Қос қайраткер, яғни біздің ауыл туралы әңгіме

 Ауданымызда тәрбиелік мәні зор, игілікті шараның куәсі болдық. Құт қонған Жалағаш жері таланттарға кенде емес, Жалағаштың қайраткер ұлдары мен қыздары бүгінгі таңда еліміздің әр қиырында, алды шет елдерде еңбек етіп жатыр. Біз осы азаматтармен мақтанамыз, осындай ерлерімен елдің де еңсесі биік.
Киелі Жалағаш өңірінен шыққан жазушылар мен ғалымдарды тізбелесек өзінше бір шоғыр шоқ жұлдыздай. Осы тұлғалардың ішінде Қазақстан Журналистер одағының мүшесі жазушы-журналист, өлектанушы, Жалағаш ауданының Құрметті азаматы, біздің ұстаздарымыз, қос қайраткер Сәбит Иманғалиев ағамыз бен Қыстаубаева Зүбайра апамыз да бар. Ағамыз биыл мерейлі жас сексенге толып, туған жерге тағзым етуге елге келіпті. Бүгін ғалым ағамызбен, апамызбен аудан тұрғындарының кездесуі өтті. Алыстан ардақты ағамыз бен апамыз келгесін кездесуге қатыстық, қаладан ағайдың шәкірті Әмір бауырым да арнайы келді.
Сәбит ағай, Зүбайра апай дегенде сонау алыстап қалған балалық бал дәурен ойға оралады. Қызылқұм қойнауындағы Аққыр совхозы, ауылдың шетіндегі бір қабатты ескі мектеп, мектептің алдындағы шаршы алаң. Қою қара шашын артқа қайырған, тіп-тік тұлғалы, қара кәстөмі мен ақ көйлегі, галстугі бәрі-бәрі өзіне жарасып тұратын, жылы жүзді сымбатты жігіт, «Саламат па, балалар!» – деп класқа кіріп келер еді. Әрі қарай сабақ, басталып, оның қалай аяқталғанын білмей де қалушы едік.
Сәкеңде екі, тіпті үш мамандық бар. Алғашқы мамандықтары дәрігер-мұғалім, оған кейін журналистігі қосылды. Анам марқұм қайнысын доғдыр бала дейтін. Сәкең алдымен ауруханада дәрігер болды, сосын білім беру саласына ауысты, мұғалім, директордың орынбасары болды. Үйде кішкентай балалар ауырып, тымауратып қалса анам, «Доғдыр баланы шақырып кел» немесе «Доғдыр балаға көрсет, қандай дәрі екен» – деп бізді ағайға жұмсайтын. Сәкеңе деген сенімі, мейлі ол мұғалім болып кетсе де анам сөйтіп Сәкеңді шақыратын.
Сәкеңнің балалық шағы Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарына сәйкес келеді. 1942 жылы Жалағаш ауданының қазіргі Жаңаталап ауылында дүниеге келген Сәкең ауылдағы жеті жылдық мектептен білім алып, арман қуып, Қызылорда қаласына келді. Осындағы медицина училищесіне түсіп, 1962 жылы фельдшер мамандығын алып шықты.
Алғаш еңбек жолын 1962 жылы Жаңаталап колхозында фельдшер болып бастады. 1964 жылы Қызылқұмнан қой өсіретін жаңа шаруашылық Аққыр совхозы құрылғанда совхоз директоры Камал Бердәулетов ағамыз Сәкеңді Аққыр совхозына жұмысқа шақырды. Сөйтіп 1962-1966 жылдары Аққыр совхозында фельдшер, учаскелік аурухананың меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды. Өткен ғасырдың 60-80 жылдары шалғайдағы елді мекендерді айтпағанда аудан орталығының өзінде жоғары, арнаулы білімді маман дәрігерлер тым тапшы еді. Сәкең елге осындай кезде келді. Алыс мал жайылымдарын аралау, малшылар мен шопандардың денсаулық жағдайын бақылау, уақытылы тексерістен өткізу сынды шеті-шегі жоқ жұмыстарды сол жылдары Сәкең совхоздың учаскелік ауруханасындағы қызметкерлердің шағын ғана құрамымен атқарып еді.

