Автожол сапасы адам өмірінің қауіпсіздігінде өзіндік орны бар. Жолына қарап, қоғамын тануға да бір мүмкіндік.
Елімізде биылғы тоғыз айда 10,2 мың жол апаты болған екен. 15 мыңнан аса адам зардап шеккен. 1,7 мың адам о дүниеге аттанған. Мұның 10%-дан астамы кәмелет жасына толмағандар. Сұмдық сандар, айтары жоқ. Мұның сыртында қаншама қайғы, қасірет, мыңдаған мүгедек өмір т.б. да бар. Бір жылы сәл азайған болады, сосын қайта өсу…
Енді Еуропа елдерімен салыстырайық. Бақырайған сандар былай сыр шертті. Мәселен, ең төмен көрсеткіш Норвегияда екен. Миллион адамға шаққанда, шамамен 20 кісі өлімі болады екен. Бізде, алдыңғы жылғы мәліметке сәйкес, 106 адамнан аса адам қаза болған. Кемі бес есе үлкен! Норвегияда бес жылда болатын адам шығынын, Қазақстан 365 күнде толтырады.
Төменде жол апаты салдарынан болатын өлім көрсеткіші аз еуроелдерінің ондығы…
Дыңғырлаған жол – экономикаға серпін
Дамыған мемлекеттер, әдетте, адами капитал, еңбек өнімділігі дегенге баса назар аударады. Біз де жол-көлік оқиғасынан қаза тапқандар немесе мүгедек болып қалған мыңдаған адамдардың салдарынан экономикалық күш те сонша кеміп жатқанын білуіміз керек. Қазақстан – ортақ шаңырақ.
Жол қауіпсіздігі дегенде, салынған автожолдардың сапасы өзіндік маңызды қызмет атқаратыны белгілі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бұл сала да экономикалық қиындықтарға ұшырады. Дегенмен соңғы жиырма жылда серпіліс пен даму арасында келеді. Әттеген-айы да жоқ емес. Сонымен соңғы он жылдай уақытта республика бойынша шамамен 14 мыңнан аса шақырым жол салынған. Кейінгі уақытта тіпті өсуде. Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық транзит жолының елімізге тиесілі бөлігі салынды. Қазақстан территориясы бойынша ұзындығы 2787 шақырым болатын осынау стратегиялық маңызы зор жол халықтың игілігіне жарауда. Экономикалық әлеуетімізге қосымша қуат болып қосылды. Ішкі жолдар да жақсаруда. Астана-Щучинск трассасы да қолданыста. Астанадан Алматыға дейінгі автожол да жаңадан салыну үстінде. Егер, ойдағыдай 2023ж. бітсе, дыңғырлаған кең жол – қала арасы қатынас уақытын бірнеше сағатқа қысқартады. Қызылордадан Жезқазған арқылы елордаға немесе кері қатынаушылар жол азабын тартып әлек. Неше жылдан бері. Енді сол ұзындығы 427 шақырым болатын “Қызылорда-Жезқазған” автожолы салынуда. Бұл 2022-2024 жылдарға арналған “Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері” атты ұлттық жобалар тізбесіне енгізілген.
Осындай жаңарулардан да болса керек, әлем елдері ішінде Қазақстан автожол сапасы бойынша 93-орынға көтерілді. Әрине, бұл осыншалықты жақсы көрсеткіш емес. Дегенмен бірнеше жыл бұрын алған, 117, 115 орындардан көш ілгері екені анық.
Соңғы жылдары автожол инфрақұрылымы, жол салу құрылысы тәуір-ақ жүріп келеді. Бұрынғымен салыстырғанда. Салынып жатқан жолдар қаншама. Десек те, орталық не көзге көрінетін жерлерді қайта-қайта, орынды да орынсыз шұқып, өзгерте бермей, алдымен батпақтап жүрген елдімекендердің жолдарын көтеріп алайық дегім келеді.
Жол қауіпсіздігін күшейте беру керек
Қазіргі заманғы технологияларды автокөлік жолдарына, тиісінше, енгізе беру керек. Былтыр АҚШ өнертапқышы жаңа бір технология ойлап тапты. Мысалы, түген автотрассасында жол-көлік оқиғасы болуы мүмкін деген секілді жүргізушіге автоескерту келеді. Осындай құрылғыларды автожолдарға қою не жүргізушілер телефондарына мобилді қосымша арқылы жүктеп, белсенді қолдану жол қауіпсіздігін арттыра түсуге бір сеп.
