Қытай: жарлы ел жалтырап, жалпақ әлемге жайылды…

Қытай: жарлы ел жалтырап, жалпақ әлемге жайылды…

Қытай халық республикасының құрылғанына 70 жыл. Тарихы тереңде жатқан бұл ел өткен ғасырда жапондардың езгісінде болды. АҚШ та әскери жағынан ықпал етті. КСРО-­ның қамқорында да ұсталды. Бір ғана КСРО Қытай елі құрылған 10 жыл ішінде 304 кәсіпорын салып берген екен. Жүздеген миллион қарыз бергені тағы бар. Сөйткен Қытай қазір, КСРО­-ның мұрагері саналатын Ресейге қаржылық та, үздік техника мен технология бойынша көмек беретін деңгейде. Қазіргі Қытай әлеуметтік те, экономикалық та, әскери де жағынан іргелі елге айналды. Жарты ғасыр бұрын ЖІӨ бойынша әлемдік ондыққа сығалай алмай тұрған ел, қазіргі күні екінші орынға әбден жайғасты. Жеңіл де, ауыр өнеркәсіп те бұл елдің оң жамбасына түсіп келеді.

Енді бұл елдің әлемдегі орнына аз-маз сипаттама…

  • Әлем елдері ішінде ЖІӨ бойынша 2-орында;
  • Әскери бюджет – 2-орын ($230 млрд.)
  • Автокөлік жасау – 1-орын;
  • Мобильді телефон – 1-орын;
  • Кеме жасау – 1-орын;
  • Миллиардерлер саны бойынша 2-орын;
  • Аяқ киім – 1-орын;
  • Алтын қоры – 6-орын (1936,5 тонн);
  • Шетелдік туристердің саны бойынша 6-орын.

Ноутбук, кондиционер т.б. жасаудан алдыңғы орында. Қытай ақшасы – юань халықаралық валютаның бірі болды. Қытайдың жетістіктерін тізсең осылай кете береді. Көптеген салалар бойынша даму үстінде. Ғарышты игеруде де жетістіктері аз емес. Жарты ғасыр бұрын жарлысы көп ел, екі апта сайын миллиардер шығара алатын мемлекетке айналды. Кешегі кедей ел қазірде өнімдерін, техникасы мен технологиясын жалпақ әлемге жайылтуда… Кезінде XXI-­ғасыр Жапонияныкы болады дейтін пікір бар болатын. Сөйткен Жапонияны жаңа ғасырда Қытай артқа тастады.

Осындай үлкен жетістіктерге жетіп жатқан елін Қытай басшысы Си Цзиньпин тіпті желпінтіп жіберді. Ол елінің 70 жылдығы мерекесінде Қытай халқын ешқандай күш тежей алмайды деп салды.

Бұл ел 70 жыл ішінде территориясын да кеңейтті. Кезінде КСРО-мен арада 1969-жылы болған Даманский әскери қанды қақтығысында Қытай шегінгенімен, ақыры аралды алды. Біздің ел де территориядан шегініс жасағаны белгілі. Гонконг қайтты. Әрине, саясаи жүйесіне қайтқан жоқ…

Қытайдың тоталитарлы саяси жүйесі әрі қарай да экономикалық табысты дамуына жол аша ала ма?.. Соңғы айлардағы Гонконгтың қарсыласуының өзі Қытайға аз емес. Бір Гонконгтың өзі Қытайды шайқалтуы мүмкін. Құлатпаса да. Себебі, Қытайға тартылар капиталдың шамамен 70%-ы осы шағын ғана ел арқылы өтеді. Қытайдың тікелей инвестициясының жартысынан астамы  әлем елдеріне Гонконг арқылы тарайды. Ал, гонконгтықтар демократияны, адам құқығы құндылықтарын тоталитарлы экономикалық дамуға айырбастамайтындығын Қытай билігіне қарсыласу арқылы көрсетуде…

 Құрманғали Қалмахан, журналист

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0