*     *     *
Біздің ауылда өткен күндер жайлы Сәбит ағай өзі былай деп еске алады.
«Аққыр дегенде көз алдыма сонау алыстап қалған күндер келеді. Ауылдағы абзал ағаларым, алтындай асыл жеңгелерім, құлын-тайдай тебіскен құрдас замандастар еске түседі. 1964 жылы Қызылдың қиясында жаңа  Аққыр совхозы бой көтерді. Мен бұл кезде бергі ауылда,  Жаңаталап совхозында медпунктте дәрігер болып жұмыс істеп жүр едім. 1966 жылдың қазан айында Қызылқұм өңіріндегі жаңадан құрылған «Аққыр» қой совхозында дәрігерлік пункт ашылды да  мен осы мекемені басқаруға шақырылдым. Бұл Жаңаталап және Жалағаш қой совхоздарының негізінде құрылған совхоздың жаңа үйлері бой көтере бастаған кез болатын. Көп ұзамай совхоздың басшы аппараты отыратын кеңсе үйі дәрігерлік пунктке арнайы босатылып берілді. Кейіннен бұл учаскелік аурухана болып құрылып, онда медбикелер Қайырбаева Райкүл, Бегалиева Тынышкүл, Досболова Баян, акушер қыз Жәниева Райша және бірнеше кіші медбикелер болды. Ал шаруашылық жағын Қожахметов Төлепберген  басқарды. Аз уақыт ішінде совхоз орталығы ғана емес, көрші ауылдан фермадағы шопан отбасыларынан науқастар келіп емделе бастады. Сол 1966 жылдың қараша айында мен совхоздағы бастауыш комсомол ұйымының хатшылығына сайландым.
Осы жерде әлі іргетасы толық қаланбаған совхоздың тізгінін ұстаған небәрі 41 жастағы жас директор Кәмекеңнің (Камал Бердәулетов ағамыздың) қажырлы еңбегін айтпай кетуге болмас. Түр-тұлғасына қарап ересек көрінетін, байсалды да ойлы, келбетті азамат алғашында бізге сұсты көрінді. Бірте-бірте ауылға жасай бастаған игілікті істеріне қарап, тұрғындар  да оны жақын тарта бастады. Ол бізге жан-жақты толысқан, елге сүйеніш болған ақылгөй аға тәрізді болып көрінетін. Бір күні ол өзінің кабинетіне мені шақырып алып, «Қалқам, Сәбит, осы жердегі халық көрші Жаңаталап аулынан көшіп келгендер, яғни өзіңнің ағайындарың. Сені сол жақтан шақырып алған осы туысқандарың. Енді дәрігерлік жұмыспен қоса жастарға да  басшылық жасасаң. Ауылда бірсыпыра жастар бар, солардың басын қосып, көркемөнерпаздар үйірмелерін ашып, аудандық байқауға концерт даярлау керек» – деді.
Ол кезде ауылдың ғана абыройын ойлаған жастармен бірге басшы ағаның жоғарыдағыдай ұсынысына келісіп, іске кірісіп кеттік. 1967 жылдың қаңтар айында совхоз басшылары Қазалы аудандық музыка мектебінің директоры болып жүрген жоғары білімді музыкант Қали Ибраевты ауылға алдырды. Қалекеңді совхоз партия ұйымының секретары Шайзат Төлегенов ағамыз әкеліп таныстырды. Көрші «Жаңаталап» совхозының тумасы Қалекең біздің көркемөнерпаздар үйірмесінің жетекшісі болып белгіленді. Ол жаңадан сатып алынған музыкалық оркестрдің үрмелі аспаптарына әрқайсысымызды отырғызып, нотамен ән үйрете бастады. Сәуір айында болатын аудандық көркемөнерпаздар байқауына жан-жақты даярлық қыза түсті. Оған совхоздың әр саласында еңбек етіп жүрген Мәлік, Нұрлыбек, мен, Зордан, Төлепберген, Орынбек, Жақыпбек, Қаһар, Жәмке, Ғалия, Райша, Райкүл, Дүйсенкүл, Күләй, Дина, Қайыпназар, Иса, Тынышкүл, Құллы тағы да басқа жастар белсене қатысты. Совхоз директоры Кәмекең күнделікті кешкі дайындықты қатаң бақылайтын. Оған бірде парторг Шайзат, бірде профком Шәукімбай қатысып отыратын.