Біздің ел, қар жауғанда немесе көктайғақ болғанда, автожолға тұз, құм сеуіп әуре болып жатады. Қауіпсіздік үшін жақсы-ақ. Әрі қымбат та емес. Дегенмен сепкеннен кейін көшенің әрі бұзылып қала беретіні бар. Мұның үстіне сол тұз бен құм қарды, мұзды еріткенде үсті-басыңды, көлігіңді бүлдіріп жатады. Жапония, АҚШ (бүкіл жолы емес) мұндайға басқа тәсіл қолданады екен. Мысалы, қар жауатын өңірлерінде автожол асты арнайы жылытылады. Содан қар тұрмай, еріп кетеді. Біздің ел үшін де бұл тиімді болар. Әсіресе, қарлы өңірлеріне.
Мына фотода АҚШ-тағы астына жылу құбырлары жіберіле отырып, бетонды жол салу сәті, содан кейінгі көшенің жағдайы көрсетілген.
Өткен аптаның аяғында «Kaztraffic-2022» XVIII Халықаралық көрмесі өтті. Соған қатыса жүріп байқағаным, елде автожол құрылысын жаңғырту үдерісі жүріп-ақ жатыр. Мысалы, «Адалшарт» деп аталатын компания басшысы Б. Спатаев Қазақстанның кей асфальттарына араластыра салынған «Viatop Fep» қоспасы туралы айтты. «ҚазАвтожолмен» бірлесіп, Астана-Шортанды автотрассасында пайдаланған. Бұл қоспаның артықшылығы неде? Жаздың ыстық күндері ауыр жүк көліктері асфальтты езіп, ізін салып, бұзып кетіп жатады. Егер, асфальт құрамында осы қоспа болса, қайта қалпына келеді екен. Белгілі бір температурадағы аязды күнді де көтереді. Асфальт жарылмайды. Көрмеде осы сала бойынша тағы бір компания – «UneedUs» өкілімен де кездестік. Оның сөзіне қарағанда, компаниядағы америкалық өнімдер қазақстандық автожолдардың сапасын тиімді әдістермен арттыруда екен. Мәселен, эмульсиясы. Әрі отандық қоспа шығарыпты. Жол сапасын арттыра түсетін. Сонымен қатар, шетелдік үздік фирмалармен бірге жұмыс істеп, жол саласын дамытып жатқан басқа да қазақстандық кәсіпорындарды көрдік.
Тіпті қазіргі таңда біраз салаларда ID-face арқылы тану да қолданысқа кеңінен енуде. Осыны қоғамға қауіпті адамның қай жерде келе жатқанын не алдағы жолда бар-жоғын анықтайтындай технологиясы жетілген автожолға ендірсе, бәлкім, бір пайдасы тиер ме еді…
Автожол мәдениеті қандай немесе «Сергек» сергітті ме?..
Бұл да қоғамдық сананың қандай екендігінен хабар беретін әлеумет әдебінің, жұрт мәдениетінің көрінісі. Өкініштісі, қымбат тұрады. Адам өміріне тікелей әсер етіп жататыны бар. Мәселен, елімізде 2003-2020жж. 284 мың жол-көлік оқиғасы болып, 51 000 адам қаза тауыпты. Мұның сыртында өмірбақи мүгедектікке ұшырап қалғаны қаншама?! Анау-мынау соғыстан кем емес шығын. Сол қазаға ұшырағандардың 33%-і отызға дейінгі өрімдей жастар екен. Қара жамылған жанұялармен қоса, экономика да зардап шекті. Себебі, сонша адам елдегі еңбек өнімін арттыруға белгілі бір үлес қосары анық.
Жол-көлік оқиғасы себептеріне назар салсаң, адами фактор үлесінің зор екенін байқау қиын емес. Мысалы, автокөлік апаты оқиғаларының 86%-і жол ережелерін бұзудың салдарынан. Ал, апатты оқиғалардың 80%-і кезінде ауа-райы ашық болған. Бұл «Сергек» сергіткен кездегі сандар. Былтыр осы бейнекамералар нәтижесінде, 3,6 млн рет жол жүру ережесін бұзу фактісі анықталған.
