Журналистер біліктілігін арттырған семинар

Үстіміздегі жылы тамыздың 10-11 еліміздің әр өңірінен келген қалам қарымды журналистер «Әлеуметтік журналистика: БАҚ-тағы әлеуметтік мәселелер» семинар-тренингінде бас қосты. Шараға қатысушылар білгені көп болғанымен, әлі де үйренуге ниет бар екендігін байқатты. Уақыт бір жерде тұрмайды. Масс-медиа саласында оң өзгерістер көп, оларды бір күнде ұғып алу оңай емес. Яғни, заман талабымен әлі де болса бірге жүрудің міндеті тұр. Ал әлеуметтік журналистиканы дамыту үшін эволюция қажет емес, тек кез-келген тақырыпты тереңінен қозғап білудің сырын үйренсеңіз жетіп жатыр. Шараға қатысқан журналистердің дені осындай ой түйді.

Семинар-тренинг сан саланы қамтыды. Әсіресе телеарналардағы журналистік этика, адами құндылықтар, бағдарлама дайындау барысында автордың рөлі, ақпарат жинау және өңдеу, мәтін мен стендап жазудағы ескеретін жайттар, журналистің қауіпсіздігі мен ықпалы туралы айтылды. Сонымен қатар журналистерге қойылатын қазақстандық және халықаралық стандарттар, жалған ақпарат таратумен күресу, деректердің дұрыстығын тексеру, тролль мен фейктер, БАҚ-тағы және әлеуметтік желілердегі агрессия, жеке пікір мен hate speech айырмашылығы түсіндірілді. Журналистер ұялы телефондарына жедел ақпарат таратуына көмектесетін қосымшаларды жүктетіп, аудио-видео монтаж жасаудың қыр-сырын үйренді.

Еліміздегі әлеуметтік мәселелерді қозғайтын «Қарекет» бағдарламасының продюсері Самал Мейрамқызы отандық телеарналардағы әлеуметтік тақырыптар: бағдарламаларды талдау, резонанс тудыру, журналистің ықпалы, әлеуметтік журналистиканың этикалық нормалар мен журналистің рөлі жайлы тәжірибесімен бөлісті.

Медиа-тренер Айбар Қасен аудио және видеокасттар, PicMotion, WavePad Audio Editor, Ustreem, аудио монтажға көбірек көңіл бөлді. Сондай-ақ, интернет журналистика: сайттарға мақала, аудио мен видео жүктеу, фотошоп, сайттарға сурет жүктеу, Digital медиаға қатысты аудио-видео монтаж, қосымшалармен жұмыс істеу туралы кеңінен түсіндіріп өтті.

Айта кету керек, Fake news, troller, fact-checking және т.б. құқықтық стандарттар туралы да бірқатар пайдалы кеңестер берілді. БАҚ қоғамдық пікір қалыптастыратынын ескерсек, ақпаратты сауатты тарату мәселесі өзектілігін жоғалтқан емес. Бұл ретте медиа-тренер Халида Әжіғұлова сотқа тартылмау үшін өз қателіктерімен жұмыс жөнінде дәріс оқыды. Яғни, қазақстандық құқықтық стандарттарға көбірек көңіл бөлуге шақырды. Сонымен қатар әлеуметтік мәселелер және жалған хабарлар (fake news), сақтауға міндетті этикалық қағидалар, зиянды ақпараттар дайындайтын дереккөздер (troller), деректерді тексеру (fact-checking). Сондай-ақ БАҚ-та және әлеуметтік желідегі жеке бастың қауіпсіздігі мен құпиясы, анонимдікті сақтау, журналистік этика, журналистердің қызметін реттейтін халықаралық және қазақстандық құқықтық стандарттар, БАҚ пен әлеуметтік желілердегі агрессия туралы кеңінен түсіндіріп өтті. Айта кету керек, Халида ханым тәжірибелі заңгер, Біріккен Ұлттар Ұйымында жұмыс жасаған. Айтпақшы, бұл оның қазақ тілінде дәріс оқыған алғашқы дебюті. Көбіне орыс және ағылшын тілдерінде еркін  сөйлейтін ол, мемлекеттік тілде де өз ойын еркін жеткізе білді.

