Теңге дәуірледі де, ұтылған ұлттық валютаға айналды да…

Теңге дәуірледі де, ұтылған ұлттық валютаға айналды да…

Тәуелсіз ел үшін, әсіресе, отарлықтан шыққанына көп болмаған, саяси­-экономикалық аяқтан тік тұрмаған мемлекетке, ұлттық валюта – Тәуелсіздіктің символы ғана емес, соны нақты айқындаушыларының бірі, бір тағаны екені белгілі. Өйткені, төл валютасы сол елдің өз экономикасын өзі реттеуге үлкен мүмкіндік береді. Саяси қауқары бар. Еуроодақтың ортақ валютасы бар, бірақ, тәуелсіз елдерден тұрады ғой дейтіндер де табылар. Бірақ, бұл басқа тақырып.

Біздің де елдік абыройымыз, мақтанышымыз саналатын теңгеміздің дүниеге келгеніне биыл 24 жыл. Тәуелсіздік таңы енді атқан тұста өз валютамызды басып шығаруымыз – үлкен жетістік болғаны анық. Әрине, соған сол  кездегі ресейлік тараптың біздің елді рубль аймағынан шығаруға ұмтылуы, ТМД­-ның басқа да мүшелері өздерінің ұлттық валютасын жасап үлгіруі және т.б. өзіндік әсер етті. Қалай дегенмен өз валютамызды жасауымыз – ондаған жылдардан бері отарлық езгіде болып, есеңгіреген елдік саясатымыздың ес жиюына әсер етті. Отарда ұстаған Ресейден ірге ажыратқанымыздың бір көрінісі болатын. Бұған сөз жоқ.

Сондықтан да сол жылдары экономиканың тым әлжуаздығынан, гиперинфляцияның әсерінен қысқа уақытта бірнеше есе құнсызданса да Тәуелсіздіктің  бір бағаны, бейнебір айбары болып тұратын. Ертеңгі күні жас ұрпақ: 90 жылдары ел егемендігі үшін билік не істеді, аға ұрпақ не жасады деп сұрай қалғанда, үлкен тарихи жұмыс атқарылды деп ауыз толтыра атауға тұратындығы өз алдына…

Теңгенің дәуірлеген тұсы

 Ұлттық валютамыздың аттан түспей, «терілікті майдай ерітіп», ұзақтау уақыт долларды ауыздықтап та, артқа тастаған тұсы да, онымен итжығыс түскен кездері де болды. Бұл осыдан шамамен 10-15 жыл бұрын еді. 5-10 жылдай уақыт бойы теңгенің дәуренін жүргізген, өкінішке қарай, керемет қаржылық саясат немесе экономиканы әртараптандырып, инновациялап үлгірудің жемісі емес, мұнай бағасының үздіксіз көтерілуі, сонымен қоса ағылған доллардың нәтижесі болатын. Мұнайға байланған, бізбен «қолтықтас» ресейлік рубльдің де арқа­жоны кеңіген тұсы сол уақыт. Мәселен, теңгенің құны 1999-жылдың сәуірінде 1 АҚШ долларына шаққанда 84-­тен 138­-ге бірден құлдырағанын білеміз. Бірақ, содан кейін теңгенің 1 долларға шаққандағы бағасы тоғыз жылдан астам уақыттан соң 119.9-­ға (01.11.2008ж.) дейін жеткен де еді! Ұлттық валютамыз осылай күшейе алды! Тіпті девальвация соғатын 2009-жылдың 4-ақпанынан бір күн бұрын да ұлттық валютамыздың бағамы 1 долларға шаққанда шамамен 124 теңге тұрған.

Осылайша, он жылдай уақыт бойы теңге дәуірледі. Қарапайым халықтың әлеуметтік жағдайы салыстырмалы түрде алғанда тұрақты жақсара бастаған кезі де сол жылдар… Өкініштісі, «алдымен экономика, сосын саясат» деген билік сол уақытты ұтымды пайдалана алмады. Тек үлкен бір тындырылған екі жұмыс болса, соның бірі – мұнайдан ағылған ақшадан ұлттық қорды құрып алғанымыз.

