Білім мен ғылымды қамтитын, бүгінде екі бөлек министрлік – миллиондаған студенттері мен оқушылары, жүз мыңдаған оқытушылары мен мұғалімдері және мыңдаған мекемелері бар бірден-бір күрделі мемлекеттік қызмет саласы. Десек те, басқа көптеген бюджеттік қызмет түрлерімен салыстырғанда, мемлекет тарапынан қолдау да тәуір-ақ артып келе жатқанын атап өткен жөн. Мәселен, мұғалімдердің жалақысы алды 600-700 мың тг алатыны туралы мектеп директорының өз аузынан естідім. Бұл дегеніңіз 1200-1500 АҚШ доллары. Шығыс Еуропадағы орташа жалақымен шамалас. Педагог-шебер деңгейіне жетсе, 100% үстеме қосылады. Бұрынғыдай емес, аптасына 5 күн ғана жұмыс істейді. Енді не керек?.. Тиісінше, битін салып жұмысын істеу керек, әрине.
Дегенмен бұл саланың қаржылық жағдайының жақсаруы жұмыс сапасынан аса бір байқалып жатқан жоқ. Бәлкім, алдағы уақытта көрінер. Бірақ, мойын созып күту – бұл салаға тіпті жат. Себебі, бір орында тұруды білім мен ғылым табиғаты мүлде көтермейді. Үнемі ізденіс, нық нәтиже керек. Сондықтан балаларды сабаққа, яғни білім алуға қызықтыру, оқу бағдарламаларын, оқулық мазмұнын оқушылар бас алмай кіріп кететіндей ету, цифрлық технологиялардың артықшылықтарын енгізе түсу – оқу-білім стратегиясының өн бойынан көрініп тұруды қажет етеді. Несін жасырамыз, 8-9 сынып оқушылары арасында қарапайым көбейту кестесін білмейтіндер бар. Бөлуге қатысты да солай. Астанадан байқалғаны осы. Ауыл-аймақта не болып жатқанын бір Құдай біледі. Масқара ғой. Мектеп директоры, әкімшілігі қайда қарайды? Мұндайда мұғалімдері ұяттан кірерге тесік таппауы керегін былай қойғанда. Жазуы да оңып тұрған жоқ. “Келді” дегенді “Келд”, “Білмедім” деп жазудың орнына “Блмедм” т.б. солай кете береді. Мектеп табалдырығын аттай сала дерлік миына ілуі тиіс базалық сауаттылықтан ақсап жатыр. Білім саласы.
Бір мақалада Қазақстандағы білім мен ғылым саласының бүкіл түйткілді мәселелерінің бәрін тізіп шығу – оқырман ойына да жүк болар. Сондықтан жіктей отырып, бірнеше тақырыпты талқылағанды жөн көрдік.
Директор реформасын жетілдіру керек…
Колледж, мектеп және балабақшаға келген басшылары – тиісті мекемелерді жартылай патшалығы секілді көрмейтіндей етіп, саналарына сіңіру керек. Үшеуінің басшылығы оңбай, білім беру ісінің миссиясы өз деңгейінде жүрмейді. Арам тер тірлік болады.
Жаңа ережеге сәйкес, колледж және мектеп директоры, балабақша меңгерушісі қызметін атқару уақытын 7 жыл етіпті. Президент мерзімімен бірдей етуде не сыр бар екеніне үңілмей, өз ұсынысымызды жетілдіре ұсынамыз. Меніңше, 2 кезең ғана басқарту қажет. Бірінші кезеңге 3 жыл жетеді. Жеті жыл дегеніміз классикалық демократиялық президенттік басқару бойынша бір жылы кем екі мерзім. Әйтпесе, АҚШ-ты алсақ, төрт жыл ел басқарып, өзін көрсетеді: сайлауалды бағдарламаларын іске асыру т.б. бойынша. Тұтастай ел басқаруға осынша уақыт жеткілікті болса, балабақша, мектеп және колледж үшін неге үш жыл аз болуы тиіс? Директордың жұмысы ел басқарумен тең болмас, сірә. Дайын бюджеттік ақша ғой. Қайдан қалай ақша табамын деп бұрынғыдай бас қатырмайды. Қазіргі таңда. Тек адал қызмет қылып, істің ұтырын тапсын. Болды. Сөз басында неге 1-кезең дедім? Егер, білім-білік пен басқару ісінде үздік, моральдық биік өре мен педагогикалық шеберлігін көрсете түссе, 2-кезең үшін сол мектеп мұғалімдерінің дауыс беруімен Директор сайлауына түссін. Мұны мұғалімдердің азаматтық қақысына қалдырайық, яғни таңдауына. Әрі қоғамды демократияландыру ісіне де қосылған үлес болмақ. Екі кезеңнен кейін директор болуға жол берілмегені жөн деп ойлаймын. Бақандай 6 жыл басқарды. Жеткілікті. Басқа адамдарға жол ашылсын. Ал, ол директор әрі қарай немен айналысады, қайта мұғалім бола ма – өз ырқында. Мемлекеттік мекемені жекеменшігі секілді 5-10, 20 жыл басқаруы немесе қайта-қайта сол қызметке келе беруі – бұл да адам құқығының бұзылуы. Қазіргі кезде тіпті 7 жыл бұрынғы технология ескі не көнелеу саналады.
