Шағын кәсіптен әлемдік брендке дейін…

Шағын кәсіптен әлемдік брендке дейін…

Кіші кәсіпкерлік аты айтып тұрғандай, шағын көлемді кәсіп түрі. Бірақ, бұл, мұнымен айналысқандар өмір бойы шағын кәсіпкер күйінде қалады дегенді білдірмейтіні анық. Өйткені, шағын кәсіпкерліктен бастап, әлемдік деңгейдегі үлкен компаниялардың қатарына еніп отырғандар аз емес.

Шағын кәсіпкерлік қарапайым ортадан шыққан адамның өз кәсібін аша отырып, әлеуметтік дамуына жақсы жол ашады. Егер, өз деңгейінде сәтті іске асса. «Қарапайым» дегенге басымдық беру себебім, жағдайы жақсы адамның кәсіп ашуда мүмкіндігі молырақ болатыны белгілі жәйт. Қаржылық жағынан…

Бірақ, бұл, кредитті есепсіз әр адамға тарата бер дегенге негізделмеуі керек. Кімде қабілет, оны алып кететін әлеует бар – солар есепке алынуы тиіс деп санаймыз. Өйткені, кәсіпкерлік бірнеше қабілетті, қасиетті керек етеді. Содан да болар, кәсіп бастағанның 100%-ының шамамен 85%­-дайы алғашқы кедергіден­-ақ беті қайтып қалады екен. Аз ғана бөлігі кәсібін әрі қарай жалғастырып кете беретін көрінеді.

Әлемдік брендтердің басым көпшілігінің негізін қарапайым ортадан шыққандар қалаған

АҚШ қоғамы Марк Цукерберг, Билл Гейтс, Стив Джобстың қарапайым ортадан алға суырылып шығуына мүмкіндік берді. Біз де боламын деген баланың, жастың, басқаның адымын тарылтпай, уақытылы демеп жіберетін әлеуметтік саты, қолдау жасайтындай әлеуметтік саясатты мейлінше қалыптастырсақ, еліміздің алар асуы тіптен биіктемек.

Тіпті АҚШ-­тың жаңа президенті Дональд Трамп та кезінде оқу орнын жалғастыру мен кәсіпкерліктің екеуін таразылай келіп, кәсіпті жоғары қояды да сол салаға басы бүтін бұрылыпты. «Уолт Дисней» («The Walt Disney Company») компаниясының негізін қалаушы Уолтер Дисней де қарапайым ортаның тумасы. Тек АҚШ қана емес, Оңтүстік Кореяның «Samsung» (негізін қалаушы – Ли Бён Чхоль), Жапонияның «Panasonic» (негізін салушы – Коносукэ Мацусита), Германияның «Adidas» (негізін салғандар – ағайынды Адольф және Рудольф Дасслерлер, жанұясы) т.б. әлемдік деңгейдегі бренд фирмалардың түбірі шағын кәсіпкерліктен бастау алғаны белгілі.

Әрі қарайғы дәлел… «Panasonic» компаниясының негізін қалаушы Коносукэ Мацусита кәсібінде алғашқыда бар болғаны бес­-ақ адам жұмыс жасаған екен! Өзін қосқанда бес адам. Қазір аңыз сияқты. Өйткені, ондағы қызметкерлердің саны 2013-жылдың наурызында 293 742-ге дейін жеткен! 1969-­жылы Samsung Electronics компаниясы құрылған кезде онда 36 адам жұмыс жасаса, 2014-жылдың өзінде 319 000-ға жетіпті! Теледидар өндіруден бірнеше жылдан бері Жер жүзі бойынша 1-орында келеді. «Adidas» фирмасы болса, жазғы және қысқы спорттық киімдер өндіруде алда екен. Ал, «Apple» корпорациясында (негізін салушылар ретінде көбіне Стив Джобс, Стив Возняк аталады, АҚШ) былтыр 115 000 адам қызмет еткен. Корпорация биыл да құны бойынша әлемде бірінші орында! $178,11 млрд. тұрады.

