Мұғалімге жоғары жалақы мен 1 жүктеме ғана бермей іс бітпейді…

Мұғалімге жоғары жалақы мен 1 жүктеме ғана бермей іс бітпейді…

Көп сыналатын салалардың бірі – білім беру ісі. Білімнен рухани да, материалдық та байлық тауып отырған, ғылымынан жаңа техника туып жатқан мемлекеттерге ілесуді ғана емес, иық тіресуге ұмтылып отырған еліміздің білім беру ісі мен ғылымы қандай іргетаста қаланып, қай деңгейде болуы керек екені туралы аз айтылмады.

Білім тұрақтылықты, орнықтылықты ғана емес, тазалықты да керек ететіні белгілі. Оны былай қойғанда, мұғалімдерді «барып кел, шауып келдің», сайлауда қолбаланың айналасында қалдырған мектептен немесе қандай да бір оқу орнынан не күтуге болады? Елден қашық жатқан, қайшы да түсетін реформалар туралы айтылып та, жазылып та жатыр. Білім алу, шығармашылық еркіндігі болмаса, мұғалімдер қауымынан жақсы нәтиже күту қиын. «Білім мен тәрбие – егіз» екендігі және бар. Әрине, мұғалімдердің көтерген жүгі қай кезде жеңіл болған?! Әсіресе, оқушыларды қазіргі теріс жолға тартар ақпараттар ағыны мен түрлі қисық орталардың күшінен мұғалімдердің әлсіздігі көрініп жатады.

Білім алу мен беру – бұл үдеріс үздіксіз дерлік жүріп жатады деп санайтын болсақ, осы бір конвейер секілді дүниеге қате ой мен әрекет кетіп қалса, ол алдыңнан міндетті түрде шығады және керісінше жағдайда да солай… Сонымен білім құятын оқу орындарын жақсартуға қатысты, ондағы кем­кетіктер, кемшіліктердің бірсыпырасы дегенде мыналар көзге көрініп, ойға ілінеді:

  1. Мұғалімдердің шығармашылық әрі білім алу еркіндігінің көп оқу орындарында әлі жолға қойылмағандығы;
  2. Оқу­білімде, әдістемелік біліктілікте «өзінен­өзі» сүрініп жүрген мұғалімдер баршылық екендігі;
  3. Оқушылармен, студенттермен жұмыс жасауда не сабақ беру кезінде психологиялық, логикалық жағынан әлсіз мұғалімдердің аз кездеспейтіндігі;
  4. Көп мұғалімдер жалақысының мардымсыздығы, яғни тұрмыстың қат­қабат келген әсіресе, қаржылық мәселелеріне олардың қарсы тұратын қауқары жоқтығы. Сөйтіп, қосымша жұмыс істеуі. Соның кесірінен жұмыс сапасының төмендейтіндігі (өйткені адам компьютер не ұялы телефон, болмаса қандай да бір техника емес, 100% толғанын немесе азайғанын уақытында білуге болатын) ;
  5. Кәсібилігі төмен, тіпті болмысы мұғалімдікке келмейтін мұғалімдердің аз емес екендігі;
  6. Барлық сыныптардың не кабинеттердің болмағанда 50-70 %­ы (Жапония елі осыдан ширек ғасырдайдай уақыт бұрынның өзінде­ақ орта мектептерінің 90%­ын компьютерлендірген) компьтермен жабдықталып, интернетке қосылып қана қоймай, мұғалімдер мен оқушылардың, студенттердің еркін білім алу бағытында пайдалану мәселесін толық шешу;
  7. Сыныпта, топта қушылардың санын 15-16дан асырмау;
  8. Мұғалімдерге бір жүктемеден артық сағат бермеу;
  9. Әлемнің дамыған отыздығындағы орташа жалақыға мұғалімдердікін сатылап, жедел жеткізу;
  10. Мектепте бір ғана ауысыммен оқытатындай деңгейге көтерілу.

Тәуелсіздік алғаннан бері жүздеген мектептер салынды. Бұл жағынан даму жоқ емес, бар. Тіпті әжептәуір. Бірақ, бір ауысым бізден әлі алыс. Бұл түгілі, үш ауысымды шеше алмай отыр. Сөз реті келгенде қоса кетсек, сонау 1988-жылы КОКП Орталық Комитеті пленумының 1988 жылғы 18 ақпандағы қаулысында былай делініпті: «…Мектептерде сабақты бір ауысымда оқытуға көшу; педагогикалық жоғары оқу орындарының, мұғалімдер білімін жетілдіру институттарының жемісті жұмыс істеуі үшін қажетті жағдайлар жасау;…оқытушылардың, студенттер мен оқушылардың әлеуметтік­тұрмыстық жағдайын жақсарту қамтамсыз етілсін». Сол кезден бергі мәселе…

Оқу орындарында оқушылардың, студенттердің жауапкершілігін арттыратын амал, тұлғалық қасиетін дамытуға қатысты әдіс ретінде бір ұсыныс. Бұл жасырын сауалнама жүргізу, дауыс бергізу.