Сондықтан ротациялаудың жолын әбден жетілдіріп, тастай ғып бекіту керек. Жаңа министр келгенде өзгерте алмайтындай. Әйтпесе, ұзақ жыл отырған директорды “шығарып салу” немесе саланы түбегейлі өзгерту кәдімгідей үлкен саясат болар деген ой еріксіз келеді.
Директорға мемлекеттік білім мекемесін шағын патшалық секілді беруді мейлінше тежемей, бұл саладағы реформа жартыкеш қала береді. Сонымен қатар, колледжі, мектебі мен балабақша басшылары бар, барлығы ай-майы алатын тиісті жалақысына қарап отыр деу – қазіргі Қазақстан жағдайында тіпті күлкілі. Кей өңірлерде мұғалімдікке орналасу парасы 1-1,5 млн тг деген сөздер тектен тек шықпаса керек. Бір оқу жылында он мұғалімді ауыстырса, депутаттың жалақысы шықпай ма… Иттей болып жүріп, айына әрең табатын шағын кәсіпкердің табысы жатқан жоқ па?! Мектептің өз бюджетінен де жырып отырса, бірер жылда білім “магнатына” айналып, жер басып жүруді ар санайтын бюрократ шығарады. Сөзден сөз шығады. Соны көріп отырған жұрт кәсіпке бара ма? Одан да “крыша” тауып, директор болып, мемлекеттік мекемені “сауып” отырғанды жөн көрер еді. Көрдіңіз бе, бір ғана білім саласындағы парақорлықтың, жемқорлықтың қоғамға қаншалықты зиян тигізіп жатқанын… Бұл да зияны дегенге бір мысал ғана.
Алысқа бармай-ақ, елімізге басты үлгі болуы тиіс Астанадағы білім беру мекемелерін алайық. Бәрі тегіс тақтайдай ма? Бірер айдың өзінде жағамызды ұстатқан түрлі оқиғаларды естідік. Соның ішінде 65-мектеп директоры өз күйеуін пышақтап өлтіруі өте ауыр жағдай еді. Бүгін ғана 49-мектептің ендігі экс-директоры, беті былш етпей, жыл бойы сабағын бермей, масқара болып, жұмыстан кетті. Сол жағалаудағы мектеп директоры жаңа бір сондай білім мекемесіне ротациямен басшы болып барып, соңынан бухгалтер мен кадр меңгерушісін қоса алып кеткен көрінеді. Қалай? Тазалықтың исі шыға ма, әлде, “басқаның” ба? Бір балабақшада сантехник қызметіндегі адамның еңбек кітапшасына “Тәрбиеші” деп жазып, артынан өзгертіпті. “Техникалық” қате деп. Мұндай оқиғаны іздесек, жалғастыруға әлі де табылса керек. Конкурстық комиссиямен өткендер ғой. Соған орай, Астана қаласы Білім басқармасы басшысына хат жаздық. Мардымды жауап жоқ. Конкурстық комиссияға енген кімдер, басшылық мақұлдағанда қандай өлшемдер негізге алынды? Мемлекеттік құпия емес болса да, толық жауап бермеді. Директорлар арасында тиісті жалақысына ғана қарап отырғандар кездессе, кездесетін шығар. Дегенмен оларды мүсіркей бермеген де жөн болар. Себебі, алатын айлығы олар аштан қалатындай емес. Өткен жылы лауазымдық жалақысы 500 мыңға жуық екенін көз шалды. Одан бөлек, “санатқа байланысты директор немесе оқу ісінің меңгерушісі санат үшін лауазымдық жалақыдан 30%, 70%, 100% мөлшерінде қосымша ақы алатын болады”. Екі есеге дейін артса, тағы қандай жағдай жасау қажет?..
