Сонымен Ауғанстан президенті А. Ғани қызметінен кетті. Мұның алдында (елімізде ресми түрде тыйым салынған) Талибан ұйымы Ауғанстанның ірілі-ұсақты қалаларын алған болатын: Қандағар, Мазари-Шариф, Жалалабад, Герат т.б. Негізгі бағыты – Кабул.
Талибан өткен ғасырдың 90жж. құрылған радикалды, экстремистік саяси ұйым саналады. Содан бері бір кейін, қайта алға жүріп келеді. Қазіргі алған беті қарқынды.
Ауғанстан вице-президенті қазіргі Талибан ұйымы әккі ойыншыларға айналған деп санайды. Оның ойынша, ендігі тәліптер тік саясаттан гөрі, саяси қалтарыс-бұлтарысқа барудан кетәрі емес. Бұл пікірі негізсіз емес сияқты. Мәселен, Катардағы кездесуінде тәліптердің ресми өкілі С. Шахин қыздардың (әйелдер) білім алуына, әрі қарайғы жұмыс істеуіне рұқсат дейді. Ал, Ауғанстандағы Тәліптердің дала командирі М. Мұхамед мектеп болған күннің өзінде қыздардың оқуына тыйым салынады деп мәлім етті. Қайшылық. Ал, ұрлық етсе, қолын кесу т.б. жазалау әдісі.
Ресей билігі Орта Азияны өзінің ықпал ету аймағымыз деп санайтыны белгілі. Әрі қарай кеңейсе, тіпті жақсы деген секілді. Содан да болар, өз елінде әлі экстремистік ұйым саналса да, “Талибан” өкілдерін Мәскеу қабылдады.
Ауғанстан Батыс ықпалына түспеуі үшін кезінде КСРО күрескен еді. Әскер кіргізіп. Енді Ауғанстанды уысында ұстауы әбден мүмкін тәліптер Ресейге өзі келіп тұрса, жақсы емес пе?.. Ықпал ету “шекарасы” кеңейеді…
Бірақ, Ресеймен жақсы байланыста болғанның өзінде, бұл үлкен саяси олжа бола қоймайды. Қымбатқа түсетіндей. Себебі, “Талибан” терроризммен ат құйрығын кесіскеннің өзінде (бұлай етуі де екіталай), адами, қоғамдық құндылықтарға қисық қарауы – Ресей билігінің беделін әлемдік қауымдастық алдында тіпті түсірмек. Ал, ілгерілету үшін қаржы құю қажет. Мұны Ресейдің қазіргі қалтасы көтере қоймайды. Мысалы, АҚШ осы 20 жыл ішінде Ауғанстандағы соғыста $193 млрд. құртқан.
Ал, түрлі қайшылықтар барысында жаңа саяси күштер туып, Ауғанстан тағы да соғыс алаңына айналса, Ресей адами да шығынға түседі.
Құрманғали Нұрғали, саяси сарапшы
ПІКІРЛЕР