Қазірде аталған компаниялар, корпорациялар өз елдері экономикаларының үлкен бір тірегі болып отыр. Тіпті басқа да елдердегі еңбек рыногына өз ықпалын тигізуде. Шағын кәсіпке стратегиялық мән берудің жемісі осындай болды.

Қоғамдық түсінік өзгерсе, шағын кәсіптің келешегі кең..

Бізде кіші кәсіпкерліктің саны артса, елдің де жағдайы жақсара түседі деген қоғамдық түсінік салтанат құрса ұта түсер едік: жұмыс орны ашылады, салық түсімі молайып, елдің әл-­ауқаты жоғарылайды деген секілді ой­ұстанымдар. Асылы, халқымыз: «Елде болса, ерінге тиеді» деп бұрыннан айтқан. Бар болғаны, енді осы түсінік қайта кеңейе түссе, жарап кетер еді.

Соңғы жылдары бұл салаға мемлекеттік деңгейде көңіл бөлу жағы артып келе жатыр. Бұл қуантарлық жайт. Елбасы назарда ұстап, үкімет те, ондағы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі де, аймақтар да т.б. бұл саланың дамуына ерекше мән беруде. Бас прокурор да оң назарда ұстауда. Бұл нәтижесін де беріп отыр. Мәселен, өткен жылдың IV тоқсаны бойынша алғанда, елімізде 297 554 кіші кәсіпкерлік тіркелсе, биыл, яғни, 2016-жылдың III тоқсанында ғана 314 565 тіркеліпті! Былтырғыдан 17 011-ге артқан. Республикалық деңгейдегі мәртебесі бар қалалар – Астана, Алматы мен облыстардың барлығында да өсу бар екен. Дегенмен 8,5%-дық өсумен Астана қаласы республика бойынша алда.

Енді осы сенімге селкеу түспей, әрі қарайғы дамуда ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің атқарар қызметі әжептәуір. «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасына жауапты министрліктің бұл бағыттағы жетістіктері аз емес. Оны жоғарыда келтірілген мәліметтерден де байқауға болады.

 Қазақстанда 1 240 916 шағын және орта кәсіпкерлік бар екен. 3,1 миллионнан астам адам сонда жұмыс жасауда делінеді. Ал, шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы ішкі өнімдегі (ЖІӨ) үлесі 25%-ды қамтиды. Ресейде – 20% болса, Украинада 15%-­дан да аспайды екен. Демек, олардан ілгеріміз. Бірақ, Еуропада шағын және орта кәсіп орташа есеппен алғанда ЖІӨ-­нің 70%­-ын беретінін ескерсек, әлі де көп жұмыс жасалуы керек екені байқалады. Тіпті кей дамыған елдерде онан да жоғары делінеді. Десек те, елімізде кіші және орта кәсіпкерлікке деген қоғамдық түсінік өзгеріп келе жатқаны көрініп отыр. Әсіресе, алдыңғысына, яғни, қалың әлеумет әрекет етуге дайынбыз дегендей хабар жіберіп тұр. Енді үкімет соны қағып алса, әрі қарай шағын кәсіпкерліктің бізде де өркен жаюына берік негіз қаланбақ.

