Экс-Мәжіліс депутаты, саяси ғылымдардың докторы, профессор Әбдіжәлел Бәкір ағамыздың үнемі қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүретіндігін көпшілік біледі. Сұхбат та сол бағытта…
– Әбеке, осы қазіргі жастар мәселесіне өзіңіздің көзқарасыңыз…
– Жұмамұрат білесің бе, қай уақытта да жастар мәселесі өткір әрі күрделі болған. Өмірге енді аяқ басқан тәжірибесі жоқ, қоғамның әлеуметтік және экономикалық сипатын танып біле қоймаған жас адамның тағдыры өзі үшін де, қоршаған орта үшін де жай дүние емес. Мәні мен мазмұны жағынан тіптен бөлек қоғам құрылып, бұрынғы рухани құндылықтар қайта қаралып, жаңаша бағаланып жатқанда жастар тәрбиесі бұрынғыдан да күрделене түседі. Бүгінгі жастар мәселесінің қысқаша жай-күйін осылай бағалауға болар еді. Сол себепті қазіргі жас жеткіншектер арасында рухани жүдеулікті, нашақорлықты, маскүнемдікті, бұрынсоңды қазақ қоғамында кездесе бермеген қыздардың жезөкшелікпен айналысуын қадағалайтын бірде-бір ұйым жоқтың қасы.
Бүгінде көптеген қазақ шаңырағы өзінің рухани моральдық қуатынан айырылды. Отбасында жұмыссыздық пайда болды. Ішіпжем күрделілікке айналып, күйбең тірліктің қамымен бас сауғалап кетті. Әртүрлі озбырлық әрекеттерімізден табиғат та тарылып барады. Бұл аймақтық мәселеден ғаламдық мәселеге ауысуда. Сол себепті бұған тосқауыл қоятын кез келді.
– Бұл келеңсіздіктер қайдан келеді?
– Бұл дегеніңіз біздің қоғамымыздың рухани беделіне жағылған қара күйе. Әсіресе, отбасындағы, оқу орнындағы, тәрбие жұмысының төменгі дәрежеде екендігін көрсетеді. Әрбір адам қоғамның туындысы десек, бүгінгі қоғамда жастар тәрбиесіне жеткіліксіз көңіл бөлініп отырғандығын көреміз. Сол жастармен айналысып отырған қоғамдық ұйым атымен жоқ. Бұрынғы қалыптасқан пионер, комсомол деген сияқты бірізділікті тәрбие беру келмеске кетті. Жастар өмірі үшін аса қажетті осындай тәрбие орындарын жаңа жұмыс түрімен, жаңа мазмұнмен толықтыра алмай отырмыз. Бұл КСРО құлағаннан соң, іле-шала қолға алатын, кезек күттірмей күн тәртібіне қойылмағандықтың кесірінен болып отыр.
Көптеген отбасылар күнделікті қарекет қамымен балаларынан алшақтап кетті. Бірыңғай көше, тәлімсіз теледидар, ашық-шашық газет-журналдар мен әлеуметтік желідегі бейәдеп көріністер мен бейнелердің белең алуы жастарға кері әсерін тигізуде. Бұл да назарда ұстайтын жайт. Одан тыс ата-аналарының арқасында ақшадан ақша жасаған қалталы жастар көбейді. Еліміздің кез келген жоғарғы оқу орнының алдындағы көлік тұрақтарда тұрған қымбат көліктердің егелері сол оқу орнында оқитұғын студенттер екені бесенеден белгілі. Құдай-ау кезінде біз оқуға баруға, автобусқа ақша таба алмайтынбыз.
– Әбеке, сіздің кезіңіздегі студенттермен тіпті салыстыруға келмейтін шығар?
– Әрине, Жұмамұрат, айырмашылығы Жер мен көктей. Өйткені, біз КСРО-ның тәрбиесін көріп өстік. Бүгінгі ұрпақ үшін сол кез ертегі секілді. Қазіргі қоғамдық өмірде осылардың бәрін заңмен реттеуді талап етуіміз керек. Алдымен мемлекеттік көзқарас қажет, елдің болашағы жастар дейтін болсақ, сол болашаққа зерделі ұрпақ ретінде тәлім-тәрбие беріп, қазіргі заманғы өркениеттің озық құндылықтарын бойларына сіңіруге ықпал ету кез келген ертеңін ойлайтын елдің қасиетті парызы болмақ.
