Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен аграрлық кеңестің кезекті отырысында вице-премьер А.Мырзахметов мәлімдеді.
Бүгінгі Кеңестің күн тәртібінде маңызды үш мәселе көтерілді. Олар: субсидиялардың жаңа ережесі, заңнамалық өзгерістер және жаңа трансферт орталығының жұмысы талқыға түсті.
Бірінші сұрақ, яғни мемлекеттік қолдау бойынша жаңа Мемлекеттік бағдарлама аясында 8 субсидиялардың ережелері қайта қаралған. Сондай-ақ 11 тиімсіз субсидия алынып тасталынып, 39 субсидия түріне өзгеріс енгізілген.
Атап айтатыны, биылдан бастап мемлекеттік қолдау алушылардың саны 7,5 есеге өседі.
Оның ішінде, бордақылау алаңдары үш есеге көбеймек. Мәселен, әр асыл тұқымды ірі қара мал басын сатып алғанда қайтарымсыз 150 мың теңге беріледі. Екінші өзгеріс кооперация мүшелеріне қарастырылған жеңілдіктер. Кооперацияға сатылатын 1 бас ірі қара үшін мемлекет қайтарымсыз 20 мың теңге төлемек. Сондай-ақ, 1 литр сүтке 10 теңге, бір уақ малға 1500 теңге қаржы бөлінеді. Бұдан бөлек кооперацияға алынатын жемнің әр тоннасына 20 мың теңге төлеу көзделген. Алайда бұл дегеніміз кооперацияға бірікпегендер мемлекеттік қолдаудан қалыс қалады деген сөз емес. 30 бас ірі қарадан жоғары малы бар шаруашылық егелерінің әр литр сүті 15 теңгеден, ал 400 бастан жоғары шаруалар әр литрі 25 теңгеден субсидияланады.
Асыл тұқымды ешкі асыраушылар бірінші мәрте мемлекеттік қолдауға ие болмақ.
Субсидия бойынша тағы бір тұшымды жаңалық, олардың автоматтандырылуы. Яғни, жемқорлықтың алдын-алу мақсатында мал шаруашылығына берілетін субсидиялар автоматтандырылды. Келер жылдан бастап Ауыл шаруашылығы саласындағы барлық қолдау автоматтандырылатын болады.
Ал балық шаруашылығы тұңғыш рет үлкен мүмкіндікке ие болмақ. Ауыл шаруашылығын дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы негізінде тауарлы балық өсірушілерге субсидия төленеді. Тіпті, балықтың ұрығы, тамағы, оны қадағалайтын техникаларына дейін инвестсубсидия қарастырылған. Атап өтетін тағы бір жайт, инвестсубсидияның да көкжиегі кеңейген. Яғни биылдан бастап кооператив ұжымға қажетті техника сатып алғанда мемлекет бірден 50%-ын өтеп бермек. Мұндай жеңілдік АШМ-де бұрын-соңды болмаған. Аграрлық кеңестің отырысында Вице-премьер осындай ауыз толтырып айтатын жаңалықтарымен бөлісті.
Ведомоство басшысының айтуынша, мұндай үлкен қолдау мемлекет басшысының Ауыл шаруашылығына ерекше көңіл бөліп, аграрлық секторды экономиканың жаңа драйвері деп атауының арқасы дейді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе де өзекті. Жаңа бағдарламаны енгізу барысында көптеген заңдылықтарға өзгерістер жасалды. Бұған дейін қолбайлау болған нормативтік актілер оңтайландырылды. Оның негізінде 11 кодекс пен 25 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Тілге тиек ететіні ветеринария саласында малдардың құлағына тағылатын сырғаларды алу, оны өңірлерге жеткізу, байқау өткізу жұмыстары созылып қол байлау болатын. Енді жаңа өзгеріс негізінде бұл функцияны жергілікті биліктің құзіретіне беріп, аталған жұмыста жеңілдету көзделуде.
Сонымен қатар, отырыс барысында АӨК-ке шетелдік инвестиция тартумен және алдыңғы қатарлы шетелдік технологияны тарату операторы болып табылатын агротехнологияларды трансферттеу және коммерциялау Орталығының жұмысы таныстырылды.
Анықтамалық: Аграрлық саясат жөніндегі Кеңестің басты мақсаты – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бәсекеге қабілетті агроөнеркәсіптік кешенді құруға ықпал ету. Сонымен бірге, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту деңгейін көтеру болып табылады.
Кеңестің құрамына мемлекеттік органдардың, салалық одақтардың, зерттеу институттарының, кәсіпкерлер мен ауыл шаруашылық кооперативтерінің және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
ҚР АШМ баспасөз-қызметі
Ескерту: материал қысқартылды
ПІКІРЛЕР