Астана – бас қала. Олай болса, оқтай түзу көшелері және тақтайдай тегіс жолдарымен ғана емес, тазалығымен де, басқа өңірлерге әлдебір үлгі көрсетіп тұрса, атына жараса түсер ме еді.
Өкінішке қарай, қаланың күнделікті өмірімен таныс тұрғындар, экологиялық сауатын, қоғамдық мәдениетін, жұқалай жазғанда, көтеруді қажет ететін адамдарды аз кездестірмесе керек. Кей адамдар қоқысын қасындағы арнайы жәшікке да тастамайды. Көшенің барлығын тұтастай қоқыс жәшігі санай ма, кім білсін…
Басталғанына көп болмаған “Таза Қазақстан” қалың жұрттың экологиялық мәдениетін арттырса, қанеки…
Елорданың, әрине, тазалығына жауапты мекемелері де бар. Жергілікті тұрғындардың күнделікті сыртқы өміріне әсер ететін тазалық жұмыстарымен айналысатын сондай мекеменің бірі – Астана Тазалық. Соған сәйкес, аталған мекеме басшысының орынбасары Ерлан Қалымовтан сұхбат алған едік…
– Бүгінгі күні «Астана Тазалық» елорданың қай аумағын қамтиды? Техникалық базасы қандай деңгейде?
– «Астана Тазалық» қаламыздың ұзындығы 454 шақырым болатын 224 көшесінің тазалығына жауапты. Елорданың шамамен бұл 40% аумағы. Қазіргі таңда 380 дана техниканы қыс уақытында пайдалануды жоспарлап отырмыз. Соның ішінде көшелер мен жаяу жүргіншілер жолын сыпыратын, қар тазалайтын көліктер, грейдерлер және т.б. бар. Кейде сырттан қосымша көліктерді жалға алады.
– Биыл аталмыш мекеменің құрылғанына 16 жыл толыпты. Олай болса, осы уақыт аралығында, астаналықтардың тазалық мәдениеті қаншалықты өсті не төмендеді деп ойлайсыз? Тұрғындар тарапынан, ластаудың, қоршаған ортаны бұзудың қандай түрлерін күнделікті жұмыстарыңызда жиі байқайсыздар?
– Иә, біздің мекемеге биыл 16 жыл толып отыр. Адамдардың сана-сезіміне келсек, тазалық мәдениеті әлі жөнді қалыптаспаған деп айтуға болады. Мысалы, автокөлікте келе жатып, көрінген жерге терезесінен қоқысты лақтыра салады. Жол жиегіндегі қоқыстар да содан хабар береді. Сондай-ақ, көпқабатты үйлердің ауласында, арнайы қоқыс жәшігіне салмайтын оқиғалар жиі кездесіп тұрады. Тағы бір қоса кетерлік жәйт, қала әлі қалыптасып жатқасын, құрылысы да қарқынды. Тиісінше, солардың ластауы да жұмысты көбейтіп жатыр.
Елорда үлкейген сайын, жұмыс ауқымы да кеңеюде. Қоятын талаптар да көбеюде. Мұның ішінде мекемеде жұмыс істейтін адамдардың біліктілігін арттыру да бар. Биылдан бастап, кәсіби білімін, ұжымдық, қоғамдық жауапкершіліктерін күшейте түсу мақсатында, түрлі курстарға қатыстырдық.
– Экологиялық сауаттылықты, қоғамдық мәдениетті көтеру үшін қандай шаралар жасау қажет деп санайсыз?
– Біріншіден, құрылыс компанияларына, өздері салып жатқан көпқабатты үйлердің ауласынан шықпай тұрып, көліктерінің дөңгелектерін тазалап алатын орындар қойдыруымыз тиіс. Ал, ауладағы қоқыс жәшіктерінің қасына бейнебақылау орнатып, дұрыс тастамағандарға айыппұл неғұрлым көбірек салса, соғұрлым тұрғындардың жауапкершіліктері де арта ма деп ойлаймыз. Көшелердегі бейнебақылауларды күшейтіп, айыппұлдарды көбейтсе, меніңше, өте жақсы тәжірибе болады.
– Жұмысшылардың орташа жалақысы неше теңге? Олардың дені қандай әлеуметтік ортадан?..
– Біздің басты құндылығымыз – жұмысшыларымыз. Сондықтан да олардың әлауқатына, тұрмыстық жағдайына көп көңіл бөлеміз. Бізде әлеуметтік пакет қарастырылған. Жалақыны уақытында төлейміз. Айлық еңбекақы да төмен емес. Қатардағы жол тазалаушылардың жалақысы 250 мың теңгеден басталады. Ал, мықты деген автокөлік жүргізушілері 800-900 мың тг дейін алады. Әрине, атқарған шаруасына, жұмыс сағатына, разрядтарына, қандай техника жүргізетініне байланысты. Жылда сыйақылар беріледі. Сонымен қатар, 1-қарашадан бастап, тегін ыстық тамақ беріп келеміз. Баспаналары болмаса, жатақханаға орналастырамыз. Әкімдікпен бірге онға жуық пәтер таратайық деп жатырмыз. Киімдері тегін. Interteach медициналық компаниясымен келісе отырып, мекемемізде арнайы кабинет аштырдық. Жұмысшылардың ем-домы үшін. Спорт жағына да көңіл бөлеміз.
