Қай елде болмасын мемлекеттік тіл сонда жүріп жатқан саясатпен тығыз байланысты. Қоғамымен де.
КСРО-ның бізден басқа елдері мемлекеттік тілін сақтау бағытында, Қазақстан үшін әзірге алыс әрекеттерге барды және баруда. Мысалға алар ел де аз емес. Балтық жағалауы елдерінің бірі – Латвия. Бұл ел енді жалпы білім беретін оқу орындарында оқыту ісін тек латыш тілінде жүргізбек. Қабылданған шешім биыл немесе 2019-жылдың 1-қыркүйегінен бастап күшіне енеді. Демек, орыс мектептері де болмайды (Әлбетте, Латвия аз ұлттарды біліммен қамтамасыз етуге қатысты халықаралық талаптар сақталатынын да мәлімдеді). Мына қызықты қараңыз! Латвиядағы орыстардың үлесі былтыр 25% болған. Біздің елдегі орыстардың үлесімен шамалас. Сөйте тұра, Латвия біз бара алмай отырған осындай ірі қадамға барды. Тіпті Латвияның Білім және ғылым министрі Илга Шуплинска: «Орыс тілі Ресейде дамуы тиіс» деген пікір білдірді, әрі құқықтарымыз тапталып жатыр, орыс тілі қысымға ұшырауда деген орыстілді қауымдастық өкілдерінің сөздерімен келіспеймін деді. Осындай, мемлекеттік тілге жанашыр министрлер бізге жетпей тұр. Молдова да былтыр мемлекеттік тілінің мәртебесін арттыру үшін өзіндік үлкен қадамға барды. Конституциялық соты Молдовия Кеңестік Социалистік республикасы территориясындағы тілдердің қызметі туралы Заң ескірді деп, соған байланысты, орыс тілін «ұлтаралық маңызы» бар мәртебесінен айырған болатын. Ендігі бір ел – Украина. Бұл ел де биыл украин тілін өз тұғырына қондыру үшін үлкен саяси қадамға барды. Жоғарғы Радасы «Украин тілін мемлекеттік ретіндегі қалыптасуын қамтамасыз ету» туралы заңды қабылдады. Заңға сәйкес, бұдан былай мемлекет басшылығы, депутаттар, прокурорлар, педагогтар, медицина, Ұлттық банк саласындағылар т.б. украин тілін білуі міндетті. Сонымен қатар, Украина азаматтығын алғысы келетіндер де мемлекеттік тілді тиісінше білуі керек екен. Заң бойынша Украина азаматы мемлекеттік тілді білуі тиіс.
Бұрынғы КСРО-да бодан болғандар, Тәуелсіздік алғаннан бері осындай қадамдарға барды. Әлі де бұл үдеріс жалғаса беруі әбден мүмкін. Табиғи қалыпқа түскенше… Енді біздің елді салыстырыңыз…
Тіл – саясат
Біздің мемлекеттің билігінде елшіл, болашаққа бейжай қарамайтын тегеурінді азаматтар отырса, Латвиядағыдай қадамға барар еді. Кей адамдар айтар, бәлкім: Латвия НАТО және Еуроодақ мүшесі, екі күш саяси, әскери әрі экономикалық жағынан қорғап тұр деп. Бір қарағанда келісерліктей-ақ уәж. Дегенмен екеуіне енбей тұрып-ақ, Латвияның саясаты өзіндік деңгейде алып болды. Біз бұл елдің қасында халық саны және жер көлемі бойынша алып саналғанымызбен, саясатымыз шағын.
