Қытай «ескі сүрлеуден» таймайтын болды…

Қытай «ескі сүрлеуден» таймайтын болды…

Қытай Коммунистік партиясының XIX кезекті ұлттық конгресі соңына жетті. 25 қазан күні ҚКП (Қытай Коммунистік партиясы) орталық комитеті, «құрылтайға қатысып жатқан барлық уәкілдердің бірауыздан мақұлдауымен, Си Циньпин жолдастың ҚКП бас хатшылығы міндетін жалғастыра беретіндігін» жариялады.   Коммунистік Қытай елінде мемлекетті ұстап тұрған партияның хатшысы болған адам міндетті түрде мемлекет басшысы болады. Яғни 2012-жылдан бері Қытай билігін ұстап келе жатқан Си Циньпин мырза тағы 5 жыл Қытай елінің басшысы болып қалмақ. Қытай билігінің ең жоғары саяси құрылымы «Орталық саяси бюроның тұрақты комитеті» атты шағын топтан тұрады. Осы тұрақты комитеттің мүшелері мемлекеттің бағыт-бағдары, партияның, елдің басшысы болуға лайықты адамдарды таңдап, елдің жалпы саяси өмірін қадағалап, жоспарлап отырады. 2012-жылға дейін бұл комитет 9 адамнан құралып келген болса, Си Циньпин мырза билігін бекемдеп алғаннан кейін бұлардың санын 2 адамға қысқартып тастаған болатын. Осы реткі «сайланып шыққан» тұрақты комитеттің 7 мүшесінің біреуі, партия хатшысы Си Циньпин болса, екіншісі елдің Премер­-министрі Ли Кышияң, қалған 5 адам жаңадан қосылғандар. Гонконг БАҚ-тары бұл жаңа құрам туралы саясаттанушылардың пікірлерін жариялап жатыр. Олардың пайымдауынша, XIX кезекті құрылтай арқылы жаңадан жасақталып шыққан «Қытайдағы билік тұтқасын ұстаушылардың» арасындағы жаңадан қосылған 5 адамның барлығы Сидың ықпалынан асып кете алмайтындар екен. Сыртқы әлем айрықша назар салған, Қытайдың ел ішіндегілер де жаңалық күткен құрылтай осылайша еш жаңалықсыз өте шыққан сыңайлы. Тәуелсіз сарапшылардың пікіріне қарағанда бұл «Қытай елін жаңа бағыттарға бастамайтыны белгілі». Бір анығы Си Циньпин мырза өзінің орнын бұрынғыдан да бекемдей түскен. 2012 жылдан бері қарай жемқорлармен күресті күшейтіп, партия тәртібі мен мемлекет қауіпсіздігін оаңалту жолында мемлекеттік билік машинасын тиімді пайдаланған Си Циньпин, «жемқорларды аластау» ұраны астында өзінің саяси қарсыластарының барлығын «істі қылы жіберіпті». Сидың екінші бір «жеңісі», «сәл ғана косметикалық жөндеу» енгізген «Си Циньпинның жаңа дәуірдегі Қытайлық социализм идеасының» партия жарғысына енгізілуі еді. Ал партия жарғысына енгізілген дүниені, мазмұнды компартияның көзі тірі тұрғанда, «редакциялауға, өзгертуге, немесе алып тастауға» болмайтыны тағы бар. Саясаттанушылар Қытайда өткен бұл құрылтайға баға бере келіп, «Си циньпин 2022 жылдан кейін де жалғасты билікте қала беруі мүмкін» деген болжам айтып отыр. Оған дәлел кезекті құрылтайда, болашақ басшының орнын басатын ізбасары анықталмаған күйі қалған. Бұл қазірге дейін қалыптасып келген саяси қағидаға мүлде қайшы нарсе.

Халық алдында «жемқорларды аластаумен» бедел жинап үлгерген Си Циньпин, елдегі тәртіпті күшейту, «қоғам амандығын орнықтыру, соқыр сеніммен, лаңкестікке, жат діни ағымдарға қарсы тұру» сынды ұрандарды алдыға ұстай отырып, біраз дүниелерді тындырып үлгерді. Қазір шығыстағы көршілерімізде, «мәдениет төңкерісінің жаңа түрі» жүргізіліп жатыр. Бұрыннан бері қатаң жүйеге бағынып жұмыс істеп келген БАҚ-тарға қосымша, ғаламтор желілері де қатаң бақылау астында тұр. Аз ұлт аймақтарында полиция жасақтары еселеп артып келеді. Қазақстанға ең жақын Шыңжаң өңірінің қай түкпіріне болмасын жолыңыз түсе қалса, соғысқа дайындалып жатқандай әсер аласыз. Халыққа деген бақылаудың күшейгендігінен үрейленген адамдар қазір «ауа-­райы, сауда-саттықтың жағдайынан өзге» тақырыптарды сөз етуден қорқатын болған. Ал АҚШ-та тұратын қытайлық оппозиционерлер болса, «Қытайда жеке басқа табынушылдықтың қатты өршіп кеткендігі сонша, кезіндегі Мао Цедуннан да асып кеткендігін» айтып жүр. Олар «саяси науқандар мен қатал тәртіп орнатуға тырысқан Си Циньпин, елдің экономикалық дамуының баяулап бара жатқандығына көңіл бөлмей отыр» деп алаңдаушылық білдіріп жатыр.

 Құрманғали Нұрғалиев

 

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0