– Шетелдік жұмысшылар (мәселен, Орталық Азия елдерінен және орыс-украин соғысы басталғаннан бері келген ресейліктер) сіздерде бар ма? Бар болса, үлесі неше пайыз?
– Шетелдік жұмысшылар жоқ. Барлығы қазақстандық. Қазақтар. Жергілікті тұрғындар. Біразы көрші ауылдардан. Олардың тасымалы тегін.
Қала тұрғындары жол сыпыруға келіп жатқан жоқ. Жұмысы ауыр дейтін шығар: таңертең ерте тұру қажет, қар тазалайды. Мұның үстіне жолдың бойында тұрады, содан ұялса керек. Әдетте, қалалықтар бұл жұмысты істегісі келмейді. Біз де соған орай, жұмысты тартымды етудеміз.
– Сіздердің мекемеде адамдардың жұмысқа деген құлшынысын не арттырады?
– Біздің мекеменің жұмысын әр адам атқара алмаса керек. Қыста апта бойы боран соғады. Тізеден қар жаууы да мүмкін. Мұндайда күндіз-түні жұмыс істеу керек. Әркім бұған шыдай алмайды. Осыған қарамастан, коммуналдық мекемеде 15-20 жыл бойы жұмыс істеп келе жатқандар бар. Олар бір отбасы секілді үйреніп кеткенін айтады. Басқа жұмысқа ауысқысы жоқ. Сонымен қатар, бұл саланың жұмысы ауыр болғанымен, нәтижесі адамның көз алдында тұрады. Соған сәйкес, мақтау естіп, алғыс та алып жатады.
– Қарашадан бастап алғанда, қардың жауу қалыңдығы, мөлшері қандай болып жатыр?
– 7-қарашадан бастап жауған қардың көлемі айлық орташа деңгейден асып түсті. Бұл айдағы орташа норма, әдетте, 29 мм. Ал, өткен бір аптада 34 ммден асатын қар жауды. Сондықтан жұмыс әлден қызып жатыр. Төрт жүзден аса техника шаруа басында. Мұның ішінде кемі 120 көше сыпыратын көліктер бар. 26 техника жаяу жүргіншілер жолын тазалауда.
Бар болғаны, 7-18-қарашада қала сыртына 100 мың кубтан аса қар шығарылды. Күніне бес жүзден аса көше тазалаушылар жұмысқа түседі. Бұған қоса, кемі 700 жүргізуші тағы бар. Олар екі мезгіл, тәулік бойы жұмыс істейді.
– Қызмет көрсету жұмыстарын жақсарту, қаланы таза ете түсу мақсатында, шетелдік әлдебір озық үлгілерді (техникада, технологияда т.б.) қолданасыздар ма немесе жоспарда бар ма? Бар болса, қандай?
– «Астана Тазалық» мекемесі отандық немесе шетелдік болсын жаңа техникаларды қолдануға тырысады. Қазіргі таңда біз шетелдік техникаларды да сатып алудамыз. Мұның ішінде Mercedes және CGS-тің жол сыпыратын көлігі де бар. Жыл басында сондай техниканың бесеуін алдық. Енді тағы бесеуін алайын деп отырмыз. Бұл машиналар қуаттылығымен, еңбек өнімділігімен ерекшеленеді. Одан басқа қар лақтыратын, тиейтін автокөліктер аламыз.
Сонымен қатар, техника ғана емес, технологияға да мән берудеміз. Соған сәйкес, Nazarbayev университетімен бірге жұмыс істеудеміз. Мәселен, аталған оқу орнының профессорларынан, АҚШ-та, Еуропада қолданылатын тайғаққа қарсы химиялық қоспаны қалай жасауды үйреніп жатырмыз.
Қоса кететін тағы бір жәйт, Германия, Италия, Швейцария секілді дамыған мемлекеттермен тәжірибе алмасуды жолға қоюдамыз. Халықаралық компаниялармен ынтымақтастық орнатып, ілгерілемек үшін түрлі іс-шараларға да қатысудамыз.
– Мекеменің алдағы жоспарларымен бөлісіп кетсеңіз…
– Біз жергілікті әкімдіктің тапсырысымен жұмыс істейміз. Олардың көмегі өте зор.
Дегенмен мәселе де бар. Өз техникамыз жетіспейді. Парк те жаңа емес. Соның кесірінен көліктер бұзылып қалып жатады. Осы жағдайларды алдағы уақытта жақсартсақ дейміз.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Құрманғали Қалмахан
ПІКІРЛЕР