Өмір сақтандыруының дамуы – әлеуметтік жағдайға тікелей тәуелді…   

Өмір сақтандыруының дамуы – әлеуметтік жағдайға тікелей тәуелді…   

Өткен ғасырдың 80жж. аяғы болуы тиіс. Майкл Джексон мұрнын өзгертіп, соны сақтандырыпты деген ақпарат шартарапқа тарады. Баламыз ғой. Әйтсе де, біртүрлі әсер еткен еді. Бәлкім, сол кездегі қоғамның ықпалы да жатқан болар. Атағы жер жарған әйгілі әншінің олай етуі ендігі біздің қоғам үшін де қалыпты саналса керек.

Тағы да кейін шегініс. XXғ. 90 жж. басы. Оқушы кезіміз. Сонда бір апай әлдебір Сақтандыруды насихаттап, әрі соған жарнапұл сұрап жүретін. Пошта маркасы ретінде шығарылған пәлен данасы  кейін жарамсыз болып қалған-ды…

Сондай аумалы-­төкпелі кезеңнен өткен халқымыздың арасында өмірді сақтандыруға деген көзқарас қандай? Білім саласымен, интеллектуалдық, әншілік қарым­-қабілетпен (мысалы, дауысты сақтандыру) байланысты сақтандыруға қатысты ше? Босқа ақша шашу немесе еріккенннің ермегі санай ма, әлде, керісінше, ме? Мақаламызда осы жағын да қозғамақпыз…

Өмірді сақтандыру немесе иншуранс­-лайфқа тұрмысыңыз лайық па?..

 «Сақтықта қорлық жоқ» деген ғой бабамыз. Әрі өмірге өтеу ретінде жүретін ештеңе жоқ. Мына дүниеде. Сондықтан да құнын өлшеуге келмейтін өмірді, өркениетті елдер бағалағаны сонша, денсаулығын күйттеуге, жан саулығын сақтауға көмектесетін, қосымша жолдар іздеді. Сұраныс болмаса, ұсыныс болмайтыны белгілі. Сақтандыру да қоғам сұранысының көрінісі.

Бүгінгі күні өмірді сақтандырудың арнасы кеңейіп келеді. Мәселен, тек ауруға шалдыққанда емдеуге не майып болғанда жәрдемесуді ғана қамтымайды. Білімді, интеллектуалды саланы да сақтандыруға мүмкіндік бар.

Әдетте, өмірді сақтандырудың төрт түрі кездеседі. Мына инфокестеде жазылғандай.

Screenshot_20240926_180922_Word.jpg

Соған сәйкес, түсінік берсек… Өмір бойына сақтандыруға, жоғарыда келтірген М. Джексонның мұрын сақтандыруы жатады. Бірдеңе бола қалса, Сақтандыру әншіге түскен салмақты бөлісуге әркез дайын тұруы тиіс деген секілді. Ал, Уақытшаға ше? Мәселен, Халық-Life­-тың «Bilim-Life» бағдарламасы бар. Мұнда белгілі бір жаспен шектеледі, яғни, сол уақытқа дейін ғана сақтандыруға болады. Тәуекелді сақтандыруға келсек. Бұған тау-кен, құрылыс т.б. салаларда жұмыс істейтіндерді мысалға алсақ, ұғынықты шықса керек. Мәселен, жұмыс үстінде әлдебір жарақат алса не кәсіби қызметпен байланысты ауруға ұшырап, мүгедек болып қалды делік. Сондай кезде жәрдемі тиеді. Аралас сақтандыру, өзі аты айтып тұрғандай, мұнда аяқасты болатын оқиғалар, кәсіби қызметпен байланысты ауруға ұшырау, келісім-шарттың белгілі бір мерзімге не өмір бойына жасалуы т.с.с. әртүрлі негіздерді қамтиды.

