Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасы: азаматтық пікірлер мен күтілетін нәтижелер

Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасы: азаматтық пікірлер мен күтілетін нәтижелер

Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы – еліміздегі үлкен жоспарлардың бірі. Егер, көзделген мақсаттарға қол жетсе, әрі қарайғы дамуға да жол ашыла түспек. Қазіргі таңда ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі мен «НҰХ «ҚазАгро» АҚ білек сыбана кірісіп кеткен мемлекеттік бағдарламаға қатысты еліміздің түрлі салаларында қызмет етіп жүрген азаматтардың пікірін ұсынғанды жөн көрдік.

TURANINFORM САУАЛНАМАСЫ

  1. 2017-2021 жылдарға арналған Агроөнеркәсіптік кешенін (АӨК) дамыту бағдарламасы ауыл тұрғындарының күнделікті өміріне, тұрмыстық жағдайына қалай әсер етуі мүмкін?
  2. Ауыл шаруашылық әлеуеті орасан зор елміз. Олай болса, сол мүмкіндіктерді жөнімен пайдалануға АӨК бағдарламасы, ондағы кооперация арқылы бір жол ашылды деп санауға бола ма?
  3. Ауыл шаруашылығы бойынша алғанда, бұған дейін қандай кем-­кетіктер көрініп, кемшіліктер байқалатын?

Дастан Сәтбай, тарих ғылымының докторы:

1. Агроөнеркәсіптік кешен дүниежүзілік тәжірибеде бар. Фермерліктің дәуірі өтіп кетті. Қазір постфермерлік уақыт қой. Соны агростратегтер түсінбей қалды. Сексенінші жылдардың (өткен ғасырдың – Қ.Н.) өзінде­-ақ жұрт фермерлікті тастап, агроөнеркәсіп кешеніне көше бастаған еді. Өкінішке қарай біздің деңгей жетпеді немесе деңгейі жеткен ғалымдарымызды, академиктерді ешкім тыңдамады.

Мұны қытайлықтар жақсы түсінді. Қытай коммунаның ішінен фермерлер шығарды. Коммунасын сақтап қалды. Біз кеңшарларды, ұжымшарларды да құртуға кірістік…

Бір фермердің қолынан көп нәрсе келмейтіні байқалып тұр. Барлығына үлгіре алмайды. Сондықтан ауылдық жерлердегі шаруашылықтарды нарықтық негізде кооперацияға біріктірудің қажеттілігі туып отыр. Агроөнеркәсіп кешені – фермерлердің компаниясы деген сөз ғой. Әрбір дербес фермерлер, ауыл, аудан көлемінде болсын, бірігу керек.

Қазақ күнін көре алмай отырса да мемлекетке жұмыс жасауға бар. Үкіметке десең – барады. Ал, жекеге десең – барғысы келмейді. Сондықтан бұл жұмыста үгіт­-насихат та қатар жүріп отыруы керек. Фермерлердің саяси­мәдени деңгейі өте жоғарылау болуы тиіс. Қытайлықтардың озып кеткені содан ғой. Олар өркениетті жолмен кетті.

Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы өркениетті, нарықтық және құқықтық негізде жүрсе, ауыл тұрғындарының күнделікті өмірінің жақсаруына, тұрмыстық жағдайының күрт артуына себебін тигізеді.

2. Орасан зор, бірақ, соны пайдалана алмай отырмыз ғой. Қазақы діл жағдайында мемлекет арбитр ретінде араласып отырмаса болмайды. Мемлекет шаруашылықтың жағдайы туралы біліп отыруы керек. Көмектесіп отыруы тиіс. Мемлекет бұрынғыдай бағындыру емес, қамқорлық жасау бағытында болуы керек.

3. Дүниежүзілік масштабта қарасақ, ауыл шаруашылықпен айналысу аса көп пайда әкелмейді. Дегенмен керек. Мемлекеттің жәрдемінсіз болмайды: қаржылық та, ұйымдастыру жағынан да. Бұған дейін мемлекеттік бақылау, ұйымдастыру, мүмкіндіктер жасау жағынан кемшіліктер болды. Арқадағы жайылымды жерлерді пайдалану жағы әлі де жұрдай.

Қысқасы, ауыл шаруашылығын жақсы жолға қоюға мүмкіндіктеріміз зор. Соны пайдалануымыз керек.

Шалатай Мырзахметов, ҚР Парламенті Мәжілісінің экс-­депутаты:

1. Агроөнеркәсіптік кешені – бүгінгі таңда керек болып тұрған нәрсе. Өмірдің өзі соған апара жатыр. Қазақта: «Мал баққанға бітеді» деген сөз бар. Агроөнеркәсіптік кешен бағдарламасында соның бәрі ғылыми негізделген. Сондықтан оның берері көп.

Ауылдағы тұрмыстық жағдайды жақсарту қажет. Ауылдың жағдайын қаламен теңестіруге күш сала беру керек.