– Жуырда Семей, Өскемен және Шемонаихадағы казактар ұйымдарының өкілдері жиналып, өздері үшін дәстүрлі мейрамы – Ермак күнін атап өтіпті…
– Иә, хабарым бар сапқа түзілген жас казактар Отанға, казактар дәстүрі мен православ дініне адал болуға ант берген. Шіркеу қызметкерлері құлшылық жасап, Сібір казак әскерінің туын қасиетті жәдігердей әспеттепті. Қазақ ауылдарын қан қақсатқан казак атаманы Ермактың суға кетіп өлгеніне орай Ертіске гүлшеңберлерін ағызған. Картадан өшіп, тарихта қалған мемлекеттің әскери формасын киіп алғандар үшін Отан мен православ діні егіз ұғым болса, олар қай елге адал болуға ант беріп отыр?
Қазақ елінде тұрып, суын ішіп, жерін басып жүргендер Ермактың кезінде бала-шағаға дейін қылышымен турағанын, бірінің қанын суша ағызғанымен қоймай, мұсылман зираттарын қазып алып, әруақтарды қорлағанын біледі. Ермакты төбесіне көтергендер осы әрекетімен тәуелсіз елімізді қорлап отырғандарын білмейді емес, біледі әрине. Өздері «Ресейдің мүддесі үшін татарлармен күресте мерт болды» деп айтатын Ермактың басын қазақтың батыры Сәтбектің шапқанын, сүйегін итке талатқанын да ұмыта қойған жоқ. Олай болса, жерімізді басып алу үшін келіп, ақырында көмусіз қалған ата жаудың әруағын әспеттеуге кім рұқсат берді? Әшейінде үш адамның басы қосылған жерге жетіп барып, «Әкімдіктің рұқсатынсыз жиналуға болмайды» дейтін шенеуніктердің бұл шарадан хабарсыз қалуы мүмкін емес.
Демек, Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов өзімен аттас қанқұйлы казак атаманына осылай ерекше құрмет көрсеткені ме?.. Әруақ сыйлағыш болса, Семейдің әкімі өзі басқаратын қаланың Алашорда астанасы болғанын неге ескермейді? Жетім қыздың тойындай өтіп жатқан Алашорда үкіметінің басшысы, ұлт көсемі – Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойын жоғарғы деңгейде мерекелеп, Алаш тұлғаларының әруақтарын риза қылса қайда қалды? Сала құлаш қылыштарын жарқылдатып жүрген казактарды тоқтатқан полиция қызметкерлерін де ешкім көрмеген. Жер үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген, қаламнан басқа қаруы жоқ «Алаш жолы» қозғалысының белсенділерін аңдуға прокуратура, полицияның өкілдері тайлы тұяғы қалмай жиналып барыпты.
Бүтін елді алаңдатқан Жер тағдыры үшін митингіге жиналған бейбіт халыққа қырғидай тиген мықтылар казактардың ата-бабасының басын шапқан қылыштарынан қаймыққан болар? Көшеде қылыш асынып жүруге кім рұқсат берді? Бұл олардың ата дәстүрі болса, әр қазақтың баласы қарусыз жүрмесін деген Әз-Тәукенің «Жеті жарғысын» жаңғыртып, біз де белімізге қайқы қылыш тағып, білегімізге шоқпарымызды іліп жүрейік.
Жер туралы заңға енген өзгерістерге азаматтық пікір білдірен атыраулық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянды «әлеуметтік араздық тудырды» деп айыптаған ҰҚК ұлт араздығын тудырған казактардың қылығына неге көз жұмып отыр? Өзге елдің идеологиясына адал болуға ант бергендерді қарулы жиын өткізгені үшін жауапқа тартқан билікті көрмедік. Әйтеуір сұрақ көп, жауап жоқ.
– Әңгімеңізге рахмет!
Жұмамұрат Шәмші
27.09.2016 ж
ПІКІРЛЕР