Біздің қоғам көлікті сақтандыруға үйренді. Басында, желге ұшқан ақша секілді қарайтын. Бүгін автокөлігі соға қалса, қаржылық жағын Сақтандыруға тапсырып, арқаны кеңге салған адамдарды да кездестіруге болады. Олай болса, өмірді сақтандыруға да, қоғам көзқарасы бірте­-бірте кеңейе бермек. «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген қазақ қой.

Қазақстанда, дамыған елдердегідей, өмірді сақтандырудың қанатын кең жая алмауының екі себебі болса, соның бірі – орта таптың үлесі қоғамда аз (әртүрлі ақпараттарға назар салсаңыз, 5-10%, әрі кеткенде 20%-дан аспайды), дамыған елдердегідей еместігі немесе кедейлердің қатары қалың екендігі. Әдетте, ерікті сақтандыруға серпін беруші – орта тап. Ал, Бүкіләлемдік банктің есебіне қарасақ, халқымыздың 15,5%-ы кедей, яғни, үш миллионнан аса адам жарлы-жақыбайдың күнін кешуде. Банк айтпай-ақ, төменгі және медианды жалақылар-ақ елдің әлеуметтік жағдайының қандай екенін көрсетіп тұр. Мәселен, еліміздегі төменгі жалақы – 85 мың теңге немесе 160 еуроға да жетпейді. Медиандық жалақы, яғни көбісінің алатын айлық еңбекақысы 280 мың теңгені төңіректейді. Отбасында үш бала бар делік. Мұндай жағдайда, айына 10%-дан аса табысын (әр баланы сақтандыру ақысы айына 10 мың теңге делінсе, 30 мың тг) өмір сақтандыруына құюға тура келеді. Расында, солай ете ала ма? Күмәнім бар… Ал, дамыған елдер – Ирландия, Нидерланды және Германияда төменгі жалақының өзі ендігі 2000 еуроның үстіне шықты. Тіпті Германияда әр балаға кәмелетке толғанша, мемлекет тарапынан 250 еуро төлейді екен. Солай төлесе, ата-ана жартысын баласына аудара салмай ма?! Өз ақшасы, әрі алдынан шығады деп. Ал, бізде айлық төменгі жалақының өзі, неміс еліндегі жәрдемақыға жете алмай келеді. Сондықтан да елдің жағдайы оңала түссе, халық өзінің кем-кетігін толтыруға тырысса керек. Мұның ішінде өмірді сақтандыруға да сұраныс артуына жол ашыла түседі ғой деймін, әйтпесе, иншуранс­-лайфқа, жұртымыз да лайық-ақ…

Дамыған елдердің Сақтандыруы да дамып кеткен

 Әлемдік деңгейдегі сапалы, ықпалды сақтандыру компанияларының көбісі Батыс елдеріне тиесілі. Мұның ішінде ғасырдан ғасырға өтіп, бүгінде іргелі компанияларға айналғандары да бар. Мәселен, Allianz SE деген Германияның сақтандыру компаниясы 1890ж. құрылған. Дүние жүзі бойынша 1-орында келеді (төменде инфокестеде көрсетілген). Бір ғана компанияның жылдық таза пайдасы $10 миллиардтай. Биылғы I­-тоқсандағы таза пайдасы 21,8%­-ға артып, 2,6 млрд еуроға жетті. Компания құны €115 миллардтың үстінде. Актив қорын қозғамай-­ақ қояйын. Салыстырайық. Қазақстан экономикасы $261 млрд. Сонда бір ғана компания тұтастай біздің ел экономикасының жартысын жуықтап тұр! Таза пайдасын салыстырсақ. Мемлекет басынан сипап отырған «ҚазМұнайГаз» деген бай да, «ерке» компанияның таза пайдасынан 2,5 еседей жоғары! Жер жүзінің жетпістен астам елінде, 100 миллионнан аса тұтынушылары бар. Қызмет көрсету кәсібін осындай алып компанияға айналдыру оңай шаруа емес. Көмір не мұнай сатудан қиын екені анық…

Screenshot_20240927_174923_Mail.jpg

Бұл бір ғана мысал. Әйтпесе, АҚШ, Ұлыбритания т.б. елдердің айтулы өмірді сақтандыру компаниялары аз емес. Айналымы жүздеген миллиардпен есептелетін.

