Каспий аймағының тоғысу нүктесі

Каспий аймағының тоғысу нүктесі

Каспий маңы елдерінің геосаяси жағдайы туралы ғылыми ортада бірнеше бағыт бойынша зерттеу-талдаулар жасалған. Олардың ішіндегі ең маңыздысы, қызықтысы (тұрғындарға жақыны) геосаяси интеграция, құқықтық-гуманитарлық байланыс тақырыптары. Сол себептен болашақ ғалым ретінде мен де осы тықырыпты таңдадым.

 Кілтті сөздер: Каспий аймақтық интеграция, географиялық және әлеуметтік саяси дамуы.

Каспий маңы елдеріне кіретін Қазақстан, Әзербайжан, Иран, Ресей және Түрікменстан мемлекеттерінің ортақ интеграциялық мүдделі байланыстары бар. Географиялық жағынан Каспий теңізі, оның суын, түбін, жер қойнауын, табиғи ресурстар мен әуе кеңістігін қоса алғанда, тараптардың құқықтары мен міндеттемелеріне байланысты мүдделі көзқарастары бар. Интеграция – бұл обьективті экономикалық процесс. Халықаралық еңбек бөлінісінің қажеттіліктерін қамтамасыз ете отырып, елдердің бірігуі шеңберінде бір тұтас шаруашылық кешенін құру. [1] Негізгі ғылыми анықтамасы осы. Мемлекеттер ортақ заңдарға бағына отырып өздерінің қызмет бөліністерін орталықтан бақылайтын органдарға береді. Осы бағыттағы интеграциялық ортақ байланыстарды осы елдердің гуманитарлық бағытта тығыз интеграция  орнатып жұмыс істеуі маңызды. Каспий елдерінің интеграцияға деген қызығушылығының артуы Кеңес Одағы ыдырап, пайда болған ТМДны құруынан бастау алады. Сондықтан, қазіргі кезде Орталық Азия мемлекеттерінің экономикалық, саяси-әлеуметтік жағдайының дамуы үшін Каспий маңы елдерінің қандай да бір тәжірибелерін пайдалану керек. Бұл мүдделес елдердің стратегиялық дамуы үшін маңызды қадам болмақ. Осы интеграциялық байланыстардың құқықтық статусын анықтау арқылы жаңа процестерге жол ашылады. Каспий маңы елдерінің Саммитінде де осы мәселелер азаматтардың адам құқықтарын қорғау, демократия құндылықтарын жоғары қоюға байланысты «еркіндік, қауіпсіздік және құқық тәртіп кеңістігін» құрды. [2] Бұл жерде Каспий маңы елдерінің ортақ ұстанымдары ескерілді. Сырттай қарағанда, нәтиже бермейтін жәй ғана қағазда жазылған дүние болуы мүмкін. Алайда, мемлекеттердің өзара байланысы, экономикалық-әлеуметтік, рухани-мәдени гумантиарлық интеграцияның нығаюына алып келеді. Осы арқылы елдердің шекаралық-аумақтық мәселелері де толықтай шешіледі.

Былай қарағанда, жаһандық даму үшін бөліну емес, бірігу керек деген түсінікті алға тартушылар кездесуі мүмкін. Бірақ, бұл көрші елдердің географиялық-саяси жағынан ортақ мақсатқа жұмылуы дер едім. Ондай мысалдар әлем елдерінің даму коньюктурасында жиі кездеседі. Мысалы, Еуропалық Одақты алайық. Ол қазір интеграциялық процесс дамуының ыстық нүктесіне айналды. Еуропалық Одақтық интеграцияның арқасындағы жетістіктерін қарасақ, көңіл қуанады. 1992 жылы Маастрихтте (Нидерланды) өткен халықаралық кездесу нәтижесінде Еуропалық Одақ құрылды. Бір жылдан кейін (1993 жылы 1 қараша) бұл құжат өз күшіне енді. Қазіргі нәтижесі даму процестері жаман емес.