Ұлттық валютаның жағдайы қазір мәз емес

Өкінішті­-ақ. Себебі, уақыт өте келе ұлттық валютаның беделі төмендей бастады. Базардан, дүкеннен күнделікті қажеттті тауарлар алуға ғана жарап, қазақстандықтардың өз болашағы үшін жиған қаражатында теңгеге деген орын тарыла түсті.

Теңгенің құнсыздануына қатысты ұлттық банк төрағалары не айтпады дейсіз… Қайрат Келімбетов 2015-жылы ҚР Ұлттық банктің төрағасы кезінде, теңгені «ұшып­-қондырып» тұрған – валюта айырбастау нүктелерінің тәулік бойы жұмыс істеуі дегені де ел есінде. Солай дей келе ол өркениетті елдерде әуежай, қонақ үйлерде ғана 24 сағат жұмыс істеуге мүмкіндік берілгенін ескертті. Бар мәселе валюта айырбастау нүктелерінің жұмыс уақытын шектеуімен шешілсе, қанеки! Бірақ, теңге тұғырының берік те биік болуы басқа экономикалық мәселелерді шешу арқылы келетінін уақыт көрсетті ғой.

Иә, биыл біршама уақыт бойы ұлттық валютамыз салыстырмалы түрде тұрақталды. Жұрттың теңгеге сұранысы шамалы уақыт бойы аздап артты да. Дегенмен, қалың жұрт ішінде: теңге мұрттай ұша ма әлде тұрақты сақтала ма деп екі ойда жүргендер де аз емес.

Қайтқан көңіл мен шектеуге қайшы нарық заңы

Соңғы жылдары үкімет жиған­-тергенін доллармен сақтаушы жұртқа қарата түрлі мәлімдемелер жасап та көрді. Дегенмен, жұрттың сенімі әзірге оралар емес. Өкінішке қарай, ресми мәлімет те, қоғамдық өмір де соны айғақтайды. Мысалы, алдыңғы жылы болған теңгенің соңғы орасан құлдырауынан кейін, еліміздегі жеке және заңды тұлғалардың доллармен депозит ашуы, сақтауы тіптен арта түскен еді: кей екінші дәрежелі банктердегі салымдардың 80%-дайы АҚШ валютасына тиесілі болған! Бұл ҚР Ұлттық банктің теңгеге деген сенімді арттыру үшін, оның депозиттік пайызын көбейтіп, керісінше, АҚШ долларында ашқандарға 3%-дық шектеулі үстеме қойғанның өзіндегі көрініс еді. Оның сыртында дедолларизация немесе ішкі рыноктың долларға тәуелділігін төмендетуге байланысты үкімет те, ҚР Ұлттық банк те түрлі ақпараттық насихатын аямай таратып жатқаны және бар болатын.

Бірақ, ел ішін долларсыздандыру, долларды пайдалануды шектеу саясаты ұзақты көздеген қаржылық саясат емес. Мысалы, қалың жұрттың қолындағы АҚШ долларын үкімет қаржылық күштеу, шектеу саясаты арқылы алып қоюына мүмкіндік бар ма? Тұрғын үй, жер, автокөлік т.б. сауда кезінде ұлттық валютаны ғана пайдаланасыңдар десе, бұл қаншалықты дұрыс? АҚШ долларын шетелге шыққан жағдайда (қыдыруға, оқуға т.б.) ғана сатып аласың десе ше? Шетелдік валютамен сауда жасайтындарға салық салу қалай болмақ? Біріншіден, бұл халықаралық нарық заңына қайшы келеді. Нарықтағы таңдау заңын тарылтады. Дүниежүзілік Сауда Ұйымына (ДСҰ) мүше екендігіміз тағы бар. Ал, бұл ұйымға мүше елдерде валюталық шектеу саясаты болмауы қажет. Еркін айналым болуы тиіс. Соның үстіне Халықаралық валюта қорына (ХВҚ) да мүшеміз ғой. Екіншіден, бастысы, азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзады. Бұл наразылықты арттыруы ықтимал. Үшіншіден, сырттан инвестиция тарту да күрделенбек. Демек, үкімет мұндай саясат арқылы өз жолын да тарылтады.