Бір ғана АҚШ-тың әлемдік сақтандыру нарығындағы үлесі – 44,9% немесе $3,2 триллион! 1,4 млрд. халқы бар Қытайдың үлесінен 4,5 еседей үлкен. Төмендегі инфографикаға назар салсаңыздар, біраз нәрсені аңғаруға болады. Мәселен, «Үлкен жетілік» елдерінің барлығы ондықта тұр. Жетеуіне әлемдік сақтандыру нарығының үштен екісі тиесілі!

Statista.com сайтының ақпаратына қарағанда, Сақтандырудың әлемдік нарығы биыл 9 триллион АҚШ долларының үстіне шығуы мүмкін. Шартты түрде мемлекет деп алсақ, экономика көлемінен үшінші орынға оңай­-ақ орналасар еді: АҚШ пен Қытайдан кейін. Егер, әлдебір кері оқиғалар болмаса, алдағы жылдары да өсе бермек. Бірақ, әлемдік сақтандыру нарығының әрі қарайғы кеңеюі дамушы елдерге тәуелді болса керек. Клиент өсімі жағынан алсақ. Әйтпесе, Сақтандыру активтерінің дені дамыған мемлекеттерде. Бұл саладағы қаржының ең үлкен бөлігі соларда. Бұған осы мақаладағы статистикалық мәліметтер арқылы да көз жеткізсеңіздер керек.

Screenshot_20240930_001108_Canva.jpg

Десек те, дамыған елдердегі халықтардың барлығы өмір сақтандыруына белсенді араласады, ақпаратқа қанық дей алмаймыз. Бұған, MarketWatch сайтында жарияланған, АҚШ-тағы сауалнама нәтижесі дәлел. Сонда: «Өмірді сақтандыруды сатып алмас бұрын нені білгеніңіз келеді?» деген сұраққа жауап ретінде: «Өмірді сақтандыру тұтастай қалай жұмыс істейтіні туралы көбірек ақпарат білу» дегенді 30.7%-ы таңдаған. Ал, өмір сақтандыруы туралы келісім-шартты жасау үшін, білетіні жеткілікті делінген адамдардың үлесі 17,5% ғана болған. Біздің қоғамның құлағына да алтын сырға, яғни, жұртымыз осы деңгейден асып кетеді дегенге сенесіз бе?..

Қазақстанда қатардан қара үзгені Halyk-Life

 «Халық-Life» – Қазақстандағы маңдайалды мемлекеттік емес сақтандыру компаниясы. Өмірді сақтандыру нарығында екінші жыл қатарынан, соның ішінде барлық қаржылық көрсеткіштер бойынша абсолютті көшбасшы. Сонымен қатар, 2023-жылдың соңында сақтандыру сыйлықақыларының көлемі бойынша Компания алғаш рет Қазақстандағы барлық сақтандыру компанияларының тізімінде бірінші орынға шықты. Осы жазда компания активі 441 млрд. теңгеге жетті. Соңғы 2 жылда тұтынушылар саны 12%-ға көтерілген екен. Биылғы сегіз айдың қорытындысын алсақ, сыйлықақы көлемі 201 млрд. теңге болған немесе нарықтағы үлесі – 34,5%. Зор көрсеткіш. Бұл саладағы әр үш теңгенің біреуі осы компанияға салынса, басқа не деуге болады?..

Өткен жылдың аяғында Халық-Life-­қа сақтандыру қорғаныстарын сеніп тапсырған адамдардың саны 1,3 миллионнан асты. Бұл дегеніңіз Шымкент секілді қаланың тұрғындарымен шамалас. Компания елдің әлеуметтік-­тұрмыстық жағдайы жыл сайын артып келе жатқан уақытта құрылған. Мұның өзі белгілі бір стратегиялық оң шешім. Бүгінгі күні Қазақстан нарығында бірінші орынға шығуы – сондай ұзақмерзімді стратегиялық қадамдардың да жемісі болса керек.