Осы арқылы ортақ экономика, ортақ саясат, ортақ ынтымақтастық пен қауіпсіздік жүргізу мәселелеріне байланысты үлкен саяси және экономикалық маңызы үлкен шешімге қол жеткізілді. [3] Осылайша, Еуропалық Одақ еуропалық экономикалық және саяси интеграциялық жоғарғы дәрежелі көрінісі болып табылады. Бұл мысалдарды Каспий маңы елдерінің интеграциялық байланысын нығайту үшін тиімді һәм жүйелі пайдалануға болады.

Каспий маңы елдері өз ішіндегі тәртіп пен қауіпсіздікті реттеу үшін біршама жұмыстарды бастап кетті. Қауіпті не қауіпсіз аймаққа жататын ішкі бөліністерді де атап өткен жөн. (Иран мәселесі, Ресей федерациясының проблематикасы)

Каспий маңы мемлекеттері үшін – ортақ сыртқы саясат және қауіпсіздік атмосферасын құру басты мақсаттардың бірі. Бұл елдердің құқықтық базасын құруға қатысты ортақ шешімдер Саммитте айтылды. Арнайы құжат жасалып, қол да қойылды.

Бұл 5 мемлекет ортақ экономикалық саясат, ортақ сыртқы саясат және ішкі қауіпсіздік мәселесін жүргізіп келеді. Ынтымақтастық және әріптестік бағыттағы жеткен жетістіктері де аз емес. Бұл Каспий маңы елдерінің аз да болса жеткен жетістіктеріне жатады. Бұл интеграциялық байланыстардың маңызды құрамдас бөлігі ретінде  мұсылман әлемі, Ресей, посткеңестік кеңістік Қытай және Шығыс Азияға қатысты ұстанымдары бойынша елдер бейтарап саясат ұстанғандары жөн. Алайда, оның тиімділігі туралы әзір бірдеңе деу ертерек. Мүмкін, ширек ғасырдан кейін ғана нәтижеге қол жеткізуге болады.

Бір жылдары Каспий маңы елдері саяси және экономикалық тұрақсыздықтың алдында тұрды. Қазіргі жағдай басқа, бүгінде бұл елдерге трансұлттық кәсіпкерлік обьектісі ретінде қарайды. Себебі, бұл теңіз кеңістігі әлемдік жаңа дәліз, тұрақты экономикалық дамудың ыстық нүктесіне айналды. Ең бастысы, елдер арасында саяси-экономикалық тұрақтылық бар.[4]  Яғни, бұл жерде де ірі теңіз коммуникациялық дәліздің орны бар. Ең бастысы, бұл құрлық дәліздеріне қарағанда, арзан һәм қауіпсіз болып саналады.

Қазақстан тоғыз жолдың торабында орналасқан геосаяси жағынан өте маңызды аумақта орналасқан мемлекет. Алайда, бұл жерде Қазақстанға қатысты тәуекелді тұстар жетерлік. Себебі, аймақтық сыртқы саясатты жүйелеп, кешенді түрде жолға қою үшін стратегиялық мүдделердің де негіздерін іздеу керек. Шанхай бестігі, ЕврАзЭс, Ұжымдық қауіпсіздік келісімінің ұйымы (ОДКБ) сынды халықаралық шаралар біздің елдің ұйытқы болуымен ғана өтіп келеді. Мұның өзі бұл тәуекелге мықты дайындықтың барын білдіреді. Кешегі өткен Каспий маңы елдерінің Саммиті де осы шеңберге кіреді.

Каспий маңы елдері интеграциясының өзектілігі-оның саяси және экономикалық-әлеуметтік дамуы мен мәдени-рухани ұстанымдары бойынша ерекше бағаланады.