Сонымен шағын және орта кәсіпкерліктің өркен жаюы – жалпы елдің барынша жан-­жақты серпімді дамуына жол ашпақ. Жеке кәсіпкерлерге тиісті жағдай жасалып, олардың қолға алған кәсібін дамытуына үлкен мүмкіндік ашылса, бұл мемлекет үшін де өте тиімді. Талдап көрелік. Біріншіден, орта тап санының артуына негіз болады. Ал, бұл өз кезегінде мемлекеттің тұрақтылығын бекіте түседі (егер, тәртіпке – заңға негізделсе). Екішіден, ел азаматтарының адал еңбекпен ас тауып қана емес, баюға болатынына көзі жетеді. Қоғамдық сана дамиды, өркениеттенеді. Үшіншіден, шағын және орта кәсіпкерлікті жедел дамыта отырып, онымен кәсіби түрде айналысудың өркениетті қағидасы орнығады. Төртіншіден, экономиканы тұрақты әрі берік түрде ұзақ мерзімге дамытуға негіз қаланбақ. Айтып та, айтпай да келетін экономикалық дағдарыстардан еліміз соншалықты ауыр соққы алмайды не жеңіл өтеді. Бесіншіден, бюджет бүйірі тола түспек. Бұл әлеуметтік төлемдердің артуына, бюджет қызметкерлерінің жалақысының жоғарылауына, әлеуметтік маңыздағы көптеген нысандардың салынуына, жаңаруына үлкен себін тигізеді. Алтыншыдан, өз рыногымызды отандық тауарлармен толтыра түсеміз. Қазіргі кезде көптеген тұтыну тауарларын (жеңіл өнеркәсіп өнімдері) сырттан сатып ала отырып, бөтен елдің бүйірін толтыруға амалсыздан қызмет етіп отырмыз. Мұндай жағдайда қала беру ел экономикасы үшін қауіпті болмақ. Мәселен, 2010-жылы жеңіл өнеркәсіп көлемі ЖІӨ-­нің шамамен 0,5%-ын құраған. Тіпті informburo.kz ақпарат құралы (Мадия Торебаева, «Жеңөнер» көрінбейді десе де болады» 22.06.2015ж.) былтыр жеңіл өнеркәсіптің ЖІӨ-­дегі үлесі 0,1% деп те жазды. Мүмкін, қазір мұнан жоғарылау болармыз. Дегенмен, Түркия, Қытай секілді елдерден әлдеқайда кейін тұрмыз. Мысалы, Қытайдың жеңіл өнеркәсібінің ЖІӨ-дегі үлесі 12% болса, Түркияда 10% екен. Тіпті біздің елде бұрын мұнан да жоғары болған. Мәселен, жеңіл өнеркәсіп 1990-жылы ЖІӨ-нің 15,8%-ын қамтыған! Демек, ішкі әлеуетті соған дейін жеткізуге мүмкіндігіміз бар. Тоқыма мен тігін өнеркәсібі өз сұранысымыздың бар болғаны 8%-­ын қанағаттандырса, аяқкиіммен еліміздің 1%-­ын ғана қамтамасыз етеді екенбіз! Бұл дегеніңіз Қазақстанда 17 миллионнан астам адам тұрса, оның шамамен 15 миллоны жылына төрт мезгілге 60 млн сыңар аяқкиім сатып алатын болса, әр аяқкиімнен $30 шетелге кеткеннің өзінде бір жылда $1,8 млрд. ақшадан қарапайым қағыламыз деген сөз! Басқа киімді қоспағанның өзінде! Жетіншіден, шағын және орта бизнес үшін қолайлы – туризмнің тұрақты дамуына негіз қаланады. Қазіргі таңда көптеген мемлекеттер бір туризмнің өзінен көлемді қаржы тауып отыр. Мысалы, Астана қаласының көлемінен (722 км²) де кіші Сингапур (633 км²)  жылына 6 млн жиһанкездерді қабылдайды екен! Әр жиһанкезден $2000 қалғанның өзінде елге $12 млрд. түспек. Сегізіншіден, қалтақағар, құнжегіш инфляция «көзден таса» қалмайды. Әдетте, бізде импорттық тауарлардан болатын инфляция жиі кездеседі. Соған тосқауылды күшейте түсетіні де бар.

Елімізге негізінен осындай зор пайда әкелмек.

 Құрманғали Нұрғалиев, журналист

Фото ulan.vko.gov.kz-тен алынды

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0