Мұхаммед Әли немесе «Біз хандық құрып тұрғанда…»

Мұхаммед Әли немесе «Біз хандық құрып тұрғанда…»

Осыдан 42 жыл бұрын, 1974-жылдың 30-қазанында Конго (бұрынғы Заир) қаласы Киншасада әйгілі боксшылар – Мұхаммед Әли мен Джордж Форман арасында әлем чемпионы атағы үшін үлкен айқас өткен еді. Дж.Форманға көптеген сарапшылар, баспасөздер т.б. ә дегеннен­-ақ басымдық берген болатын.

Шынында да Джордж Форман қауіпті боксшы еді. Мұхаммед Әли үшін ғана емес, барлық сол салмақтағыларға қатысты алғанда да. Біріншіден, жеңіліп көрмеген. Тағы жәй жеңістер емес. 40 шайқасының 37­-сін нокаутпен ұтқан! Екіншіден, жастау. Үшіншіден, Мұхаммед Әлиді жеңген боксшылар – Джо Фрейзер мен Кен Нортон онан нокаутпен жеңілген! Төртіншіден, ауыр соққылары дөп тигенде, талай боксшыларды тігінен құлатқан болатын. Әлі күнге дейін соққысы сұрапыл ондықтың ішінде жүруі де оның қандай болғанын айқындай түседі.

Шайқас басынан­-ақ Джордждың мойындалған құлаштай (хук) да, иек астынан да жіберген (апперкот) ауыр соққылары Мұхаммед Әлиді көп сәтте тықсырғандай әсер қалдырады. Қимылы екпінді. Бірақ, ебедейсіз. Салыстырмалы түрде алғанда жүйелі әдістерге негізделмеген. Есесіне Мұхаммед Әлидің аяқпен жақсы қимылдауы, соққыдан қорғану әдістері, тіпті арқанға сүйене тұрып та, тиісті сәтте өзіне тән қарсы шабуылдар жасауы, оған қоса өзіне сенімділіктің үйлесуі т.с.с. әжептәуір басымдық беріп қана қоймай, нокаутпен жеңіске жетуіне негіз болды.

Бұл жеңіс Мұхаммед Әлидің бокстағы жарқын дәуірін бітті санаған талайды таңғалдыратындай, артық кеткенді ұялтатындай оқиға еді. Мәселен, Г.Коссель есімді белгілі спорт комментаторы Мұхаммед Әлиді дұғасынан басқа ештеңесі жоқ боксшы санап әңгімені қыздырды. Тіпті осы шайқас бітпей жатып-­ақ кей баспасөз Мұхаммед Әли туралы: «Аңыздың ақыры» деген тақырыппен материалды шығаруға дайындап та қойған екен. Олар сосын амалсыздан тақырыпты өзгертіп: «Аңыз сол күйінше қалды» деп шығарған көрінеді.

«Джунглидегі дүрсіл» деген атаумен тарихқа енген, әлі күнге дейін бокста үлкен орны бар оқиға туралы көптеген шығармалар жазылды. Тіпті осы шайқасқа қатысты «Біз хандық құрып тұрғанда…» деген деректі фильм түсіріліп, ол әйгілі «Оскар» сыйлығына ие болған.

Құрманғали Нұрғалиев

   

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0