Мереке және құндылық

Мереке және құндылық

Бүгінгі барша қазақ қоғамын толғандырып отырған руханилықтың тоқырауы, жастар мен жас жеткіншіктер арасындағы субмәдениет элементтерінің кең таралуы телеэкрандар мен кинотеатрларды, интернеттегі жаулап алған құнсыз ақпараттардың нәтижесі.

Дәстүрлі қазақ дүниетанымындағы елі мен жерін қорғаған батырлардың орнын шоу бизнес өкілдері басты. Телеэкран мен әлеуметтік желідегі олардың бейнесі мен сән-салтанат пен рахатқа толы молшылықтағы өмірі қалыпты өмір мен  тұрмысқа қажетті қарапайым тұтыну тауарлары мен басқа да игіліктерден айырылған жастар үшін мұратқа айналды. Осылайша жастар санасында «төңкерілген», «өңі айналған» құндылықтар басымдылыққа ие бола бастады. Осындай өтпелі кезеңде қоғамда нақты әлеуметтік мұрат қалыптаспаса, адамның өз мүмкіндіктері мен қабілетін дұрыс бағаламауы оны енжарлыққа душар етіп, оның бойында девианттылық жүріс-тұрыс пен мінез-құлықты қалыптастырады. Мұндай тұлға саналы немесе бейсаналы түрде өзін қоғамға қарсы қояды және өзі сияқтылармен топтасуға бейімділік байқатады.

Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жарнамаланып отырған өркениеттік игіліктер мен оларды иемдену арасындағы сәйкессіздік, яғни басқаша айтқанда, қажеттіліктердің шексіз көбеюімен, оларды қанағаттандырудың шектілігі арасындағы қайшылық әлеуметтік аномияға немесе тұлғаның транслиминалдық күйге түсуіне алып келуі мүмкін.

Бұл нарықтық тауарларды, ойын-сауықты тұтыну адамдардың өздерін зат арқылы тануын білдіріп, тұтыну немесе заттар фетишизациясы тек қана тұтынудың талғамдық және эстетикалық сұраныстарын анықтамайды, сонымен қатар қоғамдағы белгілі бір әлеуметтік иерархия мен қатынастарды орнатады. Қазақстанда да ұлттық мәдениет туындылары мен құндылықтарын біз тек тұтыну факторы арқылы байқаймыз. Мысалы, Наурыз тойын өткізу барысындағы ұлттық нақыштағы киімдер киіп шығуы кезекті қойылым, ұлттық нақышта жасалған заттарды біз тек интерьер үшін қажетті сувенир, тіпті бұқаралық тұтынуға арналған кезекті таралым ретінде таниды. Бұл заттардың өзіндік шынайы мақсаттылығы мен мәнділігін жоғалтып, симулякрлармен ауыстырылып жатқандығын білдіреді. Мұның салдары заттар өз қызметтілігін жоғалтып, таңба қасиетіне ие болады, болмаса тұтыну контекстіне еніп, маңыздылығын жоғалтып, шынайылыққа емес, керісінше абстрактілі саналатын таңбалар қатынасына негізделген жүйе шеңберінде тұтынушылық басты фактор ретінде орнығады.

Бұл мәдени жаттануға апарып, адам өз мәнінен алыстайды. Шындығында адамға қызмет етуге тиісті заттар мен игіліктер, түптеп келгенде, адамды өздеріне бағындырады. Сөйтіп, заттар мен игіліктер адамға емес, керісінше  адам осы игіліктер мен заттарға қызмет етеді. Бұл сәйкессіздік адамды рухани күйзеліске ұшыратады, адам кемелдену мен өз қасиеттерін жетілдірудің орнына, адам өзінің өмірін зат иеленуге бағыттайды.

Жалпы тұтыну философиясы адамның табиғи сұраныстарының терең қатпарларымен сәйкес келгендіктен, оның өзіндік табиғатымен сәйкестене түседі. Сондықтан оған деген мұқтаждық дүниетаным сондай құрылымдарды қадірлейтін азаматтардың түсініктерінде басымдық танытып отырады. Бірақ бұл адамның рухани дамуы мен тұлғалық сапалы өзгерісіне үлес қоса алмайды. Сапалы өзгерістерге тұлғаның ұмтылыстарынан, өзін бағындыра білген қадамдары жатады. Сондықтан құндылықтар бағдары адамды рухани дамыту мәселесімен тығыз байланыста екенін атап өткен жөн.

Демек, ұлттық мәдениеттің жаңғыруын зерделеп, қазіргі күйі мен болашағын бағамдау заман талабынан туған сұраныс. Бұл тұста Қазақстан қоғамының дәстүрлі құндылықтары мен либералды-демократиялық қоғам құндылықтарының конструктивті сұхбаты өте қажет.

Сондықтан бізге мерекенің мәдени тарихын білу, мәдени құбылыстардың дәстүрлі, ара салмағын анықтау маңызды. Мереке заман ықпалымен дамып тұратын жүйе. Мереке даму тарихында олардың ескі формалары қоғам талғамына сай өзгеріп немесе жойылып, болмаса көнелері жаңа сипат алады.

Дегенмен 22-ші Наурыз мерекесінің құндылықтарының маңызы жоғары болуы керек. Себебі, Наурыз кеңестік кезеңде тыйым салынған, қу­да­лан­ған барлық қазақы мәдени құндылықтардың рәмізі іспетті. Наурыз мерекесінде құндылықтарымыз ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып, құлақтан кете бастаған көне му­зыка, ұлттық ән мен күй және біздің қазақтығымызды айшық­тай­тын ұлттық киім, ұлт­тық аспаздық өнер, қазақтың болмысы, салт-санасы, тарихы бар.

Елімізде 22-ші Наурыз мерекесінің тойлануы да бір сарында өткізіліп, жүйелі реттелмей, бірізді тойлаудың жүйесі әлі де қалыптаспай келеді. Қысқасы, Наурыз мерекесіне өз мағынасын жүктеп, оны Жаңа жыл деңгейіне көтеру әрекетін қолға алу қажет. Ендеше алдағы басым міндеті Наурыз мейрамының Жаңа Жыл ретіндегі ұлттық мәнін көтеру, мемлекеттік маңызын тереңдету, мерекелік мәдениетімізде институционалды ету болғаны дұрыс. Себебі халқының төл мәдениетін, оның өткені мен бүгінін білмеу ұрпақтар сабақтастығының, замана жалғастығының үзілуіне әкеліп соғатындығы, ал мұның тұтастай алғанда адам мен халық дамуына айтарлықтай нұқсан тигізетіні тарихтан белгілі.

Наурыз мерекесінің құндылықтарына басымдылық беріліп, сахналық кейіптен арылтып, негізгі міндеті қарым-қатынас жасау, мәдени ақпаратты жинақтау, сигникативтік, тынығу немесе психологиялық, рухани жүдеп-жұтаудың орнын толтыру, қоғамдық пікір мен қоғамдық көңіл күй қалыптастыру секілді күнделікті өмірді байыту және толықтыруға бағыттау керек.

Мерекенің шынайылығы, ұлттық бояуы басым болса, халықтың жаппай қабылдап, қуана қарсы алатын мерекеге айналары сөзсіз. Сондықтан мереке құндылықтарын жаңартуға талпыныс, терең мән-мағынасын зерттеп, әлі де құндылығын бағалау қажет.

Ж. Әбікенов, PhD, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, Философия және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0