Ғанибек Қонысбекұлы, Сырдария ауданының әкімі: «Біздің елдімекеннен кеткендер қайтып келіп жатыр…»

Ғанибек Қонысбекұлы, Сырдария ауданының әкімі: «Біздің елдімекеннен кеткендер қайтып келіп жатыр…»

Сырдария ауданы – Қызылорда облысындағы әлеуметтік­-экономикалық дамуда алда келе жатқан санаулы аудандардың бірі. Сондай­-ақ ауданда азаматтық қоғамның дамуына негіз болатын қоғамдық ұйым да құрылған. «Қоғамдық кеңес» деп аталады. Бұл ұйым елімізде аз кездеспейтін жемқорлық, парақорлық, тамыр­-таныстыққа салушылық секілді әлеуметтік, қоғамдық індеттерге әжептәуір тосқауыл болып отырғандай. Өйткені, аталған ұйым аудандағы көптеген жобаларға, тіпті жұмысқа орналастыруға дейін араласатын көрінеді. Егер, айтылғандай жүріп жатса, жақсы бастама екені көрініп тұр.

Сонымен қатар, аудан ауылшаруашылығымен айналысуға ыңғайлы өңірге орналасқан және сондай басымдығын пайдалануда. Тарихи орындары тағы бар. Енді аудан әкімі Ғанибек мырза Қонысбекұлының сұхбатымен толықтырсақ…     

Ғанибек Қонысбекұлы, ауданның әлеуметтік жағдайы қалай? Бірнеше облыстардағы проблемалардың бірі – жастардың үдере көшуі, болмаса сондай үрдісі Сырдария ауданында қай деңгейде? Жұмыссыздардың, әлеуметтік жағдайы нашар, сыртта жұмыс істеп, жанұясын бағып жүргендердің жайы туралы не айтасыз?

– Жұмыспен қамтудамыз. Шаруашылықтармен келісім­шарттар жасастық. Тәжірибеден өтуге кеткен жастардың көзінде оты барларын алып қалып жатыр. Ауданда ірі шаруашылықтар бар.

Кадр мәселесі қиын болып кетті ғой. Мәселен, заманауи техниканы меңгерген комбайншы, механизаторлар аз. Сондай мәселені де шешудеміз.

Біздің елдімекеннен кеткендер қайтып келіп жатыр. Мұнай компаниясында жұмыс жасағандар да осында жұмыс жасасақ дейді. Алматыда қарауыл болғандар, пәтерді жалға беріп күнелткендер қайтып оралуда. Оңай ақша жоқ. Барды. Көрді. Ауылдан кетті: ақша табамыз деп. Олай емес. Маңдай терін төгіп жұмыс жасау қажет. Ақша оңай келмейді.

Бізде құрылыс, басқа жүріп жатыр. Оларға жергілікті азаматтарды аласыздар деп талап етеміз. Мемлекет басшысы қаншама мүмкіндіктер беріп жатыр.

Мысалы, Ақжарма ауылында 50 миллион теңгеге мал соятын цех саламыз. Кәсіпкер 400-500 ірі қарасын жергілікті тұрғындарға таратып береді. 3-4 бастан. Келісім­шартпен. Сосын олар бордақылайды. Соңынан қайтадан оны кәсіпкер сатып алмақ. Істеймін дегенге бұл да жұмыс. Жоңышқасын, жемін береді. Тек оның жұмысы 400 кг-ге дейін жеткізіп, қайтадан өткізу. Қаз­-үйректерді де 50-60 тан бөліп берейін деп отырмыз. Алыңдар, бағыңдар, қайтадан өткізіңдер, біз бәрін аламыз деп отырмыз. Бұл да жұмыс қой.

Қазір әлемде дағдарыс жүруде. Мұнай бағасы құлдырады. Мұнайдың ғасыры өтті. Мемлекет басшысы ауылдарға көңіл бөліп жатыр. Біз ауылшаруашылығын көтеруіміз керек.

88 жоба белгілеп, соның 34-і орындалды. 2015-жылдан бастап. Жақсы көрсеткіш. Қозғалыс бар.

