Таэквондошылар Кипрде өткен Еуразия чемпионатында рекордтық медаль жеңіп алды

 TaeKwonDo GTF бойынша Қазақстан құрамасы 36 медаль жеңіп алды, оның 14-ін ақтаулық жаттықтырушы Бүркіт Исакұлының шәкірттерінің еншісінде. 28-29 қазан аралығында Кипр елінің Гирне қаласында өткен чемпионатта жерлестеріміз 9 алтын, 3 күміс, 2 қола медаль жеңіп алды.

«Хенг» бөлімі бойынша Бүркіт Исакұлы, Әлихан Аман және Әлихан Қайратұлы жеңімпаз атанды. Ал Дархан Әли мен Ақылбек Дүйсенбаев екінші орынды иеленді. Жүлделі үшінші орын Ерасыл Ержанұлы және Данияр Жұмашевқа бұйырды.

“Массоги” аталымында Әлихан Аман, Дархан Әли, Әлихан Қайратұлы, Ерасыл Ержанұлы, Ақылбек Дүйсембаев және Данияр Жұмашев жеңіс тұғырының бірінші сатысына көтерілді. Күміс медаль Бүркіт Исакұлына бұйырды.

Командалық есепте бірінші орынды чемпионат қожайындары Кипр спортшылары иеленсе, медальдар саны бойынша Қазақстан құрамасына екінші орынды, Норвегия жауынгерлері үздік үштікті, ал төртінші орынға Молдова командасы тұрақтады. Чемпионатта әлемнің 11 елінен 500-ге жуық спортшы бақ сынасты.

“Ақтау қаласының атынан жарысқа жеті спортшы аттанған болатын, барлығы да жүлдеге ие болды. Жалпы бәсекелестік күшті болды, бірақ біз тек жеңіске жетуге бел будық. Бізге сенім білдірген барша тілекші жандарға шын жүректен алғыс айтамын. Әсіресе, байрақты бәсекеге барып келу жолын көтерген ата-аналарға ерекше алғысымды білдіремін», – деді Маңғыстау облыстық “TaeKwonDo GTF” ұлттық федерациясының президенті Бүркіт Исакұлы.

Айта кетейік, таэквондодан бапкер Бүркіт Исакұлының өзі де ересектер арасында сынға түсіп, 2 медальді қанжығасына байлады, атап айтқанда алтын және күміс жүлдеге қол жеткізді. Сондай-ақ ол Кипрде өткен бәсекеде қара белбеу ІІІ данға тапсырған емтиханнан сүрінбей өтті.

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0