“Адам және қоғам” пәнін қайтарған абзал…
Пәнге келейік. “Өзін-өзі тану” дегенді мұғалімдер ақша шығындап оқығанына, олардың оқу жүктемесінің кемитініне қарамастан, жылдар бойы тиісті оқулығы мен әдістемелігін шығаруға халықтың пәлен мың ақшасын құртса да, оп-оңай ресми пән қатарынан ысырды да тастады ғой. Мұның қасында “Адам және қоғам” пәні қажетті пән еді. Сондықтан қайтару қажет деп ойлаймын.
Әр пәннің өз мінезі, табиғаты бар. “Адам және қоғамға” тұйықтықтан гөрі ашықтық, саяқ жүруге емес, қауымдаса өмір сүруге шақыру, сөйте тұра салмақты ойлауға жетелеу тән. Отбасылық жауапкершілікті қозғайды. Азаматтық көзқарасын ұштауға да әсер етеді.
Жоғары сынып оқушысы не колледж студенттері қоғамның бір мүшесі екенін керемет сезініп, түйіп кетпесе де, санасынан саңылау ашып, көкірегіне сәуле түсіруге себеп бола алатын тақырыптары бар. Осы күні оқушылардың арасында өзімшілдік, агрессиялық мінез, теріс пиғыл жайылып барады. Онлайн ойындардан бас алмайтындар үйді былай қойғанда, көшенің де бір көрінісіне айналды. Мына пән соған да тосқауыл қоюға әсер етеді. Әрине, тақырыптарын таптаурын, әрі өмірден алыс етпей, керісінше, тығыз байланыстыра түрлендіру керек.
“Қазақстан тарихы”, “Әлем тарихы” және “Құқық негіздері” пәндері “Адам және қоғамның” табиғатын толық аша алмайды. Тіпті тақырыптарында кей ұқсастықтары болса да. Мысалы, жылы су да, мұз да – түбі бір: H²O. Сөйте тұра, екеуінің әсері екі түрлі. Бұл да сол сияқты…
Мен “Қазақстан тарихынан” да, “Адам және қоғамнан” да, “Құқық негіздерінен” де студенттерге сабақ бердім. Сондықтан да жұмыс тәжірибемнен түйіп жаздым. ҚР Оқу-ағарту министрлігі кезінде кеткен үстірт шешімді түзеп, пәнді жаңа мазмұнда байытып, оқу ортасына оралтады деген ой бар.
Студенттердің жұмыс уақытын құқықтық реттеу – кәсіби талап…
Халықаралық, республикалық іс-шараларда, ресторанда, кафеде – тамақ жағында студенттердің қызмет етіп жүретініне көз үйренгені қашан (Осылай басқа да жерлерде, сабақ уақытында қосымша жұмыс істейтіндер кездесіп жатады). Солардан қандай мамандықта оқитынын сұрап қоямын. Арасында. Сонда байқағалғаны, көбісі ертеңгі медиктер, болашақ мұғалімдер т.б. Өткенде сұрағанда, Медакадемия, ЕҰУ, педколледж студенттері екенін айтты. Күндіз де, түнде де сол… Бұл Астанадағы жағдай.
Адам робот емес. Неше жерден жас бала болса да шаршайды. Қабілетін басады. Күндіз жұмыс істесе, сол күнгі кәсіби білім нәрінен қағылады. Түнге қалса, ертеңгі сабақты ұйқылы-ояу өткізеді. Ал, олар ертең-ақ маман ретінде қоғамға қосылады. Содан дәрігер болса, жөнімен емдей алмайды, ауруға ауру қосады, мұғалімдікті бітірсе, жетістіріп сабағын бермейді, тәрбиелік жағын қозғамағанда (мұның сыртында көздегені ақша мамансымақтар қаншама). Себебі, оқу орнынан алып шығуы тиіс кәсіби білім де, базалық дағды да жоқ немесе төмен.
Тағы таяқ жейтін, айналып келгенде, ел – өзіміз. Бұл қайталана береді. Егер, енді жақсылап заңмен бекітпесе.