Мұндай жолдар арқылы қалың жұрттың қайтқан көңілін қалпына келтіріп, ұлттық валютадан кеткен сенімді қайтара алмайды. Әсіресе, мұнай бағасының жоғарылауына, рубль құнына тікелей тәуелді теңгенің қазіргі жағдайда беделі артуы екіталай. Өйткені, теңге мен біздің экономика арасында бірін­-бірі бекітіп тұратын тетіктер тым әлсіз екені анық. Олай болса, үкіметтің құр сөзімен «қорғалған» ұлттық валютаға әзірге қалың жұрттың сенімін оралту қиын. Айлап, жылдап жиған-­терген қаражатының құны бір күнде қайтадан бұрынғы қалпына түскенін, ылдилай құлағанын кім жақсы көреді?.. Мысалы, осыдан он жыл бұрынғы 2 000 теңгеге түсетін бірнеше бөлке нанды, соған тиісінше келетін сарымай, шәй, қантты, қазір де сол ақшаға ала аласыз ба? Жоқ! Киімге, тұрғын үйге қатысты да теңге құнының қаншалықты құлдырағанын, салыстыра отырып байқау қиын емес. Сондықтан қалың әлеуметті түсінуге болады.

Әйтеуір, тоқсаныншы жылдары теңгені еселеп құнсыздандырған гиперинфляция ғана жоқ. Оған шүкір етеміз. Бірақ, қалған: жорғалаушы, жорға жүрісті инфляциялар, әсіресе соңғысы әзірге қалар емес…

Сондай­-ақ, халық теңгеге сенімді қаржылық, материалдық ресурс құраушы, соның бір негізі деп қарау үшін билік ұлттық валютаның беделін сондай деңгейге көтеруі тиіс. Теңгеге сенімді оралту деген сөздің өзіне де сәл түзету керек секілді. Өйткені, теңге – ақша. Ал, ақша – экономикалық құрал. Ол өзін­-өзі белгілі бір деңгейде басқарып, бақылап отыратын, өмір сүру үшін күресіп, керек жерінде қорғана алатын  және т.б. мүмкіндіктері бар адам немесе басқа бір тіршілік иесі емес. Айналып келгенде сол экономикалық құралды басқарушы тағы да билік немесе адамдар. Демек, ұлттық валютамыздың ел алдындағы беделін арттыру жауапкершілігі тікелей билікке, саяси-­экономикалық ахуалға тәуелді деген сөз.

Ескі себептерді езе беру екі жылдай уақытта $33 миллиардтың далаға кетуіне себеп болған еді

