10-сәуір. Turaninform. Төтенше жағдай сәуірдің аяғына дейін созылатын болды. ҚР президенті Қ. Тоқаев бұл туралы былай деді: –15 сәуірде Төтенше жағдай режимі туралы Жарлығымның мерзімі аяқталады. Төтенше жағдай режимін, кем дегенде, сәуірдің аяғына дейін созуға тура келетіні қазірдің өзінде түсінікті болып отыр. Біз коронавируспен ауырудың шарықтау шегінен әлі өткен жоқпыз. Індетке қатысты жағдайды жеңілдетуге болмайды. Осыған байланысты карантин режимін елордада, Алматы мен Шымкентте және тиісті облыстарда сәуірдің аяғына дейін созуды тапсырамын. Мұның оңтайлы шешім емес екенін түсінемін. Өйткені халық көшеге шығып, қалыпты тұрмысын жалғастырғысы келеді. Бірақ карантин режимін сақтаудан, оқшауланудан басқа жол жоқ. Бұлай жасамасақ, жағдайды ушықтырып аламыз. Індет белең алып, барша ұлтымыздың денсаулығына, сондай-ақ, ұлттық қауіпсіздікке қауіп төнеді. Мұндай жағдайда шағын және орта бизнеске, тіпті, бүкіл экономикаға қатысты жасап жатқан әрекеттеріміздің мәні жоғалады.
Өкінішке қарай, еліміз бойынша 802 адам COVID-19 ауруына ұшыраған. Күн өткен сайын артуда. Дегенмен Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында сәл бәсеңдегені байқалады. Жазылып шыққандар да көбеюде: 63 адам.
Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның осы отырысында Қ. Тоқаев басқа да тақырыптарды қозғады.
Фото: akorda.kz
ПІКІРЛЕР