Сондықтан ұсыныс. Нидерландыда студент аптасына 16, ал, Норвегияда, қателеспесем, 20 сағаттан артық жұмыс істеуіне болмайды екен. Егер, біз 16 сағатқа шамамыз келмесе, 18 етсек те жаман емес секілді. Мұның өзінде, кім қай жерде жұмыс істемек екенінін оқу орны алдын ала білуі, әрі бағыт бергені жөнірек.
Ғылыми-өндірістік әлеуеті ашылмаған халық…
Біздің халықтың ғылыми-өндірістік әлеуеті отыз жылда айқара ашылмады. Мұның да өз себептері бар. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бері қарай ғылым көбіне ойыншыққа айналды. Ғылым өндіріспен байланысын жоғалтуға таяды. Әдетте, қоғамның, одан қалды, адамзаттың қажетіне жарап жататын дүниелер туып жатуы тиіс еді. Зады солай ғой. Бірақ, олай болмады. Соңғы уақытта ғылымға көңіл бөлгендей сыңай байқалады. Аты дардай “Ғылым қоры” деген мекемесі де бар. Басқа да ғылыми орталықтар, институттар жоқ емес. Мыңдаған гранттар бөлінуде. Нәтиже қайда?.. Күнделікті қоғамнан ап-анық көрінбейтін не деген ғылыми жаңалықтар? Бір сырын аңғарған болдық. Ғылым қорының бір өкілінің (есімін атамай отырмыз) сөзінше, аталған мекеме 350 млн теңгеге дейін грант бөледі екен. Грант ала қалсаңыз, жобаңызды үш жыл бойы құлатпай алып жүруіңіз тиіс. Содан кейін ше?.. Әрі қарай басты ауыртпай банкрот қылып, жауып тастасаңыз да болатын көрінеді. Егер, соның сөзіне салсақ. Бұл желге ұшыру ғой. Мынаны естіп-білген адам нағыз майшелпек дүние деп, өтірік үш жыл созғылап, соңында жырып алған қаражатты өз қажетіне жарата салмай ма… Осыдан кейін шағын кәсіпке кім барады?.. Ғылыми жобаларының нәтижесін де көрдік. Әлем түгілі, ел таңғалатын дүниелер емес…
Мұның алдында 2 мыңнан астам жас ғалым 17 млрд. теңгенің грантына ие болғанын жаздық. Әр ғалымға 8,5 млн теңгеден келеді. Алсын-ақ. Бірақ, нәтижесінде не бітеді? Елімізді рухани да, материалдық та ілгерілетуге орасан пайдасы тимесе, бұл қандай ғалымдық?! Мыңдаған қазақстандық ғалымдар бар болса, қоғамға да серпін әкелуі тиіс.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Экономика институты бар. Неге олардың еңбектері елмен тығыз байланысты емес? Мемлекеттік ақшаны алып отырып, әлемдік S&P, Fitch т.б. беделді экономикалық, қаржылық талдау агенттіктеріне жетпесе де, Қазақстанның сондай брендіне неге айнала алмай келеді?..
Екі минстрліктің де біраз нәрсені қолға алып, тірі зерттеу жүргізуіне мүмкіндігі мол. Соған сәйкес, қала не аудан орталығынан қайтпай, ауылдардағы балаларға дейін жан дүниесіне үңіле зерттеу керек еді. Мектептердің кәсіби классификациясын жасау қажет.
Білім саласы дарынды балаларды қуып кетті. “Дарынсыздарды” қайтеді? Өркениетті елдерде Адам капиталы олай бөлінбейді. Олардың озуындағы бір сыр сонда жатса керек. Тең мүмкіндік беру керек. Мысалы, И. Маск “бестікпен” бітірмеген. Қызыл диплом қумаған. Бірақ, ол өмірдің “Қызыл дипломын” алды. Бір өзінің байлығы 19 миллионнан астам халқы бар Қазақстанның ЖІӨ-інен де асып кетті. Кезінде. Көрдіңіздер ме, адам табиғатындағы тең мүмкіндіктер мен құқы сақталса, қайда баратынын?
Қ. Тоқаев мырза айтқанындай, бұл салада да “жаппай бюрократия”. Әйтпесе, Ы. Алтынсарин атындағы Академия, “Өрлеу”, “Талап” т.б. басқа мекемелерді анау-мынау қағазбастылықтан арылтып, ғылыми шығармашылық еркіндік берілсе, басқару саясатын өзгертсе, нәтижелі еңбек етуге болады деп ойлаймын.