Өкініштісі, сонау 1999-жылдан биылға дейінгі аралықта теңгені еркін тыныстатпай, тыным бермей, еркін айналым, бірде девальвация деп бірден гүрп еткізіп құлатқан «тарихи» себептер өзгермепті. Сол қалпы тұр десек те болады. Тіпті ұқсастығы соншалық, 1999, 2009 жылдары теңге құнсызданған кездегі кей материалдарды, шенеуніктердің пікірлерін, күні мен есімдерін өзгертіп халыққа қарата қайта ұсына қоюға болатындай деңгейде! Мәселен, 1999-жылдың көктемінде теңге девальвацияға ұшырағанда, экономика үшін басқа қолайлы жол жоқ екені мәлімделген еді. Себебі, экономика шикізатқа байланып қалған т.б. Өкінішке қарай, 2009-жылы да соған ұқсас себептерді алға тарта отырып, тағы да девальвацияладық. 2014-жылдың ақпанында «тығылмақ» ойнап, теңгені «тұтқиылдан» тауып алатын, ҚР Ұлттық банктің сол кездегі төрағасы Келімбетовтің өзі «ұйықтап тұрғанда» ма, түн ортасында ма бір-­ақ «білетін» девальвацияның жаңа толқынында да билік экономика үшін басқа жолдың жоқ екенін ескі «әуенімен» ыңырсыпты. Алдыңғы жылдың 20-тамызында үкімет девальвация деуден тағы «ұялды» ма (?), басқа бір экономикалық термин – еркін қалқыманы «жамыла» отырып, теңгені тағы да жалп еткізіп, төменге түсіріп кеп жіберді. Үкімет экспортымыздың негізгі бөлігін құрайтын мұнай, түрлі-­түсті металлдар бағасының төмендеуін басты себеп етіп, басқа амал қалмағанын зілмен, әлдебір міндетсіген кейіпте түсіндіріп жатты. Дәлел­дәйектері бұрынғы – 1999, 2009, 2014 жылдарда өткен құнсыздандырудың кезіндегі айтқандарымен ұқсас: шикізат бағасының арзандауы, қазақстандық өндірушілердің шетелдіктермен салыстырғанда бәсекелесе алмауы және т.б. Иә, тііпті кей шенеуніктердің девальвацияны қос қолдап қолдаған, халықты ретсіз әбігерленбеуге шақырған сөздеріне дейін аумайды­-ау, десеңші! Дәлел керек пе? Бұл үшін «Егемен Қазақстан» газетінің 2009-жылдың 18­-ақпанында жарық көрген «ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ДЕВАЛЬВАЦИЯ ТУРАЛЫ» атты шағын материалды қарасаңыз да жеткілікті. Сонда сол кезде де ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болған Гүлжан Қарағұсова: «Девальвация – объективті үдеріс. Ресей де осы қадамға барды және ондағы оған деген көзқарас та бірқалыпты. Егер біз бұлай жасамасақ, онда біздің бүкіл экспорт бәсекеге қабілетті болмай шығады, бағалары қымбат болғандықтан біздің өнімдерді ешкім сатып алмайтын болады. Қазақстандық өнімдер ТМД елдерінде шығарылатын өзі тектес өнімдермен салыстырғанда бәсекеге қабілетті болғанға дейін теңге девальвациясы жалғаса бермек» деп сайраған. Сол материалда Сенаттың Экономика және өңірлік саясат жөніндегі комитетінің төрайымы Нұрлығайым Жолдасбаева да: «Қазір экономика үшін девальвация өте-мөте қажет болатын сәт туды. Халықтың үрейге баруына және ұлттық валютаға деген сенімді азайтуына ешқандай негіз жоқ» деп қос қолдап девальвацияны қоштай сөйлепті. Соңғы құлдыраулар кезінде атқамінерлердің елге басу айтқан сөздеріне ұқсайды ма?! Әрине! Тіпті девальвациядан, еркін қалқымадан кейін бағаны ырықта ұстау, оны қадағалау үшін шенеуніктердің базар, дүкен аралап шапқылайтын әдістеріне дейін сол қалпында. Шенеуніктердің өзінен жоғары тұрған басшыларына баға бірқалыпты деп есеп беріп жататынына дейін «егіз қозыдай» ұқсайды. Қазақстанда жасалған тауарларды алуға шақыратын ұқсас науқаны тағы бар. Осылайша теңгенің тұғырын бекіте түсудің орнына, девальвацияны, еркін қалқуды қонақ секілді құрметтеп, күтіп алып, шығарып салумен айналысқандай кейіп байқалады. Әрине, барлық шенеунік сондай, түк іс бітірмейді деуден аулақпыз! Оның ішінде де ел үшін қызмет ететіндері бар ғой.