«Халық-Life» Қазақстан Халық Банкінің өмірді сақтандыру бойынша «Халық-Life_20240928_204502_0000.png

Клиенттер нарықта өз орны бар мықты компанияны іздейді, таңдайды. Сенімді және танымал бренд – адамдарды артық уайымнан арылтады. Қауіп күтпейді. Сақтандыру саласында да бұлар маңызды. Әрине, адамдарға сапалы қызметтермен қатар, тұтынушылардың пікірлері де әсер етеді. Сондай-ақ, бренд пен үздік қаржылық көрсеткіштер алғашқы әсерді қалыптастыруда және түпкілікті шешім қабылдауда шешуші рөл атқарады. Клиенттердің көп жағдайда сақтандырушы ретінде Халық-Life-ты таңдауын осындай себептермен байланыстырамыз.

Сөз реті келіп тұрғанда қоса кетейін, S&P Global Ratings сарапшыларының болжамына сүйенсек, «Халық-Life» АҚ еліміздегі өмір сақтандыру нарығында бәсекелестік деңгейі жоғары, әрі сақтандыру компаниясы 30%-дан астам сақтандыру сыйақысы бар нарық бөлігін және активтерін сақтап қалады. Сонымен қатар, S&P Global Ratings-тің есебінше, «Халық-Life» АҚ рейтингі, Халық Банк АҚ-нан едәуір жоғары. Себебі, Қазақстандағы реттеу режимі сақтандыру компаниясын қолдау мақсатында, оның қаржысы сыртқа шығуына шектеу қояды.

– S&P Global Ratings халықаралық агенттігі біздің жұмысымызды қайта жоғары бағалағаны үшін ризамыз. Өмір сақтандыру компанияларының үздігі атанған «Халык-Life» АҚ қаржылық тұрақтылығының расталуы біздің тұрақты қаржылық көрсеткіштеріміздің және дамуымыздың тиімділігін көрсетеді. Бұл жайт біздің компаниямыздың сенімділігін көрсетеді және клиенттеріміздің  бізге деген сенімін күшейтеді. Сақтандыру жарналары мен полистері сенімді қорғалғанына негіз бола алады, – дейді, «Халық-Life» АҚ Басқарма төрайымы Жұбаниязова Жанар.

Сондай-ақ, тынымсыз ізденістен туған түрлі бағдарламалары халыққа ұсынылуда. Таяуда ғана балаларға арналған «Балам» атты жаңа сақтандыру бағдарламасын жасады. Бұл сақтандыру жолымен, балалардың жарақаттануынан кейін болатын ем-шара, күтім шығындары үшін 1 миллион теңгеге дейін төлеуге болады. Өкінішке қарай, Қазақстанда балалардың жарақаттануы аз кездеспейді, әрі назар аударуды қажет ететін үлкен мәселе. «Балам» сақтандыру өнімі – баланың жарақат алған жағдайда сапалы медициналық көмек, күтім-сауықтыруға қажетті қаржылық көмек алуын қамтамасыз ететін ерікті сақтандыру полисі. Бұл полисті кез келген ата-ана HalykLife мобильді қосымшасында рәсімдей алады.  Төлемдер 3 жұмыс күн ішінде төленеді. Бұл бағдарламаның артықшылығы – баланы туғанынан бастап 18 жасына дейін сақтандыруға болады. Сақтандыру сомасы 1 миллион теңгеге дейін. Жыл бойы, 24 сағат дүниенің әр түкпірінде қызмет етеді.