2. Болады. Бірақ, бұл жерде бірнәрсе бар. Жаңалықтың бәрі ауыр болады. Біреуі түсінсе, біреуі түсінбейді. Мұның жүрекке ең жылы тиетін жері – ауылшаруашылығы кооперативін ашу, соған ұйымдастыру. 50-100 малы барлар қосылса, малды бордақылауға, сонымен қатар, пәлен гектар жерлері бар шаруалар біріксе, мемлекеттен берілетін субвенция қарастырылған. Соны алады.

Дұрыс насихат жұмыстарын жүргізу керек. Қазақ одан ұтылмайды. Соған бару (кооперацияға – Қ.Н.) керек. Барлығы заңды түрде бекітіледі. Заңды үлесі бар бір егесі болып тұрады. Барлығы біріксе, олардың әлеуеті артады: трактор да, керекті жанармай да, жалға техника да ала алмақ.

3. Егемендік алған жылдары қатты күйзелген – ауыл шаруашылығы болды. Сол кездегі ең басты кемшілік – жақсы ұжымдарды ыдыратып алып, қалай, неден бастарын білмей қалғаны. Содан бір жығылғаннан кейін, тұру қиын болды. Енді қайта тұрып келе жатқан жағдайға жеттік. Екінші кемшілік. Ауыл шаруашылығына мемлекеттен орасан кредит беріледі. Ал, кредит тура, нақты егесіне тимей жататын. Қанша күш қолданғанмен солай болмай қалып жатты. 100 000-200 000 гектар жері барлар алып кетеді де, 50-100, 200 гектары бар адамдар ала алмай жүрді. Соны білгендіктен үкіметтің осыны қолға алып отырғаны. Айта-­айта енді жетіп жатыр. Өмірдің өзі сол кемшіліктерді байқатты.

Сосын қатып қалған қағиданың керегі жоқ. Оң жамбасына келгенімен айналысу керек. Мақтаралға тек мақта егудің қажетсіз екенін тілім жететін жерге айттым. Содан қауын­-қарбыз, алма екті. Бақтар жемісін бірден бермейді ғой енді, ал, қауын­-қарбыз еккен жігіттер жағдайларын сәл де болсын көтерді. Сондықтан қандай инновацияны болсын, еркіндік бере отырып ендіру керек.

Ауылдың жағдайы жаман болмаса керек. Түбінде жақсы болады.

Нұрлан Құлбатыров, экономика магистрі:

1. Керемет урбандалған ел емеспіз. Елдің жартысына жуығы ауылда тұрады. Сондықтан да кооператив па, басқа ма ауылдардың өзгеруіне алып келеді.

Өзін-­өзі қамтамасыз етіп отырғандардың көбісі ауылдарда. Енді өзін-­өзі қамтамасыз ету деңгейінде қалмай, кәсіпкерлікке өту трансформациясы болса – ең басты мақсаты сол деп ойлаймын. Шын мәнінде қой, мал бағамын деген адамға көмек көрсетілсе, табысына қызығып өздері­-ақ іліп әкетеді.

2. Бұған дейінгі барлық бағдарламалар декларативті болып келді. Нақты механизмдері жоқ. Осы қабылданған АӨК мемлекеттік бағдарламасының бір айырмашылығы нақты жазылған: кооперация болсын, экспортқа шығарылатын аграрлық өнімдер болсын.

Біздің еліміз бағдарламаларды жақсы жазады. Бірақ, қалай орындалатынын уақыт көрсетеді.

3. Біз кеудені қағып тұрып, таза ет те, бидай да бар дейміз ғой. Ал, нақты экспортқа шығаруға келгенде бәсекеге қабілетті тауарлар болмады. Осы жолғы бағдарламада кешенділік бар. Кадрлар дайындауда да. Бұрын мамандар табылмай қалатын.

Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасынан күтілетін нәтижелердің бір бөлігі…

Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасынан күтілетін нәтижелердің бір бөлігін, құрметті оқырмандар, назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.

  • Ұсақ және орта деңгейлі шаруашылықтарды ауыл шаруашылығы кооперацияларына тарту;
  • Сауда-­логистикалық инфрақұрылымды дамыту;
  • Жер ресурстарын тиімді пайдалануға жағдай жасау;
  • Су ресурсын тиімді пайдалану;
  • Агроөнеркәсіп кешенін ғылыми-­технологиялық, кадрлық және ақпараттық-­маркетингтік қамтамасыз ету;
  • 2021 жылға қарай:
  1. Азық-түлік тауарлары экспортының көлемін $ 600 миллионға дейін жеткізу;
  2. Азық-түлік тауарлары импортын $ 400 миллионға дейін төмендету;
  3. 2015-жылмен салыстырғанда ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін 38%-­ға арттыру

 ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі мен «НҰХ «ҚазАгро» АҚ, жергілікті әкімдіктер халықты белсенді араластыра алса, жетуге болатын көрсеткіштер. Алынатын асу. Кооперациялар дөңгеленіп, ауылдар өркендеп, қос қуанышқа қатар жетсе, елдің жүзі жадырап, еңсесі көтеріліп қалмай ма… Олай болса, сәттілік!  

 Құрманғали Нұрғалиев, журналист, экономика магистрі

Фото Ar-ay.kz-тен алынды

 

 

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0