Осыдан бес жыл бұрын, 21-ақпанда Украинада В. Янукович билігін тастап Ресейге қашқан еді. Сол күні таңертең ғана В. Янукович мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізуге дайын екенін мәлімдеген болатын. Ал, бар болғаны содан екі күн бұрын оппозиция билік өкілдерімен келіскені жарияланды. Бірақ, жағдай басқаша өрбігені белгілі.
18-20ақпанда Майдан және соның маңында, әртүрлі дерек бойынша, 78-83 адам қаза болған. Бұдан бөлек, жарақат салдарынан 20дан астам наразылыққа қатысушылар көз жұмды.
В. Янукович өз халқының демократиялық құқықтарын таптап, атып қана қоймай, елін тонап, сатқындыққа да барған. Бұған қатысты мына екі мәлімет те аз емес. Бірінші, оның Украинадан 100 миллиардтан астам АҚШ долларын шетелге алып кеткені туралы мәлімет. Екіншісі, Украинаға Ресейдің әскерін кіргізу туралы РФ президентіне бағыттаған өтініші…
Украина қоғамы осымен екінші рет үлкен төңкеріспен билігін ауыстырды. Батыс пен Ресейдің өзара геосаяси тартысында қалып қойған Украинаны тығырықтан алып шығуда, саяси-экономикалық орнықты ел орнатуда, әрине, азаматтық қоғамының орны зор. Әйтпесе, ірі саяси ойынның кезекті нысанасы болып қала береді. Қоғамы қалғып кетсе, Ресей билігі өз адамын қоятын немесе керісінше…
Президент сайлауы науқаны мен нақты сол күні қалай өтетіні де Украинаның демократиялық деңгейі қандай екенін тағы бір дәлелдейді. Дегенмен, осы демократиялық деңгейінің өзі ТМД елдерінің барлығынан дерлік жоғары десек, артық айтқандық болмас. Бәлкім, Қырғызстанның ғана деңгейі шамалас болып қалар…
Құрманғали Нұрғали
ПІКІРЛЕР