Дегенмен осыдан 10-20 жыл бұрынғыдай емес, автожүргізушілер арасында жаяу жүргіншілерді тиісті белгіде өткізіп жіберу, бағдаршам қызылында тежеу секілді қарапайым жол ережесін сақтаушылар артқандай. Бұл бейнекамералар санының көбеюі мен жол жүру ережесі жауапкершілігін қатаңдату нәтижесіндегі көрініс те болар, бәлкім. Әрине, айыппұл қарапайым халыққа оңай тиіп жатқан жоқ. Сондықтан осы жағын бір қарап жіберіп, автомәдениетті дамыту арқылы жол-көлік оқиғасын азайтуға қол жетсе – игі іс болмақ. Ал, қазіргі кездегі жол жүру ережесін сақтаушылар санының артуы, әйтеуір, жақсылық.
Елімізде жол белгілерін не жолдағы қоршауларды ұрлап кету де кездесіп жатады. Сондай-ақ, үй жануарларына егесі тиісінше қарамаудың салдары жол-көлік оқиғасына себеп болып, соңы қайғылы жайттарға ұшыратуы да кездеседі. Орайы келіп тұрғанда, қоса кетейін. Краб деген шаянтәріздес жәндік бар. Осы бір жәндік көбею кезінде мұхитқа миллиондап ағылады. Австралиядағы осы бір көрініске назар салсаңыздар, ойлантарлықтай. Крабтарды автокөліктер басып кетпеуі үшін жол бойына көпір қойған. Сонымен қатар, жолды уақытша жауып қойып жатады. Бұдан не байқалады? Қоғамның адам түгілі қоршаған ортаға, сондағы жәндікке дейін құрметін көреміз. Жол белгілерін ұрламақ тұрмақ, мұндайға бару ұят көрініс екені жұрт бойына әбден сіңгені байқалады. Сонымен қатар, үй жануарларының автожолға кедергі етуі де некен-саяқ секілді, яғни, егелері жөнімен ие болатындай. Бұл автожол мәдениетінің көрінісі.
Осы орайда «Жол активтерінің Ұлттық сапа орталығы» жолдағы сауаттылық бойынша ақпараттандыру жұмыстарын жүргізіп келе жатқаны құптарлық жайт. Орталық былтыр Азия Даму банкімен бірлесіп 30 әртүрлі бейнеролик түсіруді жоспарлағанын жаздық. Сонымен қатар, еліміздегі 3,5 мыңнан астам мектепте кәсіби бағдар дәрістерін өткізген. Бұл Қазақстандағы бүкіл мектептердің жартысын жуықтап қалады. Биылдың өзінде 1018 мектептің оқушыларымен кездескен. Орталық мамандары.
Автожол мәдениетін дамыту тек қалың жұрттан оңды-солды талап етуден тұрмауы тиіс, яғни, біржақты қадамдардан. Мұнда автожол құрылысымен байланысты көптеген мекемелер мен компанияларға да жауапкершілік жүктеледі. Мысалы, Германия жол құрылысымен айналысушыларға жоғары талап қояды. Әр келген-кеткенді жол кәсібіне кіргізбейді. Сонымен қатар, компания бетонды жол сала қалса, соған 30 жыл бойы жауап береді екен. Экологтар да салынатын жол шикізаттарының қоршаған ортаға қаншалықты зияны бар-жоғын тексере алады. Әрі елдімекендерде адамдардың мазасын артық алмау үшін, жолдарға дыбыс жұтатын әдістерді де қолданатыны бар. Жабайы жануарлардың табиғи көшпелі жолына кедергісі тию-тимеуін де анықтап алатын көрінеді. Біздің мемлекет те осындай озық елдердің талаптарын ендіре түседі деп ойлаймыз.