Каспий маңы елдері интеграциялық байланыстарды Одақ не белгілі бір ортақ кеңістік құрып шешуді міндеттемеймін. Алайда, бұл елдер біріге отырып, экономикалық және әлеуметтік тұтастықты сақтағысы келсе, бір-бірінің мүдделеріне зиян жасамауы керек. Кез келген интеграциялық байланыс белгілі бір тәртіп жағында ғана жасалуы керек. Байланыс бұзылса, тәртіп кетеді. Бұл байланыс елдер басшыларының көзқарастары тұрғысынан емес, халықтың ортақ қатынасы, болашаққа бағдарланған ортақ стратегиялық байланысты сақтау үшін жасалу керек. Әйтпесе, бұлардың барлығы қағаз жүзінде қалуы ғажап емес. [5](Мемлекет басшылары кетеді. Халықтар достығы, бірлігі сақталады) Саяси элита мен мемлекет басшылығындағы Тұлғалардың жеке көзқарастары бойынша құрылған ұйымдар мен байланыстардың ұзаққа бармайтынын тарих сан мәрте дәлелдеді. Интеграциялық байланыс ішкі саясатта емес, сыртқы саясатта ысылған Тұлғалардың мемлекет басқарудағы ерекше тәсілдері мен методологиялық көзқарастары арқылы жүзеге асады. Бұл жерде жеке бастың бәсекелестігі жүрмеуі тиіс.

Қазақстан көрші елдер интеграциясы үшін үлгі болар елге айналды. Каспий маңы елдері үшін де осындай қағидаларды бұзбады. Бұл үлкен жетістік һәм зор абырой. (көрші елдерге барғанда осы абырой қатты байқалады) Каспийге қатысты интеграциялық шарттардың дұрыс құрылуына негіз болды. Осы шарттардың сақталуы, бұлжымастан орындалуын қамтамасыз етуге бар күш жігерін салып келеді. Осы тұрғыда арнайы Конвенция да қабылданды. Конвенция ұлттық аймақтарды шектеу; юрисдикциялар мен егемендік; жер қойнауын пайдалануға құқықтарды жүзеге асыру; транзит пен тасымалдау; су асты құбырлары мен кабельдерді төсеу; қоршаған ортаны және Каспий теңізінің биологиялық ресурстарын қорғауға байланысты мәселелерді реттейді. Каспий маңы мемлекеттерінің әскери қызметі тұрғысынан алғанда қазіргі заманғы сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге қарсы тұру, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, қауіпсіздік мәселелеріне айрықша назар аударылған.

Ең бастысы, біздің ел кез келген интеграциялық байланысқа жұтылып кетпеудің жолында. Қазақстан ұлттық рух, діни наным -сенімдері бойынша Түркі әлемі Шығыс интеграциялық жүйесімен де Батыстық үлгімен де тең дәрежеде байланыс орнатып, алға жылжып келеді. Саяси – экономикалық, мәдени-рухани ұстанымдары бар.

Каспий маңы елдерінің интеграциялық кеңістігін құруда қазақ елі басты мұрат ретінде еркін сауда мен ортақ нарық құруға бағытталған жүйелі жұмыстарды қолға алуы керек. Бұл экономикалық жағынан тиімді қадам болса, татулық достық, қауіпсіздік жағынан да біраз дүниелерді атқаруға болады.

Каспий аймағы елдерінің интеграциялық байланысын нығайтудағы ерекшеліктерді кей ғалымдар географиялық-саяси жағынан бөліп қарастырады. Каспий ерекше эко жүйеге жатады. Бұл аймақта (Каспий теңізі) экономикалық-экологиялық, био энергиялық ресурстар шоғыры бар кеңістіктік түзілген. Бұл жерді сондықтан да жаңа кеңістік жаңа аймақ ретінде қарастырады. Бұл жерде үлкен интеграциялық кеңістік жатыр. Каспий маңы елдерінің Еуразиядағы геосаяси жағынан жаңа өркениеттілік кеңістікке кіретіні туралы да ғылыми тұжырымдамалар бар. Су алабын бірлесіп пайдаланып отырған осы елдердің ұлттық-діни көзқарастарына байланысты іріктеліп жасалынған ислам, христиан, буддалық өркениеттердің шекарасы деген анықтамалар да айтылып жүр. Бұл аймақтың интеграциялық әлеуетіне айтарлықтай серпін береді. Каспий маңы елдерінің интеграциялық әлеуетіне осы мемлекеттердің құқықтық статусына қатысты ұстанымдарын да кіріктіруге болады. Ол осы елдердің құқықтары мен міндеттемелері, аймақтық қауіпсіздік, ортақ заңнамалық база, осыдан шығатын бейбітшілік пен татулықтың аймағына айналу, аймақтық қауіпсіздік т.с. құжаттамалық негіздерді айтуға болады. Каспий теңізін бойлай орналасқан елдердің интеграциялық байланысының құқықтық негізі 1992 жылы бес мемлекеттің теңіздегі ынтымақтастық мәселелерін реттеу кезінде жасалды. Содан бері бірталай жұмыстар атқарылды. Арнайы жұмыс топтары құрылып, интеграцияның негіздері жасалды.