Тәуелсіз ел басқа мемлекетке жалтақтамай, өзі дербес саясат жүргізуі керек. Биыл Украина да мемлекеттік тіліне қатысты үлкен қадамға барғанын жоғарыда жаздық. Десек те, Украинаның бұл қадамы Ресей тарапынан жауапсыз қалмағанын да қосу қажет. Ресей Украинаның бұл қадамын БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің күн тәртібіне шығарып, талқылауға ұсынды. Дегенмен АҚШ, Германия, Ұлыбритания т.б. елдер қарсы шығып, ұсынысты талқылатпай тастағаны мәлім. Бұл тілдің саяси ықпалды күш екенін білдіреді. Әйтпесе, Ресей билігі тәуелсіз Украинадағы орыс тіліне қатысты саясатқа еш қызармастан осылайша араласпайды. Әрине, Ресейдікі қателік! Ал, Украинаныкы заңды. Біз де өз елімізде неге қазақ тіліне орасан мән бермеуіміз керек?! Біздікі де заңды ғой…
Ағұс – қазақ тілінің табиғи қалпының туындысы
Мемлекеттік тілді табиғи орнына әкеле отырып, дамыту керек. Ресейдің арамза билігі орыс тілін отарлаудың орағы етті. Соның негізінде қазақ тіліне жат әріптер мен дыбыстарды ендіріп, орфографиялық, орфоэпиялық т.б. жолдар арқылы табиғатын бұзды.
Сондықтан қазақ тілін дамыту үдерісінде табиғи қалпын сақтауға баса мән берудің де өзіндік орны болуы керек. Мұндайда әлі күнге дейін қазақшаны бұрынғы қалыпта барынша сақтаған Монғолия, Қытайдан келген оралман бауырларымыздың қазақшасын үлгі ретінде алу қажет болар.
Бұрын үлкендер август айын «Ағұс» дейтін. Кірме сөзді осылай «өзінікі» етіп жіберу сол бұрынғы ұрпақтан кейін азайды. Бәлкім, қазір жоққа жуық. Одан кейін орысша заңдылыққа сай, қазақша сөйлейтін ұрпақ келді. Ендігі ұрпақта ағылшын, қытай тілі заңдылығына сай сөйлейтін қазақша сөздер шықпасын дейік.
Демек, алдын ала отырып, мемлекеттік тілді дамыта түсу керек.
TURANINFORM САУАЛНАМАСЫ:
- Тәуелсіздік алғанына 28 жылға таяған еліміздегі мемлекеттік тілдің жағдайы қалай? Мәселе қаншалықты күрделі, әлде…
- Латвия өз еліндегі мектептерін тек латыш тілінде оқытуға көшпек. Біздің ел сондай қадамға бара ала ма?..
- Сіздіңше, алдағы он жылда еліміздегі қазақ тілінің жағдайы қандай болуы мүмкін?
- Қазақтардың қала ұлтына айналуы мемлекеттік тіл мәселесін шешуде негізгі себеп бола ала ма?..
Алдан Смайыл, жазушы, қоғам қайраткері:
- Орыс диаспорасының көңіліне қарау. Солар ренжіп қалмасын, көтерілмесін, наразы болмасын деген саясат бірінші орында тұрды. Соған байланысты, Конституцияда орыс тілі мемлекеттік тілмен ресми түрде тең қолданылады деген бап бар. Қазақ тілінің мемлекеттік деңгейге көтерілмеуіне ең бірінші кедергі – осы бап болып отыр. Ресми түрде қатар қолданылады деу, ашығын айтар болсақ, екінші мемлекеттік тіл деген сөз. Министрліктерде, әкімдіктерде, барлық мемлекеттік мекемелерде орыс тілі қазақ тілімен тең қолданылады.
1993-жылғы алғашқы Конституцияда халықаралық қатынас тілі болатын. Орыс тілі. Соған қайта оралсақ та болады.