Неміс автобандарынан Қытайдың өрме жолдарына дейін…
Әлем елдері ішінде таңдай қақтырар сапалы жолдарымен де аты шыққан елдер бар. Енді сондай мемлекеттердің кейбіріне сөз басын бұрсақ…
Сондай елдердің бірі – Германия. Бұл елдегі алғашқы автобанның салынып біткеніне бір ғасыр толды. Барғандар білер, ауыл арасындағы жолдардың өзі кей мемлекеттегі анау-мынау қаланың жолына бергісіз не кем емес. Бұл елдің осынша деңгейге жетуінде неміс ұсынақтылығы, әр іске деген ыждағаттылық қана жатқан жоқ. Әлдебір кәсіби әдістерді, заңдылықтарды сақтауы да жатыр.
Осынша сапалы жол салуының не сыры бар? Байқалатыны, барынша соңғы техника мен технологияны қолданады. Тендерге тиісті мамандары мен керекті құрал-саймандары жоқ адамдар қатыса алмайды екен. Өкінішке қарай, осы жағында бізде осалдық бар. Сонымен қатар, стандартты сақтайтыны. Мәселен, кебуіне не қатуына 10 күн кететін болса, сол уақыт өтпей, жұмыстың келесі бөлігіне кіріспейді. Біту мерзіміне адами фактор әсер ете алмайды, егер, табиғи жағынан есепке қайшы шығатын болса.
Автожолдары үздік мемлекеттердің бірі – АҚШ. Әйгілі хайвейлер елі. Бұл елдегі кең жолдардың дені бетоннан жасалған. Сондықтан да болар, кей автомагистралдар Ф. Рузвельт кезеңінен бері қолданыста. Америкалықтар да автожол салуда өте тиянақты келетіні аңғарылады.
Әлем бойынша автожол ұзындығынан бірінші орында тұрған елдің тағы бір басымдығы бар. Бұл мемлекет жоғары жылдамдықпен жүруге болатын автомагистральдар ұзындығы бойынша да дүние жүзі елдері ішінде бірінші орында келеді.
Автокөлік жолдарын салу бойынша да жедел даму үстіндегі ел – Қытай. Автокөпір, айналма, өрме т.б. автожолдарымен ғана емес, цифрлық технологияларды қолдануда да бұл елдің айтары бар. Жылына мыңдаған шақырым жол салынуда. Мысалы, жыл сайын шамамен сонау Өскеменнен Ақтау арасындай қашықтықтағы екі жол салынады екен. Қарапайым ғана емес, өлеңдетіп тұратын, яғни, жаңа технологиямен жабдықталған жолдары да бар.
Осы үш мемлекетпен аяқтағанды жөн деп таптым. Әйтпесе, бұл салада да үлгілі елдер аз емес. Олай болса, аталған елдердегі жол құрылысын зерттеп, керегін алсақ деймін.
P.S. 1. АҚШ, Германия, Қытайды былай қойғанда, Түркияда да автожол техникасы мен құрылысы тәуір дамыған. Мамандары да жеткілікті секілді көрінеді. Бізде керісінше. Кәсіби де білікті мамандар тапшы. Бұл кешенді мәселе. Біздің қоғам таптаурын түсінікті жеңе алмай келеді. Бұл автожол саласына да зиянын тигізді. Әйтпесе, биыл оқу бітіргендердің 30%-ы жұмыс таппаған. Ал, бұл салаға мамандар жетіспейді. Осыны Үкімет қазірден қолға алмаса, жағдай өзінен шешілмейді.
2. Алдағы уақытта смарт автокөлік жолдарды арттыру қажет. Сонымен қатар, автожолдарды барынша қауіпсіз етсек, туризмнің өрлеуіне де сеп. Ал, әлемдегі екінші экономика елі – Қытаймен Еуразияның құрлық жолы тығыз байланысты екені белгілі. Еуроодақтың да. Егер, біз жоғары сапалы, әрі халықаралық смарт жолдарды арттырсақ, экономикамызға қосымша серпін береді. Серпін дегеннен шығады, 2020ж. ақылы жолдардан 5,7 млрд. теңгедей табыс тапты. Қазақстан саудасы қайнап жатқан мұхит пен теңіздерге шыға алмайды. Олай болса, автожол инфрақұрылымын дамыта түсуге екі есе экономикалық мүдделіміз.
Құрманғали Қалмахан, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Фото: ҚР ИИД министрлігі және интернеттен өңделіп алынды
ПІКІРЛЕР