Келіссөздер процессі шеңберінде Каспий маңы мемлекеттері сыртқы істер министрлерінің жеті кеңесі (1996 жылы 11-12 қарашада Ашхабадта, 2004 жылы 6 сәуірде Бакуде, 2007 жылы 20 маусымда Тегеранда, 2014 жылы 22 сәуірде Мәскеуде, 2016 жылы 12-13 шілдеде Астанада, 2017 жылы 4-5 желтоқсанда Мәскеуде, 2018 жылы 11 тамызда Ақтауда) өтті.[6]

Каспий маңы елдерінің интеграциялық-стратегиялық негіздері саяси деңгейде қазақстан басшылығының көшбасшылық көрегенділігінің арқасында нығайды.  Каспийдің құқықтық мәртебесі, теңіздегі қауіпсіздік пен тұрақтылықтың негізгі мәселелері, сондай-ақ Каспий маңы мемлекеттерінің халықаралық қатынастарының жекелеген аспектілері бойынша ұстанымдары құжат түрінде жасалды.

Интеграция аясында Каспий теңізінің су биологиялық ресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану туралы келісімге, Каспий теңізіндегі төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге және Каспий теңізінің гидрометеорологиясы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдер де жасалып үлгірді.

Каспий маңы елдерінің үкіметтері арасындағы көлік саласындағы ынтымақтастық туралы, сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы, Каспий теңізіндегі оқиғалардың алдын алу туралы келісімдерге, сондай-ақ, терроризмге қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық туралы, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық туралы, 2010 жылғы 18 қарашадағы Каспий теңізіндегі қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге Шекара ведомстволарының өзара іс-қимылдары туралы хаттамаларға қол қойылды. Каспий жағалауындағы елдердің өндірістік-шаруашылық бағыттағы интеграциясы туралы да зерттеулер бар. [7] Өнеркәсіптік, сауда, энергетикалық, көліктік-логисткиалық, инновациялық, туристік, ақпараттық және басқа да салаларды дамытатын интеграциялық байланыстар бар. Мәдени-рухани байланыстар, жастар слеті, спорттық жарыстар т.с. ынтымақтастарды жандандыруға қатысты интеграциялық байланыстарды да ұмытпау керек. Интеграция тақырыбы өте кең, ауқымды тақырыпқа жатады. Оны бір мақала, бір талдау-зерттеу материалдары арқылы қамти алмаймыз. Бастысы, елдің байланысы – саяси интеграцияны күшейтуге бағытталуы керек. Бұл жағынан Қазақстан басқа елдерге үлгі боларлық қадамдар жасап үлгірді.

А.Б. Ертілеуова, Yessenov University-нің «Мемлекеттік және жергілікті басқару» менеджменті

ӘДЕБИЕТТЕР

  1. Появится ли в Каспийском море суда третьих стран? Forbes31.01.2019 Арина Горбунова
  2. Море нашей надежды: в Актау подписана Конвенция о правовом статусе Каспия. Реонанс.кз Жанар Тулиндинова, 13.09.2018
  3. Эпохальное событие: 5 президентов поделили Каспий, Газета. ру 12.08.2018
  4. Туған елім – тірегім. Назарбаев Н.Ә. -Алматы, 2001
  5. Проблемы международных отношений. / Под ред. Е.А. Кузнецова. – Алматы., 1999
  6. Как изменится обстановка в регионе после подписания Конвенции о правом статусе Каспия. Закон.кз. Александр Бовдунов 12.09.2018
  7. Нұрсұлтан Назарбаевтың “он қадамы”: “Российская газета” оқырмандарының сұрақтарына жауапты ұйымдастырған В. Дымарский // Егемен Қазақстан. – Алматы, 2003. -№ 43, 22 ақпан.

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0