 Қай сақтандыру түрлерін пайдаланушылар көп? «Бәйтерек» бағдарламасы үлкен сұранысқа ие екен. Аталған бағдарлама кепілді қаржылық қорғауға, ұзақмерзімді қаражат жинақтауға бағытталған. Сонымен қатар, инвестициялық кірісі барын қоса кеткім келеді. Мысалы, 15 жылға шарт жасап, айына 10 мың теңгеден салдыңыз делік. Сол уақыт өткенде, бонусын қоса есептегенде, 2 116 700 теңге болады. Тағы бір ерекшелігі, сақтандыру мерзімі ішінде адам ештеңеге ұшырамаса да, жиналған ақша төленеді.

Соңғы уақытта ел ішінде білімге деген сұраныс артқаны байқалады. Осы орайда, Bilim-Life­-тың да жұртқа берері бар. Сонымен қатар, жоғары білім алуға жағдай жасаудың қосымша тетігі ретінде «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі енгізілді. Былтыр елімізде 388 мыңнан аса бала дүниеге келді. Алдыңғы жылы 400 мыңның үстінде. Демек, алдағы 10-15 жылда жастардың көбін грантпен қамту мүмкін болмайды. Сондықтан Халық-Life-тың балаларға арналған білім сақтандыруы, ертеңгі жас ұрпақтың сапалы оқу орнына түсіп, мықты кәсіби маман болуына бір сеп…

P.S. Өмірді сақтандыру – өркениетті адамның жабайыдан айырмашылығын көрсететін  мәдениеттің белгісі, яғни, уақыттың жемісі. Әйгілі жазушы Марк Твен осылай деген екен. Бұған салсақ, Сақтандыру дегеніміз өркениетті қоғамның ажырамас бір бөлігі.

  • Сөз реті келгенде, қоса кетейін, елімізде МӘМС деген алып медициналық сақтандыру компаниясы барын білесіздер. Үкімет жанындағы. Қазанына халықтың триллиондаған ақшасы жиналған. Аты айқайлап тұрған компанияға қалың жұрттың сыны да аз емес. «Халықтың ақшасы арқылы өмір сүріп жатырмыз ғой, ойынан шығатындай әрекет етейік» деп үлкен оң өзгеріс жасап жатқан олар да жоқ. Бір себебі: бәсекелес компанияның болмауы. Ақша өзінен­-өзі келіп жатыр, басын ауыртып қайтсін… Сондықтан МӘМС­-ті бір компанияға бермей, нарықтық кәсіби бәсекелестік арқылы, басқа да сақтандырушылардың араласуына (әрі қарай халықтың да) жол ашылса дейміз.
  • Дамушы елдердің әлеуеті, салыстырмалы түрде алғанда, әлі де кең. Себебі, даму шегіне жетпеген. Қазақстан солардың қатарында. Осыны жақсы ұққан дамыған елдердегі өмір сақтандырушы компаниялар дамушы елдерге қарай жайылуда, жол салуда. Сондықтан отандық өмірді сақтандыру компаниялары өз нарығынан қапы қалмайтындай болуы тиіс. Әйтпесе, жүздеген миллиард АҚШ долларымен есептелетін қаржылық қуаты бар, әрі тісқаққан іргелі компаниялар бір күні ығыстырып жүрмесін…
  • Қазақстандағы өмір сақтандыру компаниялары қоғаммен ашық байланысын арттыра түскені абзал ғой деймін. Содан әуелі ішкі нарықтың көңілінен шығып, толғасын, болғасын, Орталық Азия мемлекеттеріне жайыла түссе дейміз. Алыс­-жақын елдердің нарығына орнықса, көкжиегі кеңісе, несі айып…
  • Қоса кететін және бір жәйт. Қарапайым жұрт сақтандыру компаниясының жәй акциясын сатып алатындай жағдай жасалса. Инвестиция ретінде салуға да. Мұндайда қаржы құйған қара халық та, компанияның дамуына мүдделі бола түседі. Тиісінше, компанияның мүмкіндігі де артса керек.

 Құрманғали Қалмахан

 Фото интернеттен алынды

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0