Сонда дейміз­-ау, бақандай 18 жылдың (құнсыздандырудың бірінші толқыны ұрған 1999-жылдан бері) ішінде мұнайға, басқа да шикізат бағаларына тікелей тәуелділігі төмен, әрі бәсекелесе алатын өндіріс орындарын салып, жаңа экономикалық бағыт, негіз қалыптастырып үлгірмегенбіз бе? 2015-жылы теңге бағамын қалыпты ұстап тұру үшін соңғы екі жылдың ішінде 28 млрд. АҚШ доллары жұмсалғаны мәлімделді. Сол алдыңғы жылдың қыркүйек­-қазан айларында теңгені ұстап тұру үшін ұлттық қордан тағы да $5 миллиард бөлінген болатын. Сонда жалпы 33 млрд. АҚШ доллары желге ұшты деген сөз! Егер, теңгенің сонау дәуірлеп тұрған тұсында экономиканы әртараптандырып, өңдеуші саланы дамытып, инновациялап үлгіргенде осыншама қаржылық шығын болмас па еді?! Сол ақшаға қаншама өндіріс орындарын салып алғанда, жүзмыңдаған жұмыссыздардың саны да азаятын. Иә, оралмайтын өткеннен енді сабақ алып үлгірсек жарар еді. Алдағы “18 жылда”…

Екінші дүниежүзілік соғыста қирай жеңілген Германия шамамен сондай уақыт немесе 18 жыл ішінде ес жиып, етек­-жеңін жинап үлгірді! Бұрынғы ұлттық валютасы – марка, өз елінде ғана емес, халықаралық деңгейдегі сенімді ақшаға айналды! Ал, өткен ғасырдың 60-жылдары кедей болған, әрі табиғи байлық жөнінен алғанда, бізбен салыстырсақ, дымы жоқ дерлік Оңтүстік Корея 20 жылдай уақытта электроника бойынша Азияның алдыңғы еліне айналды, яғни экономикасын модернизациялады! Мұндай мысалдар жеткілікті.

Ал, біз ескі себептерді езіп келеміз. Онымен қоймай теңгеге сенім болсын дейміз. Алғышарттарын тым баяу жасай отырып…

Әзірге, Тәуелсіздіктің басты белгілерінің бірі – ұлттық валютаға деген сенімді арттыруға шақырған үкіметтің құр сөздері құмалақтың «құнына» да жетер емес. Өйткені, қалың жұрт үкіметке бір, теңгеге екі сенемін деп талай күйген болатын.

Демек, биліктің өзі теңгенің сенімсіз валюта ретінде қоғамдық психология қалыптасуына, сондай ойдың орнығуына негіз жасады. Әлбетте, шенеуніктердің барлығы қол қусырып, қарап отыр деуден аулақпыз! Дегенмен, халық пен биліктің өзара түсінісе жұмыс жасау жағында кемшін тұстар аз емес екені байқалады­ақ. Сондықтан да қалтасында аз-­маз жиғаны бар ел тұрғындары алдағы уақытта да теңгеден гөрі, доллармен «дос» болғанды жөн санайтындай. Ең болмағанда әзірге солай жалғаспақ.

Қатені қатемен «түзеу» дұрыс емес немесе соңғы қаржылық саясат ақтады ма?..

ҚР Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы Қайрат Келімбетовтің бұрынғысын санамағанда, 2015-жылы шілде­қараша айлары аралығында елге қарата айтқан сөздерінің көбісі кері шықты. Мысалы, алдыңғы жылы ол шілде айының ортасында жаңа дәліз орнайтынын, яғни 1 АҚШ доллары 170-198 теңге аралығын қамтитынын мәлім етті. Тіпті сол уақытта жақын арада 1 АҚШ долларының 198 теңгеге бірден көтеріліп кетпейтінін де айтқан болатын. Бірақ, 20-тамызда 250-ге бір-ақ секірді (иә, содан кейін уақытша болсын АҚШ доллар құлдырады)! Қазан айының басында 1 АҚШ долларының құны 273 теңгеге жеткенде де, ол сол бағамды ұлттық валютамыз үшін «ақылға сиятын» тұс деп атады. Тіпті сол уақытта теңгенің нақты құны 250-270 арасында жатыр дегені де есте. Дегенмен, Қ.Келімбетов кетер кезде, яғни қарашаның басында 280-нің үстіне шығып кетті. Осының бәрін бақылап, тікелей немесе жанама күйіп жатқан жұрт не істеуі керек? Әрине, Қайрат мырзаны жазғыра берген дұрыс болмас. Себебі, тұтастай әлеуметтік­-экономикалық құрылымның кемшілігіне, мұнай мен ресейлік рубльдің құнына тәуелді болып қалғанның кесіріне ол тікелей жауапты емес екені айқын.