Жоғары сынып және студенттер арасында солай жасау арқылы мұғалімдерді бағалату да білім беру ісінің алға жылжуына өзіндік әсер етеді. Әдіс ұпай қою («3», «4», «5») жолымен жүрсе дейміз. Кім жоғары ұпай алса, сол мұғалімнің жалақысына үстеме қосу. Бұл бір. Екіншіден, сауалнамада «Қолдаймын» және «Қолдамаймын» деген болса. Соған сәйкес, егер, мұғалімді 50%-дан аса оқушылар немесе студенттер қолдаса, тиісінше, қалыпты. Жұмысын жалғастырсын. Егер, төмен болса, сол мұғаліммен жұмыс жасалсын. Тұлғалық қасиетін дамыту, кәсібилігін ұштау бағытында. Себебі, білімділіктен жоғары ұпай алса да, қолдамаушылар көп болуының себебінен, сыныппен, топпен бір күні қайшы түсуі әбден мүмкін.

Сауалнаманы төмендегідей қылып құруға болады:

  1. Педагогикалық мәдениеттілігі;
  2. Әдістемелік шеберлігі;
  3. Білімділігі;
  4. «Қолдаймын»;
  5. «Қолдамаймын».

Бұл ойдан шығарылған дүние емес. Мұғалім кезімде студенттерге осылай сауалнама жасағанмын.  Өз-өзіме: егер, «Қолдаймын» 50%-дан төмен болса, жұмыстан кеткен жөн дедім. Тіпті алдыңғы үш өлшемде жоғары алсам да. Бірақ, нәтиже 50%-дан әлдеқайда жоғары болды. Әрине, дәл осылай жасау керек демеймін. Бәлкім, жоғарыдағы нұсқа жақсырақ.

Әлемнің дамыған елдерінде мұғалім – беделі биік қызметтердің қатарына жатады. Оларды интелектуалды элита санайтыны бар. Өзіндік қоғамда үлкен орны бар екенін байқауға болады.

Енді сол дамыған елдерден мысал келтірсек. Мұғалімдеріне жоғары жалақы төлейтін елдердің ішінде де әркелкілік бар. Дегенмен бәрібір жоғары. Мәселен, Люксембург мұғалімі айына 10 000 еуро жалақы алады екен. Бұл біздің ұлттық валютаға шаққанда 4 266 500 тг (1 еуро – 426, 65 теңге, ҚР Ұлттық банкі, 19.03.2019ж.). Тіпті бұл елде 15 оқушыдан асатын сынып таба алмайсыз делінеді. Басқа да дамыған елдер – Германияда 6000, Канадада 5 500 еуро екен. Ал, АҚШ­тың Калифорния штаты мектеп мұғалімдерінің жылдық жалақысы – $75 000. Қай­қайсысы болмасын біздің ел мұғалімдерінен бірнеше есе жоғары.

Әрине, мәліметте біршама өзгерістер, алшақтық болуы мүмкін. Орташа жалақыға қатысты әңгіме де аз емес. Бір мұғалім екіншісінен әжептәуір жоғары жалақы алуы немесе жеке мектептің өз төлемі бар деген секілді және т.б. Дегенмен, аталған мемлекеттерде мұғалім жалақысы көптеген елдерден жоғары екені анық.

Біздің мемлекет те мұғалімдердің жалақысын жедел түрде дамыған отыздықтағы елдердің орташа жалақысына жеткізуіне болады. Бұған елдің қаржылық жағдайы толық жетеді. Қазіргі мұғалімдердің орташа жалақысы әлемнің алдыңғы отыздығында тұрған елдердің төменгісінің орта көрсеткішінен де аз. Мәселен, сол отыздықтың төменгі жалақы бойынша орташа көрсеткіші – $1434, 58 (2018ж.) немесе ұлттық валютамызға шаққанда, 494 514 теңге!

Елімізде мұғалімдер жалақысының мардымсыздығы өз кезегінде олардың сол саладан кетуіне себеп болуда. ҚР білім және ғылым министрлігінің мәліметіне қарағанда, 2016-2017 оқу жылында білім беру саласынан 11 704 мұғалім жұмыстан шығып кеткен. Содан кейінгіде тіпті 12 154 мұғалім бұл саладан теріс айналған. Бұл орташа есеппен 90-100 мектеп немесе колледжге жететін мұғалімдер саны. Онсызда білім саласында мұғалімдер жетіспейтіні жазылды. Тіпті бұрын Е. Сағадиев, ҚР білім және ғылым министрі кезінде білім саласына 200 мыңдай мұғалім жетпейтінін де мәлімдеген болатын. Егер, бұл салада үлкен өзгеріс жасалмаса, мәселе күрделенетінін байқау қиын емес. Себебі, мұғалімдер саны аз, ал, балалар саны артуда. Жоғары жалақы және 1 жүктемеден артық бермейтіндей қылмай, өзгерді деген жөн емес.  

 Құрманғали Нұрғали, журналист    

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0