адал ұрпақ» клубтарының кең көлемдегі слетін ұйымдастыру жоспарлануда.

Сондай-ақ, облысымыздың  білім  беру ұйымдарында  «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бірыңғай сағаты» атты  республикалық  акция ұйымдастырылып, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және Мемлекеттік қызмет органдарының 20 жылдығы тақырыптары кеңірек ашылып, талқыланды. Аталған шараға  өңіріміздің 134 орта білім беру ұйымдары, 27 колледж және 2 жоғары оқу орнының оқытушылары мен студенттері қатысты.

Жаңа форматтағы дәрістер аясында   мемлекеттік қызмет туралы заңнаманың негізгі талаптарын, мемлекеттік қызмет органдарының қалыптасу және даму кезеңдерін  ашып көрсету және академиялық ортада сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында 16 мамыр күні  «Жастар үйінің» алаңында аумақтық департамент басшысының қатысуымен Мемлекеттік қызмет органдарының 20 жылдығына арналған Бірыңғай тақырыптық сағат ұйымдастырылды. Лекцияға жалпы саны 150 –ге жуық  жастар қатысып, аумақтық департамент басшысына көкейтесті сұрақтарын қойып, мемлекеттік қызмет саласындағы өзекті деген мәселелер бойынша пікірлерін білдірді.

Іс-шарада Агенттік қызметінің негізгі басымдықтары, мемлекеттік қызметке кіру және қызметтерді электрондық форматта алу бойынша бейнероликтер де көрсетілді.

Еске сала кету қажет, мемлекеттік қызмет органдарының 20 жылдығына арналған Бірыңғай тақырыптық сағат қала және аудандардағы барлық жоғары, кәсіптік-техникалық және орта оқу орындарында ұйымдастырылып, жалпы саны 25 мыңға жуық адамды қамтыды.

Ағымдағы жылдың маусым айында облыстық инвесторлар форумы және тамыз айының басында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінде  «Protecting business and investments» жобасы шеңберінде «Маңғыстау облысындағы инвестициялық ахуал: сыбайлас жемқорлыққа қарсы механизмдер» атты бизнес-кездесу ұйымдастырылды.

Іс-шараға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының Маңғыстау облысы бойынша департаменті, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ Маңғыстау өңірлік өкілдігі, «Каспий» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер Палатасының облыстық филиалының өкілдері, отандық және шетелдік инвесторлар, мемлекеттік органдар және БАҚ өкілдері  қатысты.

Қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыру және мемлекеттік билік институттарына бизнес пен инвесторлардың сенімін арттыру мақсатында ұйымдастырылған жоба аясында инвесторлар үшін «Hot Line» карталары жасақталып, және де жоба қатысушыларына Агенттіктің және Ұлттық бюроның аумақтық департаменттерінің басшыларымен тікелей байланысқа шығу үшін барлық мүмкіндіктері жасалынды.

Кәсіпкерлер әлеуметтік желілер, мессенджерлер, скайп, өңірлік 8707 170 1424 шұғыл желісіне хабарласу арқылы инвестициялық жобаны жүзеге асыру барысында кездескен әкімшілік кедергілер немесе сыбайлас жемқорлық деректері бойынша жобаның облыстағы фронт-офисіне хабарласа алады.

Жалпы жобаға облыс бойынша 10 компания қосылып (олардың 3 отандық, 7 шетел компаниялары), жобалардың жалпы сомасы 698 млн 200 мың доллар және 137 млрд 80 млн теңгені құрады. Іс-шара соңында аумақтық департамент басшысымен инвесторлар арасында екіжақты келісімге қол қою рәсімі ұйымдастырылды.

Жобаға қосылған инвесторлар: «Актау Энергомаш» ЖШС, «Топан Chemical» ЖШС, «Tastai» ЖШС, «Satex Chemie» ЖШС, «Semurg Invest» ЖШС, «Batys Invest Group» жеке кәсіпкері, «СП «South Caspian Operating Company» Siva Swati Textiles Pvt. Ltd ЖШС, Safbon Beltway Concortium компаниясы, «САГА Аташ» ЖШС, «Домостроительный комбинат Актау» ЖШС. Бұл тізім жоғарыдағы компаниялармен шектеліп қалмай, шетелдік және отандық инвесторлардың сенімі одан әрі артып, жоба ауқымы әлі де кеңейетініне сенім мол.

 Қайрат Байгебаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0