Енді 330-­дың үстін «серік» еткен теңге үшін, ҚР Ұлттық банктің қазіргі төрағасы Данияр Ақышевты да дәрменсіздік танытты деу бірде қате секілді… Себебі, теңгені күштеп ұстап тұруға алдыңғы жылғы қыркүйек­-қазан айларының өзінде 5 млрд. АҚШ доллары жұмсалғанын жоғарыда жаздық. Ұлттық қордан. Халықтың несібесінен. Құрдымға… Ал, қайтпайтын құрдымға болмаса өзінің рыноктық бағамына жеткізбей, жасанды жолмен, қазіргідей қиын жағдайда ұлттық қордан ақша аудара беру – қатені қатемен «түзеу» сияқты.

Сондықтан экономиканы жаңаламай, үкімет соған белсенді кіріспей, бір ұлттық банкті сынай беру жөн болмаса керек. Сонымен қатар, биліктің ұлттық валютамызға қатысты соңғы қаржылық саясаты – теңгені еркін қалқуға жіберуін дұрыс емес дей алмаймыз. Салыстырмалы түрде алғанда арнайы дәлізде ұстап, жасанды түрде «тұрақты» ұстау үшін миллиардтаған теңгені далаға жібергеннен гөрі соңғы саясаты дұрысырақ…

Алдағы уақытта теңгенің құнын жасанды түрде ұстап тұруға ұлттық қордан ақша жұмсауды қауіпсіз деңгейге дейін азайтқан абзал деп санаймыз. Өйткені, теңге бәрібір құлдырау түбіне жақындады ғой!

1 АҚШ долларына шаққанда жыл бойы айына 83%-дай құлдыраған ұлттық валюта

 Алғашында ұлттық валютамыз 1 АҚШ долларына шаққанда 4,7 теңге тұрған болатын. Елдің еңсесін көтере келген теңге, бұл бағамда бір ай да тұра алмады. Әділдік үшін… Айналымға енгеннен кейінгі бір жыл ішіндегідей, кейінгі уақытта теңгеміз құлдырап көрген жоқ. Мысалы, 1993-жылдың желтоқсанында ұлттық валютамыз 1 АҚШ долларына шаққанда 5,82-ге дейін төмендеді. Пайызбен есептесек, 19,5%-ға құлдыраған. Ал, 1994-жылдың қарашасында ұлттық валютамыз 1 АҚШ долларына шаққанда 51,02-ге дейін төмендеген! Демек, бір жыл ішінде 10 еседен аса құлдыраған (51,02-ні 4,7-ге бөлсеңіз)! Шартты түрде алып, бір жылға бөлсек, 1 АҚШ долларына шаққанда теңгеміз әр ай сайын тұрақты түрде 83,3% құсызданған болып шығады. Соңғы 23 жылда мұндай құлдырау болған жоқ дегеннің сыры осында. Әрине, болмай-­ақ қойсын!

Соңғы он жылда теңгеміз халықаралық валюта – АҚШ долларына қатысты алғанда, қаншалықты құнсызданды? ҚР Ұлттық банкінің мәліметтеріне сүйене отырып, соңғы он жылдың қараша айындағы көрсеткішті негізге алып салыстырайық.