Күні бүгінге дейін Үкіметтің, Парламенттің, тіпті Ақорда отырыстары орыс тілінде жүргізілді. Қазақшамен бастап, содан кейін орысша жалғастырып, аяғында қазақ тілімен аяқтау дәстүрі пайда болды. Осыған байланысты қазақ тіліне қажеттілік болмай қалды. Тағы бір себеп, республикада қазақ тіліне қажеттіліктің болмауы. Қазқ тілін үйреніңдер-үйреніңдер дейді. Егер қажеттілік болмаса, несіне үйренеді?! Мемлекеттік қызметті қазақ тілін білмесең де атқара аласың. Жоғарғы білімді қазақ тілін білмесең де ала аласың. Қазақ тілін білмесең де барлық құрылымдарға орыс тілінде ақпарат алып, еркін жұмысыңды жүргізе бересің. Ал, мұндай жағдайда қазақ тіліне қажеттіліктің қажеті қанша?.. Бұл қазақ тіліне басқа диаспоралардың мән бермеуіне ұйытқы болды. Бірте-бірте қазақтың өзінің сол тілді қажетсінбеуіне әкеп соқты.
- Мұндайға бірден бара алмаймыз. Орыстармен қатар, қазақтардың да қарсылығын тудырамыз. Мұны бір десек, екіншіден, қазақ тілін еркін меңгермеген, жаза да, сөйлей де алмайтын мемлекеттік қызметте отырғандар бұған жол бермеуге тырысады.
Әлемдік тәжірибеде тек Латвияда ғана емес, Ататүрікті көп айтамыз ғой, сол бүкіл мектептерінде ана тілінен басқада оқытуды тоқтатқан. Оларда (Түркияда– Қ.Н.) армяндар, күрдтер, гректер, еврейлер көп болды. Бір ғана тілде оқытамыз, бұл – түрік тілі деді. Бізде Ататүрік жоқ қой.
- Дәл осы жағдайда, қалыпта 20-30 жылда да қазақ тілінің көсегесі көгермейді. Көгерту үшін мен айтқан бапты Конституциядан алып тастау керек. Орыс тіліне ешқандай қысым көрсетпейміз. Мектепте балаларыңды оқытасыңдар, орыс тілінде білім аласыңдар деп, енді мемлекеттік іс қағаздары бір тілде жүргізіледі дегенді саясатқа, саяси идеологияға айналдырып, соған бірте-бірте көшуіміз керек. Әйтпесе, мына қалыпта көгермейді.
- Мұнымен шеше алмаймыз. Өйткені, ауылдан қалаға келіп жатқандардың көпшілігі саясатқа, экономикаға, әлеуметтік, рухани жағдайға ықпал ететін категориядан емес. Көбісі қара жұмысқа келгендер. Сондықтан ықпал ете алмайды.
Дастан Сатбай, тарих ғылымының докторы:
- Меніңше, күрделі қалыпта емес. Барлығы да табиғи, қалыпты жолмен дамып келе жатыр. Қазақ тілінің жағдайы нашар деп ойлауға болмайды.
Тоқсаныншы жылдармен салыстырғанда, қазақ тілінің жағдайы, Құдайға шүкір, жаман емес. Орнығып келе жатыр.
- Ондай қадамға барудың керегі жоқ. Көп мәдениетті, көптілді болып қалыптасқан дұрыс. Себебі, үштілділікке бағытталып отыр ғой.
Мысалы, Швейцарияда французша, итальянша, немісше сөйлесе береді. Кімге қайсысы ыңғайлы – солай сөйлеседі. Онда тұрған ештеңе жоқ.
Қолдан күрделендірудің керегі жоқ. Бастырмалатып, орыс тілі жауымыз деп, орысшадан ығысып кету дұрыс емес. Бұл қазаққа да зиян.
- Алдағы жылдары қазақ тілінің жағдайы одан да жақсы болады. өзінің орнын алады.
- Бола алады. Мұны ең бірінші айтқандардың бірімін. Қалалық қазақ мәдениеті қалыптаспай болмайды. Ұлт болу үшін қалаға барып, 2-3 ұрпақ алмасуы керек.
Қазақ тілі мен мәдениетінің негізінде қазақстандық ұлт жасауға болады. Бұдан қорқудың керегі жоқ…
Құрманғали Нұрғали, журналист
Фото интернеттен алынды
ПІКІРЛЕР