Үстіміздегі жылдың сәуір айынан бастап білім саласында жемқорлық деңгейін анықтау мақсатында Ақтаудағы 14 кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарының студенттері арасында сауалнамалар жүргізілді.
Ал белсенді қатысқан политехникалық, энергетикалық, гуманитарлық, медициналық, туризм, өнер, шетел тілдері, «Болашақ», «Мейірбике», «Қайнар», есеп-технологиялық, технологиялық қызмет көрсету, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің көпсалалы колледжі және М.Тынышпаев атындағы Ақтау көлік колледждерін айтуға болады. Жеке кездесу арқылы анонимді түрде өткен сауалнамаға барлығы 2641 студент қатысты.
Әр түрлі сұрақтарға сан түрлі жауаптар берілді. Мәселен,«Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» жобасының бар екендігін мүлде білмейтін студенттер бар болып шықты. Біреулер колледжде дайындық үшін емтихан сұрақтары тегін таратылмайтынын растаса, сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлауға дайын еместері де бар.
Колледжге түсу кезінде пара арқылы грантқа қабылдау бойынша қызмет ұсынылғандығы, сыйақы беруге әдейі жағдай жасайтын оқытушылардың арам пиғылды мінез-құлқының куәсі болғандығы, емтихан кезінде оқытушыларға түскі ас ұйымдастыру фактілерінің орын алғандығы, оқытушылар өздерінің авторлық кітаптарын сатып алуға мәжбүрлеу деректері әлі де болса бар екендігі көрсетілді.
Сондай-ақ, оқытушылар 2000 мен 5000 теңге көлемінде пара алатындығын, тіпті кейбір мұғалімдердің аты-жөнін ашық жазып көрсеткен студенттер де болды. Жалпы өңірдегі оқу орындарында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің бар екендігі сауалнама нәтижесінде көрінді.
Сауалнама нәтижесі бойынша кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарының басшыларына орын алған кешіліктерді жою бойынша тиісті шаралар алынып, студенттер арасында сыбайлас жемқорлыққа деген «нөлдік» төзімділік сана сезімін қалыптастыру мақсатында «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» жобасы аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды жиі ұйымдастырып тұру қажет екендігі туралы ұсыныс енгізілді.
Жалпы Агенттіктің аумақтық департаментімен білім саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері жөнінде түрлі жиындар ұдайы өткізіліп отырады. Бұған дейін заң бұзушылыққа жол бергені үшін тәртіптік жазаға тартылып, тіпті қызметінен кеткендері де бар. Бірақ, кез-келген іс-шара мақсаты кінәлілерді тауып жазалау емес, керісінше түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу болып табылады. Яғни, еліміздің гүлденуі жолында еңбек етуге әзір патриот жастарды тәрбиелеп шығаруға білім беру ұйымдары жауапты болса, бізде қарап қалмаймыз және барлық мүдделі тараптармен қоян-қолтық жұмыс жасауға дайынбыз.
Негізінен білім саласындағы сыбайлас жемқорлықты алдын-алуға бағытталған шараларды өткізудің кемі жоқ. Конференциялар, дөңгелек үстелдер, форумдар, дебат-сайыстарды айтпағанда өңірдегі бірқатар оқу орындарында «Адалдық дүкендері» бірінен соң бірі ашылуда. Алғашқы нәтижесі жемісті деп айтуға болады, себебі осы күнге дейін шағым айтқан кәсіпкерлер болған емес. Демек, адалдығын арттыруға бел буған жастар қатары қалыптасып келеді деген ой түйдік.
Студенттердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасын қалыптастыру және студенттік ортада академиялық адалдық қағидатын енгізу мақсатында өңіріміздегі жоғары және арнаулы орта оқу орындарында «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» клубтары құрылғаны белгілі.
Сонымен қатар, «Адал жол – Честный путь» акциясы, «STOP, жемқорлық!» атты дебат сайысы, «Адал ұрпақ» театрландырылған көрініс конкурсы, «Парасыз болашаққа бірге» әзіл-сықақ кеші, «Сыбайлас жемқорлықпен күрестің жаңа бағыты» атты модульдік тренингі ұйымдастырылған болатын. Аталған шаралардың барлығында да жастар белсенділік танытқандығын айтпай кетуге болмайды.
Түптеп келгенде, алда білім саласындағы сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу арқылы мұғалімдердің мәртебесін түсіріп алмауға жұмыстану міндеті тұр. Сондай-ақ, Агенттіктің 1424 Call орталығына хабарласуға болатынын және аумақтық департаментке хабарласуға болатынын ұмытпаңыз.
Жалпы Маңғыстау өңірінің жастары жігерлі әрі белсенді екендігін тілге тиек еткенді жөн санаймын. Оның үстіне биыл «Жастар жылы». Демек, жалынды жастарға сенім артып, олардың теріс жолға түспеуін қадағалауға буынның міндеті. Үйде ата-ана, оқуда ұстаз, ал қоғамда сіз және біз болып нәтиже шығаруға асық болуымыз қажет.
Ақын, қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» деген қанатты сөзін білмейтін қазақ жоқ. Ендеше, қоғам болып жастарға сенейік әрі үміт артайық, қолдайық!
Қайрат Байгебаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары
ПІКІРЛЕР