2007-жыл, қараша. 1 АҚШ доллары – 120,69 тг;

2008-жыл, қараша. 1 АҚШ доллары – 120,06 тг;

2009-жыл, қараша. 1 АҚШ доллары – 149,92 тг;

2010-жыл, қараша. 1 АҚШ доллары – 147,5 тг;

2011-жыл, қараша. 1 АҚШ доллары – 147,85 тг;

2012-жыл, қараша. 1 АҚШ доллары – 150,52 тг;

2013-жыл, қараша. 1 АҚШ доллары – 153,41 тг;

2014-жыл, қараша. 1 АҚШ доллары – 180,87 тг;

2015-жыл, қараша. 1 АҚШ доллары – 302,27 тг;

2016-жыл, қараша. 1 АҚШ доллары – 339,05 тг;

2017-жыл, 15-қараша. 1 АҚШ доллары – 332,86 тг;

Әлі қараша бітпегесін, соңғыға ҚР Ұлттық банкінің осы айдың 15-іне бекіткен валюта бағамын алдық.

2007-2017 жылдардың қараша айындағы теңге көрсеткіші осындай. Дегенмен, сол уақыттың ішінде 2015, 2016 жылдар елге оңай болмады. Ұлттық валютаның құны 1 АҚШ долларына шаққанда алғаш рет 300-дің үстіне шығуы 2015-жылы болған еді. Ал, теңгенің 1 АҚШ долларына шаққанда ресми бағамдағы әзірге ең төмен құлдырауы былтыр болды. Сол уақытта, яғни, 2016-жылдың қаңтарында 1 АҚШ доллары 383, 91 теңгеге жетті. Қазіргі дейінгі антирекорд.

Шетелдік валютада ашылған депозитке 1%-дық үстеме қою – теңгені төрге шығара ма?..

 Биылдың 1-желтоқсанынан бастап, шетелдік валютада ашылған депозитке қойылатын үстеме 1%-ға дейін төмендемек. «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» осындай шешімге келгені туралы жақында хабарланды. Бұл қор ҚР Ұлттық банкінің еншілесі болып саналады. Демек, ҚР Ұлттық банкінің қаржылық саясаты.

Бұл теңгені төрге шығара ма?.. Теңгеге деген сұранысты арттыруы мүмкін бе? Қолында АҚШ валютасы бар жұрт ағылып келіп, банкке қарай долларды домалатады дегенге сену қиын. Әрине, әсері қалай болары алдағы уақытта айқындала жатар. Дегенмен, ҚР Ұлттық банкінің бұл шешімінде бірнеше себеп бар сияқты. Біріншіден, Ресей банктерінде орын алған доллар тапшылығы біздің банктерде де байқалғандай. Екіншіден, жыл аяғында шетелдік компанияларға АҚШ долларымен есеп айырысу кезінде, теңгенің күрт төмендеуіне жол бермеудің алдын алу болуы мүмкін. Егер, осындай себептерден болса, ұзақмерзімді, жақсы бір қаржылық саясат деп санау қиын. Теңгеге деген жұрттың сенімін арттыруға аса бір пайдасы тие қоймайтын секілді. Керісінше, 1%-дық үстемеге түсіру – қалың жұрт ішінде: үкіметте доллар тапшылығы орын алған, демек, қымбаттауы мүмкін деген ойды туындатып, сұранысты арттырып жіберуі де ықтимал. Ал, кей адамдар: 1%-дыққа салғанша, одан да жамбасымды «жылытқаны» жақсы деуі мүмкін т.б. Демек, «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» осындай шешімі, керісінше, АҚШ валютасының құнының одан сайын жоғарылап, ықпалының арта түсуіне өз әсерін тигізетіндей.