Көп кешікпей Жалағашта аудандық Мәдениет үйінде болған көркемөнерпаздар байқуына қатыстық. Жазушы-драматург Қалтай Мұқамеджановтың, «Осындай да кездесу болады» деген пиесасын сахналадық. Мәлік, мен, Зордан, Төлепбергендермен құрылған домбыра оркестрі бірнеше күй орындадық. Дайындық кезінде Шәукімбай ағамыз маған нақтылап, «Ауданға барғанда Жақаңды көзден таса қылма» – дейтін әзілдеп. Онысын түсіне қойып Жақыпбекті қасымыздан қалдырмайтынбыз. Әдетте бойында таланты бар адамның аздаған «еркелігі» де болады. Онысын көтермеске болмайды. Жақыпбек аудан сахнасында концертті жүргізуші болып, әрі Оспанхан Әубәкіровтің бірнеше сықақ өлеңдерін орындап көрермендерді күлкіге қарық қылды. Қыздарымыз ән айтып, би билеп көпшілік бұл шараны ойдағыдай тамашалады. Нәтижесінде аудан бойынша өткен өнер бәйгесіне қатысқан 14 совхоздың арасында жүлделі бірінші орынға ие болдық. Құрылғанына небәрі 4 жыл болған «Аққыр» совхозы көркемөнерпаздарының бұл жеңісі жайлы аудан басшылары құттықтап, біраз уақытқа дейін газетке жазып, жиындарда айтылып жүрді. Кейін көрші «Жаңаталап», «Мәдениет» совхоздарына барып концерт қойып жүрдік.
1969 жылдың күз айы болатын. Ауыл мәдениетін дамыту жайлы облыстық семинар-кеңес болды. Өткен жылы ғана асармен біткен екі қабатты еңселі  мәдениет үйінде болған үлкен жиында аудан, облыс басшылары совхоз орталығын аралап көріп, қорытындысын талқылап жатты. Риза болған 200-ге жуық қонақтар арасында сөз алған сол кездегі «Коммунизм» совхозының директоры Шәменов Мөрәлі ағамыз, «Мұндай әсем үйлер, жасыл желек ағаш, түзу көшелер, екі қабатты биік мәдениет үйі аудан көлемінде жоқ. Құрылғанына небәрі 4 жыл ғана болса да Аққыр совхозы бәрімізден озды» – деп аққырлықтардың табысын таңдана мойындағаны әлі есімде.
Кәмекең әсіресе халықтың тұрмыс жағдайына айрықша көңіл бөлетін. Бірде фельдшер болып жұмыс істейтін Жолаушы деген ағамыздың үйіне Қызылордадан қонақтар келіпті. Үй иесі түнде солардың мініп келген көлігімен үйіне пішен түсіріп алады. Мұны біліп қалған директор ертеңінде оны шақырып алып, «Жолаушы қалқам, бір түнге келген қонақтың машинасын пайдаланбай-ақ, орынбасарым Байсейітке айтып, кезекпен берілетін көлікті күтпедің бе?» – депті. «Сондағы ұялғаным-ай!» – дейді кейін қайран Жөкең.
Осы жылдары совхоз орталығында жаңа үйлер тез көбейе бастады. Молдавиядан келген мединститут студенттерінің құрылыс отряды шет жақтан «Дойна» көшесін тұрғызды. Бұл «Садовая», «Отябрьдің 50 жылдығы» көшесінен кейінгі жаңа салынған үшінші көше болатын. Совхоз орталығында 150-ге жауық түтін пайда болды. Басшылық тарапынан совхоз тұрғындарының әлеуметтік жағдайына ерекше мән берілетін. Олар малға шөпті қайдан орып, қалай әкелемін, отын әкелуге көлік қайда, соғымды кім береді, көрші ауылдағы тойға қалай барамыз деп бас ауыртпайтын. Совхоз директорының әр  кездері орынбасарлары болған Сансызбай, Байсейіт, Бердібек, Райхан, Зайыр, Жанәлі, Зейнулла тағы басқа ағаларымыз жоғарыдағы тұрмыстық мәселелерді рет-ретімен үнемі шешіп отыратын. Бұл жерде совхоз директоры Кәмекеңнің басшылық жасаудағы ұйымдастырушылық қабілеті, халыққа қамқорлығы көрініс тауып отыратын. Ол кісі барда совхоз тұрғындары ешқандай мұқтаждық көрмейтініне сенді. Мұның барлығы темірдей тәртіптің нәтижесі еді.
