Бұл – С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің сегізінші жатақханасы. Студенттер үйі. Тарихы терең оқу ордасының 60 жылдық мерейтойы қарсаңында салынған ғимарат тоғыз қабаттан тұрады. 592 студентке арналған. Әйтпесе, оқытушылар үшін де салынған бірнеше жатақхана бар екенін біреу білсе, біреу білмес.
Сыртынан қарасаңыз, “көз үйренген” жатақханаға ұқсамайды. Әлдебір көпқабатты, жайлы тұрғын үй сияқты.
– Бүгін біздің университетімізде үлкен жаңалық. Оқу орнымызда студенттерге арналған үлкен жатақхана ашылып жатыр. Жатақханада студенттердің барлық қажеттіліктерін қамтамасыз еттік. Оқу бөлмесі бар. Студенттерді шығармашылық жақтан дамытуға арналған С.Сейфуллин атындағы жастар орталығын аштық. Шағын кітапханалары бар. Әрбір бөлмеде айдифон, айдитв немесе интернет желісіне қосылған. Асхана да жұмыс істейді. Кір жуатын бөлмесі және бар. Спортпен шұғылдану үшін фитнес бөлмесі де ашық. Барлығы кешенді түрде жатақхананың бірінші қабатында орналасқан. Жатақханада тұру ақысы жылына 31 500 теңге.
Студенттердің жатақханаға деген қажеттілігінің бұған дейін 42%-ын қамтамасыз еткен едік. Осы жатақхана ашылғаннан кейін 75%-ға көтерілді, – дейді С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті ректорының тәрбие ісі жөніндегі проректоры Құсайынова Жайнагүл Айтмағанбетқызы ағынан жарыла отырып.
Университеттегі студенттердің 85%-ы ауылдан келгендер екен. Осыдан-ақ жатақханаға деген қажеттіліктің қандай деңгейде болатынын шамалай беріңіз.
Жатақхананың өзіндік тәртібі, арнайы ережесі бекітілген. Таңғы 7 00-де ашылып, қысқы уақытта түнгі 10, ал, жазда 11-де жабылады. Онда студенттік кеңес құрылған. Кеңес өзін-өзі басқару құқығына ие. Олар тәртіпті қадағалап отырады. Егер, студенттердің біреуі ішкі тәртіпті бұзып алса, Студенттік кеңес шешім шығарады. Ал, университет студенттердің шешімін құрметтейді екен. Әрине, университет басшылығымен кеңеседі…
Әділдігі үшін атап өткен жөн, тек жатақхана ғана емес, университеттің 10 000-дай студентіне де ортақ түрлі жағдай жасалған. Мәселен, асханадағы кешенді тамақ бар болғаны 290 теңге тұрады! Қаладағы орташа бағадан екі еседей арзан. Сонымен қатар, студенттік қалашықта нарықтан 10% арзан әлеуметтік дүкен, дәріхана бар. Аталған жерден оқытушылар мен студенттер 10 % жеңілдікпен азық-түлік, дәрі-дәрмек алуына мүмкіндік бар екен. Тағы бір жетістігі, университет қалашығында студенттік емхана ашылған. Егер, ауыра қалса, алысқа бармай, сол жерде қаралады.
Құрманғали Нұрғалиев, журналист
ПІКІРЛЕР