Саяси иммунитетсіз, “экс-президент” деген атақсыз да қалған А. Атамбаевтың Қой-Тастағы үйіне Жээнбеков билігіндегі күш құрылымдары шабуыл жасады. Атыс та болғаны бейнетүсірілімдегі дыбыстан байқалып тұр. Дегенмен оны ұстау шарасы сәтсіз аяқталған. Қырғызстанның 24.kg ақпарат агенттігінің мәліметіне қарағанда, оны ұстау үшін күш құрылымдары тағы да дайындалып жатыр екен.
Осыған байланысты Қырғызстан президенті С. Жээнбеков қысқамерзімді демалысын арнайы үзіпті. Ресей президенті В.Путин де оқиғаны бақылауда ұстап отырғаны туралы ақпарат тарауда. Жақында ғана А. Атамбаев өзінің әлі де бар екендігін білдіргендей кейіпте В. Путинмен кездесті. Сүйеніш күтті, бәлкім. Бірақ, В. Путин оның басынан сипап тұрып, С. Жээнбековті қолдайтынын білдіргенде-ақ Алмазбектің алысқа бармайтыны байқалды. Ендігі А. Атамбаевты АҚШ та арқасынан қаға қоймас. Себебі, кезінде ауыр сынаған болатын. Солай сынай отырып, Ресей билігінің сеніміне кіргісі келген болар…
Қырғызстандағы оқиға демократияның немесе азаматтық қоғам бұл елде әлі орнамағандығын, тиісінше, билік түрлі саяси күштердің ортасында жүргендігін, халыққа өтпегендігін көрсетеді. Мұның үстіне текетіресу Атамбаев пен Жээнбеков арасында ғана емес болса керек… Қырғызстанға көрші кей елдердің билігі де бұл мемлекеттің демократиялық жолға түсуіне мүдделі емес.
Құрманғали Қалмахан, саясаттанушы
ПІКІРЛЕР