Data Center & Cloud Kazakhstan форумында өзекті мәселелер көтерілді

Data Center & Cloud Kazakhstan форумында өзекті мәселелер көтерілді

Астанада «Data Center & Cloud Kazakhstan Week» іс-шаралары аясындағы кәсіби форум өтті. Бұл – Қазақстанда деректер орталықтарын жобалайтын, салатын және пайдаланатын, сондай-ақ бұлтты технологиялар мен цифрлық инфрақұрылымды дамытатын мамандарға арналған шара. Астанада биыл алғаш рет өткен форумда өзекті, қызықты тақырыптар талқыланды. Мұның ішінде:

  •  Деректер орталықтарына инвестиция тарту жолдары;
  • Инвестициялық тартымды етудегі кедергілер;
  • Деректер орталықтарын жобалауға, салуға қатысты нормативті құжаттарды жүйелеу;
  • Бұлтты технологияларға қазіргі және болашақтағы сұраныс;
  • Жасанды немесе суперинтеллектті Data Center-де пайдалану мүмкіндіктері және т.б. бар.
 Әлемдегі Data Center & Cloud нарығы
 Соңғы жылдары ақпараттық технологиялар ішінде жедел дамып бара жатқан бағыттардың бірі –
 Data Center және Cloud. Бүгінгі күні әлем бойынша 11 мыңнан астам сондай орталықтар бар екен. Солардың жартысына жуығы АҚШ-қа тиесілі. Аталған елдің көрсеткіші 5,5 мыңды жуықтап қалады. Қызық болғанда, озық техника мен технологияларда таңдай қақтырарлықтай жетістігі аз емес Қытай, деректер орталығы санынан, Германия (529) мен Ұлыбританиядан (523) да артта келеді. Ал, Ресейде 251 дата-орталық бар екен. Қазақстанның көрсеткіші бұл жағынан тіпті төмен: жыл басында 13 қана болған. Дегенмен даму қарқыны жаман емес. Астана, Алматы, Екібастұз және т.б. қалаларда ілгерілеп жатыр.
 Деректерді талдау орталықтары әлемдік нарығының көлемі $600 миллиардтың үстіне шықты. Бұл дегеніңіз Қазақстанның ЖІӨ-інен екі еседей артық. Жыл сайын бұл нарық кемі 10%-ға артып келеді. Демек, сұраныс әжептәуір.
 Аумағы атшаптырым дерлік жерді алып жатқан мега Data Center-лер қазіргі күні әлем үшін қалыпты көрініске айналып барады. Дегенмен ең қуатты гиперскейлер нысандары АҚШ, Германия, Қытай және т.б. санаулы елдерде ғана бар.
   Орталық Азия және Ресей: деректік одақ…
 Форумда әлемдегі Data Center-лердің өсу қарқынымен қатар, Қазақстанның және Орталық Азияның басқа да елдеріндегі дерек орталықтарының даму тенденциялары, кездесетін кедергілер де талқыланды. Мәселен, “2030ж. Қазақстан Республикасының инфрақұрылымдық бұлт провайдингі саласы” деген тақырыпта өткен пікірталаста орынды ой, тұщымды пікірлер аз айтылмады. iKS-Consulting  компаниясының бизнесті дамыту бойынша директоры Д. Горкавенко модераторлығымен өткен пікірталаста, қатысушылардың бесеуі де (Б. Кажкенов, PS Cloud Services, А. Аманғали, VK Cloud, А. Казтаев, Қазақтелеком және т.б.) Қазақстанмен қоса, Орталық Азияның басқа да елдеріне ортақ Data Center қызметін жасау мүмкін емес дерлік оқиға деген көзқараста. Тіпті тағы бірі мұны утопия деді. Мысал ретінде, шағын Қырғызстан дей отырып, олар да бұл бағытта, есігін тарс жауып келе жатқанын тілге тиек етті. Соңында модератор барлығына ортақ сұрақ қойды: Егер, лифтте Қ. Тоқаевты кездестіре қалсаңыз, не айтар едіңіз? PS Cloud Services өкілі электр энергиясының құнын түсіруді сұрайтынын айтты. Қазақтелеком өкілдері мардымды жауап бере алмаса, А. Аманғали ештеңе де сұрамайтынын мәлімдеді. VK Cloud немесе бұлттық технологиялардың дамуына жасалған жағдай жеткілікті дегендігі ме, әлде басқа ма, бұл жағы белгісіз…