Тек қана күрішке байланып қалған жоқпыз. Әртараптандыру бар. Шаған ауылында бордақылау алаңын салдық. Бұл да бір жұмыс көзі. Ақжармада, тірек ауылы ретінде 14 жоба көтердік. Оның ішінде күріш, сүт өңдеу, наубайхана зауыттары бар. Айдарлы ауылында 7 000 бас қаз фермасы бар. Келесі жылы 12 000-ға дейін апармақпыз. Майлыбаев ауылында қырман салып жатырмыз. 600 миллион теңгеге. Тазалайтын, басқа да қызметтері бар.

– Сыйымдылығы неше тонна? 

– Қырманға үш ауылдың күріші сыяды. Оның іші асфальтталады. Жатақхана, асхана, мәжіліс залы болмақ.

«Жанарай» деген компанияның инвесторлығымен салынуда. Әкім ретінде мен үшін бұл жобаның маңызы зор. Себебі, үш ауыл жастарының көздері жетіп, сенім пайда болды: 600 миллионға қырман салды ғой, мұны енді тастап кетпейді, күріш уақытша емес деген сияқты. Бұл болашақтың кепілдігі. Шаруашылықтарға да жақсы. Күріші жаңбыр астында қалмайды. Кептіріледі.

Біз ауылшаруашылығына қарап тұрған ауданбыз. Сондықтан бар жұмысымызды осыған салудамыз. Бүкіл, қандай мүмкіндік бар соның барлығын пайдаланудамыз.

– Қарапайым аудан тұрғыны келіп, жобасын көрсетіп, тиісті басқа да мемлекеттік шартты орындаса, кәсіпкерлікті дамыту бағдарламаларына қатысып, кредит алуына мүмкіндік бар ма?..

– Қатысып, ала алады. Неге ала алмайды!

– Орташа жалақы қанша?

– 60-90 мың теңге. Күріш шаруашылығы саласында. Жақсы істегендер орташа 160 000 теңгеге дейін алады. Еңбек жасаймын деген адамдарға жұмыс жетеді.

2015-жылы әлеуметтік дүкен аштық. Әлеуметтік жағдайы нашарлар 10 000 теңгеге 34 кг ұн, 42,5 кг күріш, 11 кг ет, 6 литр шемішке май, 9 кг қант алады. Мұндай заттар бүгінгі базарда 27 000 теңге тұрады. 17 000 теңге үнем! Аудан бойынша, осындай дүкеннен 717 адам зат алады.

Бар адамның жоққа көмектесуі сауап қой. Бұл ауданның ауызбіршілігін көрсетеді. Шүкір, біз қазір жақсы келе жатырмыз!

– Сырдария ауданы – қазағы қалың орналасқан, рухани мұрасы да ерекше сақталған өңірлердің бірі. Сондай ұлттық мұраға бай өңірдің қазіргі жайы қалай?

– Қазақтың қарашаңырағы атанған Сыр елінің ел тарихында алар орны ерекше. Оның тарихы мен шежіресі – халқымыздың баға жетпес асыл мұрасы, алтын қазынасы. Ал, осы байтақ өңірдің бір бөлшегі Сырдария ауданының  өзіндік тарихы мол. Аудан көлеміндегі өте ескі ескерткіштер қатарына Түгіскен, Сырлытам, Баршынкент, Асанас, Асарлар жатса, кезіндегі өркениеттің іздері – Қуаңдария, Жаңадария өзендерінің бойындағы Жент, Жетіасар қалаларынан қазақ халқының ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген тұрмыс-салттық өнерлерінің биік сатысын байқаймыз. ХІІІ-ХІҮ ғасырлардағы Мүлкілан, Сырлытам кесенелері, Жетімасар, Қосасар асарлары (ХІХғ.) тамаша тарихи туындылар. Қалжан ахун мешіті – халық тарихындағы баға жетпес құндылықтар. Осы киелі жерден шыққан Тапал, Қалжан, Садық, Бәймен, Қожжан қожа, Алтайбек, Сайып Назар ахундар, Құлболды ишан және басқа да атақты ғұламалар мен Шортанбай, Медетбай және басқа билер, Сәрке, Қайқы, Түлкібай сынды хас батырлардың даңқты жолы – кейінгі ұрпаққа өнеге. Қазіргі кезеңде Қалжан ахун, Құлболды ишан т.б  бабаларымыздың кесенесі қайта жаңғыртылып, ұрпақ игілігіне берілуде.