Совхоз дирекциясы ауылдың мәдени жұмысына да айрықша көңіл бөлетін. Совхоз бухгалтері Қайырбаев Нұрлыбекті Алматыға оқуға жіберіп, оператор болып оралған ол, видеокамерасымен совхоз өмірін бейнелейтін 2 сағаттық видеофильм түсіріп көпшілікке ұсынды. Сол жылдары совхоздың комсомол ұйымы біріктірген жастар белсенді болатын. Әр түрлі мәдени шаралар, мал азығын дайындау, көшелерге ағаш егу, фермаға қолғабыс ету, үй тұрғызу, құрылысы екі жылға созылған мәдениет үйін асармен бітіру – ауылдың жайын ойлаған әрбір тұрғынның қолғабыс етуі қалыпты жағдай болатын.
Қанша қиын жұмыс болса да жастардың бойларында намыс оты алаулап, ынтымақ лебі есіп тұратын. Аталған жұмыстардың барлығы ауыл адамдарының туған жерді гүлдендіруге бағытталған шексіз ықыласы ғана емес, туған топыраққа деген іңкәр сүйіспеншіліктен туған қадамдар еді.
Аз уақыттан соң, Камекеңнің қызметі өсіп, облыстық үлкен бір мекемеге басшы болып  жоғарылатылды. Небәрі  сегіз жылда жасыл желекке айналған Аққыр ауылының азаматтары үлкен жүректі шаруашылық басшысын облыс орталығына қимастықпен шығарып салды. Араларында толқығандары да болды. Ол осы лауазымды кызметте 20 жылдай тер төгіп, еңбек етті. Кейін еңбек демалысына шыққан соң да, он шақты жылдай Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесін басқарды. Облыс ақсақалдарының әлеуметтік, мәдени, тұрмыстық, өміріне белсене араласты. Сонау Ұлы Отан соғысынан оралған соң жоғары білім алып, бүкіл саналы ғұмырының жарты ғасырын ауыл шаруашылығына арнаған Кәмекеңнің еңбегі бірнеше орден, медальдарымен қатар 2009 жылы «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атағын алумен де бағаланды. «Бір адамның жаққан отына жүз адам жылынады» – деген сөз бар қазақта. Ендеше сонау 1960 жылдары Қызылқұм өңірінен мыңғыртып мал өсірген, қала салып көшелеріне жайқалтып тал өсірген Аққыр ауылында Кәмекеңнің жаққан отының жылуын сезбеген, қамқор көңілін білмеген жандар кем де кем шығар. Олар Аққыр совхозының қалай құрылған тарихын қазір жыр ғып айтады. Барлығы да орындалған игілікті істер. Барлығы да адамға деген қамқорлық болатын.
Бүгінде біз де біраз жасқа келіп қалдық. Ауылдан ірге көтергелі де бірталай уақыт болды. Бірақ Аққыр дегенде ет жүрегіміз елжіреп, алыстап қалған жастық дәурен еске түсіп, көңілімізді сағыныш лебі шарпитыны анық…»

*     *     *
Денсаулық сақтау саласында еңбек еткенімен Сәкеңді өнер мен әдебиет өзіне тарта берді. Жоғарыда өзі айтқандай совхозда жүріп көркемөнерпаздар үйірмесін ұйымдастырып, түрлі қойылымдар қойып, ол қойылымдары мен концерттік бағдарламалары аудандық байқаулардан жүлделі орындарды алып жүрді. Сол кездегі Сәкеңнің қатарлары, замандастары ауылдағы Нұрлыбек, Мәлік, Жақыпбек, Қаһар, Жақсан, Қуанышбай тағы басқа ағаларымыз еді. Олардың бірі механизатор, бірі бухгалтер, бірі шопыр, енді бірі шопан, жоғарыда айтқан көркемөнрепаздар үйірмесінің жұмыстарын  Сәкең осы құрдастарымен атқаратын.