 Көрші Өзбекстанда да Data Center мен бұлттарды қарқынды дамытып жатыр. Дегенмен әлі де төмен. Мысалы, өзбек еліндегі дерек орталықтарының саны алтау ғана. Қазақстанның өзінен екі есе кем. Орталық Азия дегенде аталған екі мемлекеттің аяқ алысы жаман емес секілді. Мәселен, Қазақстан Алатау қаласын маңызды, ықпалды цифрлық орталық етуге баса мән берілгені сонша, Конституцияға арнайы енгізіп те қойды. Бірақ, Google мен Microsoft деген алыптар Data Center салып, Cloud-ымен қызмет көрсететін түрі әзір байқалмайды. Әрине, жер жеткілікті болса да, халық санының аздығы мұнда да өз орнын ойнайды. Тіпті Орталық Азиядағы бес ел халқының саны 100 миллионға да жетпейді. Әрі саяси ахуалы да соншалықты тартымды болмаса керек. Экономикалық жағдайы да ала-құла.
 Бүкіләлемдік банктің “Дерек инфрақұрылымдары және бұлттық нарықтарды ілгерілету” («Advancing Cloud and Data Infrastructure Markets») баяндамасына сәйкес, аталмыш саланы дамытуға, инвестициялық тартымды етуге төрт фактор әсер етеді:
  1. Сенімді әрі бағасы қолайлы энергия;
  2. Тұрақты кеңжолақты байланыс;
  3. Географиялық тиімді орналасу, жердің болуы;
  4. Жайлы саяси және бизнеске орта.
 Өкінішке қарай, дамушы елдердің көбісі аталған төрт алғышарттың біреуіне сәйкес келсе, екіншісінен сүрінеді. Мысалы, Қазақстанға келсек, арзандатылған ақшамен, яғни Damu секілді жолдармен қолдау да, электр энергиясына арнайы баға қойып сүйемелдеу де жоқ екені айтылды. Форум аясында. Ал, АҚШ және Еуропа елдерінде жағдай, керісінше, әлдеқайда жайлы. Олардың саяси жүйесі де, экономикалық күйі де, өзара сенімі де, нормативтік құжаттары да бұл салалардың дамуына барынша мүмкіндік береді.
 Форумның соңғы іс-шарасы да тартысты, қызықты жалғасты. Модератор – ИКС-Медиа-ның контентті дамыту бойынша директоры А. Барсков. Мұнда жасанды (супер) инттеллектке арналған дата-орталықтар туралы тақырып талқыланды. Сарапшылардың арасында жасанды (супер) инттеллект өмірді түбегейлі жеңілдетіп жібереді дегенге қарсы ұстаным білдірген де табылды. Мысал ретінде кезінде электронды құжат айналымына өтсе де, мекемелер қауіпсіздік үшін журналға тіркеу қызметін қосқанын келтірді. Пікірталаста Илон Масктің де құлағын шулатты. Залдан әлдекім әйгілі триллионердің аспанда дерек орталықтарын ашу туралы ойына пікір білдіруін сұрады. Бұл ойы инженерлік, физикалық тұрғыдан мүмкін емес нәрсе деген жауап алды. Әрине, антифизикалық құбылыстар да болып қалуы әбден мүмкін, кім біледі…
«Data Center & Cloud Kazakhstan Week» іс-шаралар топтамасының басты мақсаты – деректер орталықтары мен оларға қатысты қызметтерді жобалау, салу және пайдалану саласындағы білім мен озық тәжірибе алмасуға жәрдемдесу, сондай-ақ деректер орталықтары мен бұлтты технологиялар саласында кәсіби оқытуды қамтамасыз ету. Форум iKS компаниясының ұйымдастыруымен өтті. Мұндай кәсіби іс-шараға министр, тиісті ірі мемлекеттік компаниялардың басшылары қатысқаны жөн еді…
 Құрманғали Нұрғали

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0