Соңғы кездері елімізде алаяқтық сарындағы оқиғалар тым жиілеп барады. Оның ішінде алаяқтықты жасаушылардың көбі – әйелдер.
Алғашқыда бір-екі рет жолы болып, өтірік уәде беріп, өзге біреулердің ақ-адал қаржысын иемденіп кетеді. «Дәніккеннен құныққан жаман» демекші, олар мұны кәсіп етіп, үлкен қомақты ақша табуды ойластырады.
Тіпті, алаяқтар психологиялық тұрғыда адамдарды өте шебер пайдаланып, ол адамдарды жақсы зерттеп алады, оның қажеттігін алдын-ала біліп, олардың сеніміне кіріп, өздері іздеп келетіндей етіп дайындайды.
Жеңіл жолмен пәтер, не жер теліміне қол жеткізгісі келгендер алаяққа жем болып қана қоймай, өзі де заң бұзып отырғанын білуі міндетті.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2019 жылдың 6 айында алаяқтық қылмысы бойынша сотпен барлығы 92 адамға қатысты 87 қылмыстық іс қаралып аяқталса, оның ішінде 51 адамға қатысты 48 қылмыстық іс бойынша айыптау үкімдері қабылданған, ал 41 адамға қатысты 39 қылмыстық іс ақталмайтын негізбен өндірістен тоқтатылып, қаулы түріндегі сот актілері қабылданған.
Жоғарыда атап өткеніміздей алаяқтық қылмыстардың басым бөлігі әйел адамдармен жасалған.
Соның бір мысалы, Қызылорда қалалық №2 сотында «Ш» есімді азаматша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 2-бөлігімен алаяқтық қылмысы бойынша кінәлі деп танылып, түпкілікті 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейді.
Сотталушы жәбірленушілерге жергілікті банктерден ірі көлемде жеделдетіп төменгі пайызбен несие алып беремін және баласын жұмысқа тұрғызып бере алатыны жайлы сеніміне кіріп, түрлі сомада ақша қаражаттарын алып, алаяқтық жасаған.
Алаяқтардың жәбірленушілерді алдау тәсілдері негізінен олардың ең мұқтаж қажеттіліктеріне бағытталады. Қазіргі кезде адамдарға ең қажет нәрсе – жер телімдерін алу, жеңілдікпен пәтер алу, банктерден кедергісіз жедел несие алу, жұмысқа орналасу сияқты мәселелер жатады. Алаяқтар осы мұқтаждықтарды өз пайдасына шебер пайдаланады.
Осы орайда жәбірленушілердің де іс-әрекеттеріне тоқталмасқа болмайды. Нақтылай келгенде, жәбірленушілер де заңсыз жолмен ойлаған мақсаттарына жетуге ұмтылады. Мұндайда жәбірленуші тек алданып қана қоймай, өзінің пайдакүнемдігімен мұратына жеңіл жету жолдарын қарастырады.
Мысалы, қаралған қылмыстық істер бойынша кей жәбірленушілер мемлекеттік бағдарлама аясында пәтер алу үшін өзінің бұрыңғы пәтерін сатып, не оны басқа біреудің атына рәсімдеп, тағы да пайда көру үшін кезектен тыс пәтер алмақ болған әрекеттер бар. Сүйте тұра, сол қылмысын жасырып алаяқтарға берген ақшасын «Қарызға бердім» деп, заңсыз жолмен делдал арқылы пәтер алуға әрекет жасағанын мойындамайды. Көп жағдайларда жәбірленушілер өздерінің заңға қайшы әрекеттерін жасырып, тіпті құқық қорғау органдарына да хабарламайды. Соның салдарынан алаяқтық қылмыстар дер кезінде ашылмай, қылмыстың алдын алуға кедергі келтіреді.
Жәбірленуші мемлекет қарамағындағы жер телімдерінің қандай тәртіппен, қай мекеме арқылы берілетінін біле тұра, оны шешудің заңсыз жолдарын қарастырып, ақырында алаяқтарға жем болады. Олар өздерінің алдауға түскенін, жер телімін де, берген ақшаларын да қайтарып ала алмайтынына көзі жетіп, әбден әуре-сарсаңға түскеннен кейін ғана құқық қорғау органдарына жүгінеді.
Алаяқтықтың негізгі принципі — өзі құрбан етіп отырған адамды алдау, сол арқылы өзіне ақша, мүлік, басқадай нәрселердің құқын ерікті түрде бергізу болып табылады.
Мұндай қылмысты дәлелдеу қиыншылығы тағы бар, себебі алдау фактілерін объективті түрде дәлелдеуді қажет етеді. Алаяқтарға жем болатын аңқаулар бір емес, бірнеше рет істі болғандарға жем болып жататын оқиғалар да жиі кездеседі. Сондықтан пара беріп үй аламыз, жер аламыз деместен бұрын жақсылап ойлану қажет.
Қызылорда облыстық прокуратурасының басқарма аға прокуроры А. Абдуманов
ПІКІРЛЕР