Өнер мен әдебиетке деген құштарлық Сәкеңді ақыры  Алматыдағы сол кездегі С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне алып келді. Университетті 1972 жылы бітіріп шықты. 1972-1974 жылдары Аққыр совхозындағы №188 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, мектеп директорының орынбасары қызметтерін атқарды. 1974-1980 жылдары Мәдениет совхозындағы №32 орта мектептің директоры қызметіне келді. 1980-1990 жылдары Қызылорда қаласында білім беру саласында еңбек етті.
Сәкеңнің облыстың қоғамдық өміріндегі белсенді қызметі 1990-1999 жылдары еді. Бұл кезде Сәкең Қызылорда қалалық Қазақ тілі қоғамының төрағасы, қалалық тіл басқармасының бастығы, қалалық әкімшіліктің жауапты қызметкері болды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап қазақ тілінің қолданылу аясының кеңеюіне, меншік нысанына қарамастан барлық мекемелерде іс қағаздарының қазақ тілінде жүргізілуіне күш салды. Жалпы еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері қарайғы істеген ісінің барлығы еліміздің тә¬уелсіздігін баянды етуге бағытталды.
Ұлт¬¬¬тың тілін қорғау, өзін қор¬ғаумен тең, себебі ұлттың тілі болмаса ұлт та жоқ. 1990 жылдары Сәкең облыста, аудандарда қазақ тілі үйірмелерінің ашылуына атсалысып, ұрпағымыз нағыз тәуелсіз елде өмір сүрсін деген ниетпен іс қағаздарының қазақша үлгісін жасады. Оны жеке кітапша етіп шығарып, «Орысша-қазақша сөздік» құ¬рас¬тырды.
1993-2016 жылдар аралығында Қа¬зақстанның әр кездері ас¬танасы болған Қызылорда, Алматы, Нұр-Сұлтан қалала¬рының көшелері туралы үш тілде, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде көлемді кітаптар жазып, көпшілікке ұсынды. «Қызылорда көшелері», «Алматы көшелері», «Астана көшелері» атты бұл кітаптары Сәкеңнің үлкен еңбегі еді. Сондай-ақ 2019 жылы ауданның 80 жылдығы қарсаңында «Жалағаш көшелері» кітабы жарық көрді. Әр қаланың тұрғыны өз қаласындағы көшелердің атауын, көшеге есімі берілген кісінің қандай тұлға екенін білмейтіні жасырын емес. Осы орайда Сәкеңнің бұл еңбектері жас ұрпақты өз өлкесінің тарихын білуге, Отанды, туған жерді сүюге баулитын тамаша құндылық болғанын атап айтуымыз қажет.
Сәкеңнің әулетін ұстаздар династиясы десе де болады. Сәкеңнің әкесі Иманғали атамыз да мұғалім болса, жұбайы Зүбайра апамыз да білім беру саласының үздік қызметкері. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Зүбайра апамыздың 1989 жылы «Мектеп» баспасынан 9-11 сынып оқушыларына арналған «Қазақ тілі» оқулығы 17 мың таралыммен жарық көрді.
Сәбит ағамыз бен Зүбайра апамыз 2008 жылы халық¬аралық «Заман-Қазақстан» гବзеті ұйымдастырған «Үл¬гілі отбасы» байқа¬уының же¬ңімпазы атанды. 2018 жылы Алматы қаласы бойынша 131 отбасы бақ сынаған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына қатысып, оның да бас жүлдесін жеңіп алды. Осы байқаудың рес-публика көлемінде өткен жалғасында да жүлдегер болды. Бас жүлдегер болатын себебі де бар. Иманғалиевтар отбасының жеткен жетістіктерін тізе берсек өте көп. Оның бәрін айтпай-ақ, бес баланың үшеуінің ғалым болуы, бір отбасынан екі Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, екі ауданның құрметті азаматының шығуы, осы отбасы мүшелерінің он жеті кітабы жарық көруі – бұл отбасының зиялы да, ұлағатты әулет екенін көрсетсе керек…

 Т. Адисұлы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0