Сонау 1979ж. төңкерістен бері билікті бермей келе жатқан, ислам атын жамылған диктатуралық, теократиялық, тоталитарлы саяси режим өкілдері өткен жылдың соңында қалың жұртының наразылығына және тап болды. Халықтың ашуын тудырған әбден ушыққан экономикалық мәселелерді Ә. Хаменеи билігінің шеше алмауы. Былтыр жыл ішінде ұлттық валютасы, АҚШ долларына шаққанда, шамамен 80% құнсызданған. Ондаған пайыз инфляцияға ұшырап тауарлар мен қызмет көрсету бағасы ұшып кетті.
Осылайша, бұрқ ете қалған наразылыққа шыққандарды Ә. Хаменеи Д. Трамптың қолшоқпары, соның айтағымен жасап жатыр деп, аямайтынын білдірді. Наразыларды “Жаратушының жауы” деген билік интернетті, байланыс торабын өшіріп қойып, өз жұртын өзі қыруда. Мәлімет әртүрлі: кей ақпарат көзінде кемі 500 адам қаза тапты делінсе, тағы бір БАҚ-та 2 мыңнан асып кеткенін жазды. Он бір мыңға жуық адам ұсталған.
Диктатор Хаменеи өзімен мұңдас Кремль қожасының елінен пана табуды ойластырып отыр, Ресейден Иранға ұшқан рейстер артқаны туралы да ақпарат тарады. Дегенмен ол тақты соңына дейін бермеуге бекінген секілді. Қырық жылға жуық, яғни, 1989 ж. бері билік басынан түспей келе жатқан Хаменеи небір қулық пен залымдықтың, зұлымдық пен қатыгездіктің де шебері болғаны анық.
АҚШ президенті Д. Трамп наразыларды атса, Иран билігіне шара қолданатынын бірнеше рет айтты. Ә. Хаменеи сескенбеді, әлде, басындағы тәжді тағы қимады, қызыл сызықтан өтті. Демек, допты Дональдқа қарай тебе салды. Ал, Ақ үйдің уақытша қожасының үстелінде диктатордың демін үзетін бірнеше нұсқа жатқан көрінеді. Израильдің әскери күштері болса, Иран билігіне қарсы шабуылға дайын тұр деген ақпарат тарады…
“Газа да емес, Ливан да, өмірім менің – Иранда” деген жалынды сөздерімен көшеге шыққан ирандықтар, әбден титықтатқан диктатураны құлатып, демократиялы саяси жүйе құра алса игі, әйтпесе…
Қ. Нұрғали
Фото интернеттен алынды

























ПІКІРЛЕР