«Сыр елі – қазақ әдебиеті алыптарының бесігі» десек, өлкемізге қатысты би- шешендеріміздің дана сөздері, сүлейлеріміз бен ақын-жазушыларымыздың шығармалары «Сырдария кітапханасы» топтамасы бойынша қайта басылып, аудан халқына ұсынылды.

Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Бабаларының басын қастерлей білген халық, балаларының да болашағын қапысыз қамдай алмақ» деген қағидалы сөзі әрбір азаматты ойландырғандай. Халқымыздың бай тарихын кейінгі ұрпаққа аманаттау, жастарымыздың бойында өлкеміздің бай тарихы мен мәдениетіне деген құрметті қалыптастыруға ықпал ету азаматтық борышым деп білемін.

– Жақсы бір бастама – «Қоғамдық кеңес» туралы айтып едіңіз. Оның жұмысы қалай жүруде?

– Дана халқымызда: «Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады»,- деген жақсы сөз бар. Ел бірлігі – ең асыл қасиет. «Тәуелсіздік туын тігуге қаншалықты қажыр-қайрат керек болса, оны құлатпай сақтап қалуға соншалықты қажыр-қайрат керек», – деген Елбасының қанатты сөзін алға қойып, кейінгі ұрпаққа арманшыл қоғамды үйретіп, жанжалшыл қоғамнан жирендіретін кез келді. Осы жолда талмай жұмыс жасап, еліміздің алар асуына қолдау көрсету барша қазақстандық азаматтардың парызы мен алдағы мақсаты деп білеміз.

Осы бірлікті, қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын сақтау үшін, елдің, аудан тұрғындарының әлеуметтік­экономикалық жағдайын жақсарту бағытында облыс әкімінің қолдауымен барлық елдімекендерде қоғамдық кеңестер құрылды. Мен Қоғамдық кеңеске тек ұсыныс беремін.

Кезінде Қоғамдық кеңестің ережесін жасау үшін ауылдарға ұсыныс бердік. Олар үш ай ұстады. Түрлі керектіні қосу үшін. Алты айдан кейін барып бекіттік.

Оның құрамына ардагерлер кеңесі, білім саласының ардагер ұстаздары, «Жас Отан» Жастар Қанаты,  қоғамдық діни бірлестіктер, бизнес құрылымының өкілдері, ауылдық округтердің белсенді тұрғындарынан жасақталған елдімекендердегі қоғамдық кеңестердің құрамы жасақталып, ережесі жиынында бекітілді.

Ауылдық округтердегі аяқ су, ауыз су, жұмыссыздық мәселелері барлық елді мекендердің қоғамдық кеңестерінде көтеріліп, өз шешімдерін тауып келеді.

Сонымен қатар, Қоғамдық кеңес тек ауылдық округ бойынша проблемалы мәселелерді ғана емес, болуы мүмкін жағдайлардың алдын алу бойынша ұсыныс-пікірлер беру мақсатында алдына жоспар құрып отыр.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген дана халқымыз. Ауданның өркендеуі жолында бұл атқарылған игі істер – жұмысымыздың жемісі деп білемін. Елдің арқауы бірлік болатын болса, Қоғамдық кеңестер сол бірліктің бастапқы сатысы. Оның қазіргі қоғамға керектігі дәлелденді.

Қазірде республикалық деңгейдегі қолданысқа еніп отырған Қоғамдық кеңестің шыққан жері – Сырдария ауданы.

– Рахмет! Абырой болсын! 

 Сұхбат жүргізген: Құрманғали Нұрғалиев, журналист, экономика магистрі 

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0