Қазіргі балалар – ертеңгі Қазақстан. Елімізде некесіз туған балалар саны жалпы дүниеге келгендердің 12%-ы! Астанадағы бір мектепте ғана некесіз туған балалар саны 130дың (әдейі нақты жазбаудамын) үстінде екен. Бұрын қазақ жолдан тууды жоспарламақ түгілі, “Мал құлағы саңырау” деп атамауға тырысқан. Ал, қазір, “өзі үшін туу” жайылып кетті. Бұл да білім саласымен сабақтасады. Сондай қадамдарға барынша апартпайтын тәрбиелік кешен қалыптастыру қажет. Бұл қоғамдық санаға әсер ететіндей болуы тиіс. Балабақша мен мектеп – балалар мен оқушылар бойына әдеп, моральдық «вакцина» құйса, қоғамның тазаруына үлес қосар еді.
Әйтпесе, кеңседе қалып қоятын “ғылыми” нәтиже, “зерттеу” керек емес.
Ғылым – жаңалық ашу, тірі зерттеу ғана емес, адам өміріне игілік әкелу жолы. Қоғамды жарқыратуға, ілгерілетуге үлес қоспаса, ғылым емес.
P.S. 1. Білім саласындағы берекесіздік, жемқорлық басқа да келеңсіздікті қозғай қалсаң, министрлік жергілікті әкімдікке сілтейді не керісінше. Осылай бір-біріне жауапкершілікті ысыра салғандай көрінеді. Мұндай жағдайда білім саласындағы кей мәселелер сол қалпы қала беруі әбден мүмкін, болмаса өгізаяң шешіледі. Сондықтан да облыстық, қалалық білім басқармаларын тікелей министрлікке қаратқан жөн секілді. Тікелей бір мемлекеттік органды ғана жауапты етіп. Осының алдында, ендігі ҚР Оқу-ағарту министрінің орынбасары Ш. Каринова ханымға ресми сауал жолдадық. Облыстық, қалалық білім басқармаларын министрлік өкілетіне толық өткізу туралы жұмыс жүріп жатыр екен.
- «Бұл күйге бүгін емес көптен кірдік,
Алды артын ойламаған бетпен кірдік», – деп А. Байтұрсынұлы атамыз айтқандай, яғни мұғалімнің оқушы өміріндегі рөлінің әлсіреуі, білімде де, тәрбиеде де үлгі болуға тиіс мұғалімнің, оқытушының қоғамдық деңгейінің төмендеуі (әрине, бәрі емес), оқушының, студенттің білімге деген қызығушылығының азаюы және т.б. мәселелер бірден қазір ғана пайда болмағаны анық.
Бүгінгі мұғалімдердің көбісінің тарапынан да қателіктер бар екендігін мойындау ләзім. Салқын қабақ, суық жүз, сөзі де әрекеті де қатал «Терминатор» не «клоун» мұғалім, болмаса тұрақты да жыл сайын өсіп жатқан жалақысына қызығып мұғалім болғандар – оқушылардың түзу өсуіне, жақсы мен жаманды айыра білуіне қалайша әсер етпек?! «Заманына қарай адамы», деп ондай «мұғалімдер» жауапкершілік жүгін жеңілдетуге тырысар…бірақ, бұл жөн емес. Білім менеджментін тұтастай алғанда нашарлау күйде десек, асыра сілтеу бола қоймас, сірә.
«Болмасаң да ұқсап бақ», деп Абай атамыз айтқандай, көрнекті ұстаз әрі жазушы болған З. Ақышовтың «Ащы бойында» атты очеркінде («Қазақстан әйелдері», №1 1991 ж.) былай дейді: «Мектепке түсе алмағанымыз бен далада қаңғып қалғанымыз жоқ. Сол заманның зиялыларын айтсаңызшы! Сізге өтірік, маған шын – біз сияқтыларды көшеден өздері тауып үйіне апарып оқытады және бір тиын дәметпейді.» Бұл XX ғасырдың I ширегі шамасындағы қоғамның жас ұрпақтары. Әрине, қазіргі нарықтық қоғамда жоққа ғана ақы төленбес (мүмкін?..) ал, бар нәрсенің бәрінің өз ақысы бар. Сондықтан, дәл солай ету мүмкін болмас. Десек те, мұғалім, қандай жағдайда да жақсылық жаршысы болып қала беруі тиіс…
Құрманғали Қалмахан, журналист
Фото интернеттен алынды
ПІКІРЛЕР