Семинар барысында Digital media туралы көбірек сөз қозғалды. Мәселен, “ULYS” журналы туралы медиа-тренер Ержан Қалыбай сөз алды. Ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдар беретін мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған және сараптамалық, танымдық мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді. Негізгі тілі — қазақ тілі. Сонымен қатар, түркі тілдерінде де ақпарат таратып тұрады. Ақпарат агенттігі аясында қазақ тілді жас сарапшылардың жаңа толқынын қалыптастыру, Орталық Азия және Түркі әлемі сарапшыларының ақыл-ой алаңына айналдыру да мақсатта бар. «ULYS» атты Қазақстанның тұңғыш цифрлық журналының да сараптамалық, танымдық материалдарын тұрақты түрде беріп отырамыз деп сендірді медиа-тренер.

Ал семинарға қатысқан журналистер үйренгеніміз аз емес, бірақ әлі де болса үйренеріміз көп деген пікірде.

«Меніңше семинар-тренинг пайдалы болды, себебі үйренгеніміз көп. Осындай тамаша мүмкіндік сыйлаған және маңызды шаралардың ұйытқысы болып жүрген “Түркітілдес журналистер қоры” ҚҚ президенті Нәзия Жоямергенқызына алғысымды білдіремін. Бұл семинарға қатысу маңғыстаулық журналистерге де бұйырғаны қуантты. Өңірлерден ат артып келген әріптестермен таныстық. Қатысушылардың қатарында тек журналистер ғана емес, баспасөз хатшылары да болды. Осындай керемет мүмкіндік сыйлаған «Түркітілдес журналистер қоры» қоғамдық қорына және «Chevron» компаниясына алғыс білдіремін», – семинарға қатысушы журналист Кәмшат Ізбасарова.

Айта кету керек, семинар кезінде журналистермен кездесуге келген қайырымдылық қорларының өкілдері аз болмады. Әсіресе «Шеврон» компаниясымен қоян-қолтық жұмыс жасап жатқан серіктестер көп екендігіне көз жетті. Соның бірі – «Аяла» қайырымдылық қоры. Ал қор президентінің кеңесшісі Салтанат Әскербекқызы әлеуметтік мәселелерге көбірек көңіл бөлінген дұрыс болар еді деген сенімде. Оның пікірінше, әсіресе әр азамат кішкентай баланың өмір сүруге толыққанды құқығы барын сезіне білуі керек және балаларға қамқорлық жасай білген абзал дейді. Сондай-ақ, өзгенің өмірін талқылаудан бұрын, алдымен өзінің өмірінің қалай өтіп жатқандығына көңіл бөлген жөн. Қайырымдылық жасау дегеніміз белгілі бір кәсіпорынды жарнамалау емес, керісінше тараптардың ашықтығын көрсету. Бұл ретте «Аяла» қордың миссиясы – елімізде қайырымдылық мәдениетін және дәстүрін дамыту. Қор қызметінің негізгі бағыттары денсаулық сақтау және білім беру саласындағы мемлекеттік балалар мекемелеріне көмек көрсету болып табылатынын жеткізді.

Айтпақшы, өздерінің тәжірибесімен бөлісіп, семинарға қатысушылардың сұрақтарына жауап берген медиа тренерлерге де құрмет көрсетілді. Семинар соңында қатысушыларға сертификаттар тапсырылды. Алда күзде Алматы шаһарында медиа-форум өткізілмек. Сондай-ақ, қаржы тақырыбына арналған «Еркін сөз» шығармашылық  байқауының жеңімпаздары марапатталмақ.

НҰРБОЛ  ҚОНЖАР, ҚР Журналистер Одағының мүшесі

Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0