Сөз реті келгенде қоса кетейік, егер екінші дәрежелі банк жұмысын мәжбүрлі жағдайда тоқтатса, «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» сол банкте ұлттық валютада ашқан салымшылардың 10 миллион, ал, шетелдік ақшада депозит ашқандардың 5 млн теңгесіне дейін қайтарып беруге кепіл береді. Теңгеде ашқандарға кепілдік екі есе жоғары. Ал, депозитті теңгеден ашса, 14% үстеме бар. Өкініштісі сол, осы екі қолдау да, әзірге, ұлттық валютаның құнының артуына аса бір сеп болып тұрған жоқ. Мысалы, биылғы қаңтар-сәуір айларында валюта айырбастау орындарында $2,7 млрд. сатылған. Ал, былтырғы жылдың сондай уақытында 2,6 млрд. АҚШ доллары сатылыпты. Биыл қаржылық жағдай біршама тұрақталды дегеннің өзінде АҚШ долларына сұраныс, керісінше, артқан.

Әзірге теңгеге қысым, ұлттық валютамыздың сыртқы факторларға тәуелділігі аз емес. Азаятыны да байқалмай отыр. Біріншіден, мұнайға тәуелділік. АҚШ долларының үлкен ағыны осы саладан келетіні белгілі. Сондықтан да теңге мұнай бағасының қымбаттай түсуіне мүдделі. Экономиканы әртараптандыру туралы аз айтылмады. Бірақ, әлі де үлкен нәтижелі емес. Екінші. Рубль құнының әсері. Егер, Ресейде доллар тапшылығы артса, санкция күшейсе, мұнай бағасы осы шамада тұрғанның өзінде, рубль қайта құнсыздана бастамақ. Ал, бұл теңгені де өзімен бірге төмен сүйрейді. Бұл үшін Ресейге деген орасан импорттық тәуелділікті төмендету керек. Ал, бұған қазіргі Қазақстан билігінің шамасы жетуі екіталай. Осал жерімізді білетін ресейлік билік те қарап жатпас… Үшіншіден, біздің сыртқы қарызымыз $ 167 миллиардтың үстіне шықты. Енді мұны жыл сайын өтеу көлемі де азаймасы анық. Егер, қарызды қайта қарап, қайтару мерзімін создыруға шама келсе, жақсы… Ал, қарызды АҚШ долларымен қайтарған сайын, соған сұраныс артып, теңгені қосымша қысады. Төртінші. Әбден жайылған жемқорлық, парақорлық. Шартты түрде алғанда, олар шамамен $ 3 миллиардтың үстіндегі елдің қаржысын ұрлайтыны жазылды. Бұл да теңгеге өз қысымын жасап отыр. Басқа да себептер бар.

Теңгенің дүниеге келгенінен қазіргі дейінгі кейпі, өткен жолы осындай. Бәлкім, қысқаша тарихы осындай деген жөн болар. Не көрмедің төртбұрышты да дөңгелек пішінді ұлттық валюта… Көрсетпегені де аз емес­-ау. Теңгенің емес… Сонда да жақсылықтан үміт етейік.

ТЕҢГЕ ТУРАЛЫ МӘЛІМЕТ

  1. 15.11.1993ж. Ұлттық валютамыз – теңге айналымға шықты;ң 
  2. Қағаз ақша Англияда басылса, тиын Германияда соғылды;
  3. Алғашқы кезде 1 АҚШ доллары шамамен 4,7 теңге тұрған;
  4. 1994-2003жж. аралығында 500, 1000, 2000, 5 000, 10 000 теңгелік банкноттар шықты;
  5. 2015-жылы 20 000 теңгелік банкнот айналымға шығарылды;
  6. 1999-жылдың сәуір айында теңгенің алғашқы рет бірден құнсыздануы орын алды;
  7. 15.11.1993-15.11.2017 жылдар аралығында ұлттық валютамыз $1-ға шаққанда 4,7-ден 332,86 теңгеге дейін құлдыраған, яғни, 70, 8 есе құнсызданған;
  8. Девальвация және еркін айналым, қалқу болған жылдар – 1999, 2009, 2014, 2015;
  9. Ұлттық валютамыздың 1 АҚШ долларына шаққанда ресми бағамдағы ең төмен құлдырауы 383,91 теңге (22.01.16ж.) болды.

Құрманғали Нұрғали, журналист

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0